Ақпараттық портал

Жол инфрақұрылымын жақсарту – басты міндеттердің бірі

Мемлекет басшысы былтырғы ақпанда өткен ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында көптеген маңызды міндеттермен қатар инфрақұрылымды дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгілеп берді. Сонымен қатар Президент қатынас құралдары мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмысын екпін беру керектігін атап өтіп,логистика мен көлік коммуникацияларын жаңғыртуды мақсат етті.

Осыған байланысты, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – жол инфрақұрылымының жағдайы екені белгілі. Тұрғындарымыздың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бұл салаға біз ерекше көңіл бөліп, жыл сайын ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз.

Бүгінде Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы   844,82 шақырымды құрайды. Оның ішінде: Республикалық маңызы бар жолдар    – 118 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 112,1 шақырым ,аудандық маңызы бар жолдар – 71,72 шақырым болса,  543 шақырым ішкі көше жолдарының еншісінде.

Жол сапасын жақсарту мақсатында былтыр 28 жоба жүзеге асырылып, 92 көше жөнделді. Барлығы 65 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыстарға         2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 41,1%-ға артқанын атап өткен жөн.

Одан бөлек, аудандық маңызы бар кіреберіс жолдардың 10 шақырымы жөнделіп, 436,7 миллион теңге игерілді. Бұл қаржы 50/50 паритеті негізінде (облыстық бюджет – 218,364 млн теңге, аудандық бюджет – 218,364 млн теңге) бөлініп, тиімді пайдаланылуда.

Ауылдық елді мекендердегі жол сапасын арттыруда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының берері мол. Аталмыш бағдарлама аясында  өңірде 11 жоба жүзеге асырылып, ұзындығы 26 шақырымды құрайтын көше жолдары жөнделді. Жөндеу жұмыстарына 834,7 миллион теңге қарастырылды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында 480 жол белгісі орнатылып, 20 жасанды жол кедергісі қойылды.

Ел игілігі жолында еңбек биыл да жалғасып, жол инфрақұрылымын дамытуды қолға алынбақ. Мәселен, 2024 жылдың ақпан айында басталған Меркі – Шу – Бурылбайтал тасжолының 18 шақырымдық жөндеу жұмыстары осы жылдың маусымында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Шу – Қайнар» автожолының 0-56 шақырымдық бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жоғарыда аталған жұмыстардың түпкі мәнінде жолаушылар мен тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өмір сапасын жақсарту мәселе тұр. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, тұрғындардың басты талаптарын орындауға әрекет ететін боламыз.  Себебі, сапалы жол – өңірдің экономикалық өсімі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың аспектісі болып қала бермек.

Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.