Ақпараттық портал

«Шаруалармен жұмысты ширату керек»

Осы аптаның басында аудан әкімі Б.Жәнібековтың жетекшілігімен аудандық аппараттық кеңестің отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде 2025 жылдың көктемгі суару кезеңіне дайындық барысы және алдағы жоспарлары мен «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің алдағы суару кезеңіне дайындығы және осы бағытта алда атқаратын жұмыстар мәселесі қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков баяндап өтті. Оның айтуынша, Шу ауданы бойынша жалпы 149 724 гектар егістік жер бар. 2025 жылдың өніміне 87,576 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырылу жоспарланып, былтырғы жылмен салыстырғанда 14,396 мың гектарға арттыру көзделген. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктері тарапынан ұсынылған мәліметке сәйкес 2025 жылдың өніміне егілетін егіс көлемінің жоспары аудан бойынша 54 212 гектарды құрап отыр.
-Аудан бойынша 2025 жылдың өніміне 87,576 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру мақсатында әр ауылдық округтің суармалы жеріне қарай жоспар дайындалды. Биыл облыс тарапынан су үнемдеу технологияларын 13,8 мың гектарға енгізу жоспары бекітіліп отыр. Оны орындау мақсатында Ақсу а/о-500 га, Көкқайнар-480 га, Ескі-Шу-3100 га, Жаңа жол-2650 га, Бірлікүстем-2480 га, Қонаев 350 га, Жаңақоғам-150 га, Балуан Шолақ-500 га, Төле би-350 га, Алға-2890 га, Далақайнар-350 га орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде жалпы көлемі 149 724 гектар егістік жер бар. Еншіміздегі жылдың өніміне 87,576 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленіп, былтырмен салыстырғанда 14,396 мың гектарға арттыру көзделді,-деді Қайсар Қоныспайұлы өзінің баяндамасында.
Бұдан кейін аудан басшысы көктемгі егіс пен суару маусымы ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Былтырғы жұмыстың қарқынын үдетіп, алдағы шаруаларға аса ыждағаттылықпен кіріскенін абзал санады. Одан бөлек, шаруалармен тығыз байланыс орнатып, игерілмеген жерді мемлекетке қайтаруды дер кезінде жүргізуді тапсырды.
Сөз кезегін алған «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Б.Кзылов «2024 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындысы мен 2025 жылғы вегетациялық маусымға әзірлік барысын баяндап өтті.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда Тасөткел су қоймасындағы судың көлемі – 318,6 млн м3. Ал судың қоймаға түсуі – 86,5 м3/с, судың экологиялық мақсатта тасталуы – 75,0 м3/с, күнделікті судың жиыны – 1,0 млн м3 құрайды.
– «Тасөткел су қоймасы» ӨБ 2024 жылы Шу ауданы шаруа қожалықтарымен 18 008 гектар жерге 745 екіжақты келісімшарт жасады. 2025 жылғы вегетациялық маусымда бұл көрсеткішті 25 000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Былтыр Шу ауданындағы шаруа қожалықтарына вегетация маусымында 84 101 538 текше метр су көлемін жеткізіп, қызмет көрсетілді. Биылғы вегетациялық маусымда бұл көрсеткішті 140 млн. текше метрге жеткіземіз деген жоспар бар, -деді баяндамашы.
Басқосу соңында Бақытжан Оразалыұлы аппараттық кеңесте ауқымды мәселелер көтерілгенін тілге тиек етіп, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды барынша ақпараттандыру қажеттігін алға тартты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.