Төл жоба театр төрінде
Атақты Архимед өзінің бір даналығында «Махаббат – күн сайын дәлелдеуді талап ететін теория» десе, Абай хәкім «Махаббатсыз дүние бос» дейді. Сайып келгенде, сезімнің толқындары бір арнаға тоғысқанда ғана махаббаттың анықтамасы алдымыздан шығады. Күнделікті күйбең тірлікте кездесетін түрлі сынақта сүйдім, күйдім дегендердің ішкі іңкәрлігі де сыналатыны сөзсіз. Ал сол сезімнің солғын тартқан кездерінде терапия керек. Әсіресе, махаббат терапиясы ауадай қажет.
Мұндай маңызды мезеттерді назардан тыс қалдырмаған Шу аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өткен жылдың соңынан бастап «Махаббат терапиясы» атты музыкалық һәм драмалық кешті қолға алған болатын. Әуелгіде аудандық мәдениет ошағында екі мәрте, Балуан Шолақ пен Шоқпар ауылдарында бір-бір мәрте өткізілген кеш көрерменнің көңілін бірден баураған сыңайлы. Оны кеш соңында соғылған шапалақтан, сан жанарлардан аққан мөлдір тамшыдан, ағылып келген адамдардан аңғардық.
Қоғамның мұңын, сезімнің сырын шертетін муздрамалық кеште мазмұны кең тақырыптар қозғалып, музыка тілінде, монолог түрінде көрермендердің жүректеріне жетіп жатты. Бірыңғай жастардан құралған труппада ағалық қолдау көрсетіп жүрген Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Іңкәрбековтың болғанына бек қуандық. Себебі тәжірибелі маман жастарға дем беріп, керек кезде кеңесін де аямайды.
Қазіргі таңдағы өзекті тақырыпты талғажау еткен труппа айналасы бір-екі сағаттың ішінде көрерменін ұйытып, алуан эмоция сыйлап жүр. Әрбір кешке ерекше дайындық жасайтынын да зор жауапкершілікті сезіне білетіндері деп топшыладық.
Бұған дейін бірнеше рет өнер көрсетіп, бағдарын анықтаған жерлестеріміз жуырда ғана Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Махаббат терапиясын» назарға ұсынды. Сала мамандары алдынан өтуді, ақ батасын алуды көздеген жастар бұл жолы да өз биігінен көрініп, әулиеаталық әлеуметтің қошеметіне бөленіп қайтты.
Шу ауданы әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев бастап, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаева қоштап барған өнер сапарында халықтық шығармашылық орталығының ұжымы, театр әртістері мен филармония басшылығы, өзге де өнерсүйетін қауым назарына вокалды аспапты ансамбльдің сүйемелдеуінде жанды дауыста әндер, салмақты сахналық қойылымдар ұсынылды.
Сонымен қатар кештің көрнекіліктермен әрленуі, сахнаның сәнденуі, балауыз шамның әлсін-әлсін жануы, вокалды аспаптық ансамбльдің сүйемелі кештің ажарын аша түскені сөзсіз.
Ең алдымен труппа жетекшісі М.Мақсұт кешке келген меймандармен амандасып, кештің мазмұнымен, әріптестерімен таныстырып, еркін форматтағы 2 сағаттық терапияға терең бойлауға шақырды.
Тоқпанов театрының фойесінде алғашқы әуелеген ән М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Мен деп ойла» болды. Хор орындаған әннен кейін Жәнібек Мұхаммеджан «Махаббат» монологын оқыса, Гүлімай Бесіншібайқызы «Кездесу мен қоштасу» әнін тарту етті. Алғашқы махаббат жайлы көріністі Дәурен Болат пен Сабина Тәттібек сәтті алып шықты. Сондай-ақ Нұржан Амангелді «Сен туралы», Дәурен Каленов «Сағындым», «А есімді ару» әндерін әуелетті.
Одан аздаған үзіліс жасалып, труппа жетекшісі, жоба авторы Мақсат Мақсұт халықтан қонақ кәде сұрап, ауылдың алты ауызына кезек берді. Театр әртістері Анар Сағымбекова мен Бақтияр Көпжасаров поэзия оқыса, облыстық филармония әншілері тамаша әндерін паш етті. Тағылымды кештің шырайына Жалғас Нұрғожа, Нұрхат Төлеу сынды әншілер әр қоса білді. Одан бөлек, М.Мақсұт пен М.Серпердің «Бағаламау» сахналық көрінісі көпшілікке ой салды. Себебі жас жұбайлар арасындағы байланыстың босаңсуы, оның салдары, жұбайлардың бастан кешіріп жүрген сезімдері осы көрініс арқылы өріліп жатты. Кеш барысында ұзын-ырғасы 25-ке жуық шығарма шырқалғанын айта кеткен жөн.
Аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі М.Мақсұттың айтуынша, бұл кештің басты мақсаты – өнер арқылы, оның өзіндік үнімен махаббаттың мәңгілік құндылығын насихаттап, қазіргідей қилы уақытта адамдардың жүректеріне жылулық ұялату. Креативті тәсілмен кешке ерекше мазмұн беру.
Аталмыш кешке куә болғандардың бірі – Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары Ж.Омаров болды. Сазгер еркін форматтағы ерекше кештен алған әсерімен бөлісті.
-Бүгін Асқар Тоқпанов театрында Шу ауданының Мәдениет үйінің жастары тамаша кешті тарту етті. Бұл терапиядан мен де ем алып, бөлекше демалып қайттым. Осы саладан мол тәжірибе жинақтаған маман ретінде, аға буын өкілі ретінде бұл бастаманы қызу қолдаймын. Жастарға шалқар шабыт, шығармашылық асулар тілеймін. Бір қуантарлығы, кеште жас көрермендердің қарасы қалың болды. Ағалары қатарында ақ тілегімді арнап, ақ жол тіледім. Осы шараны ұйымдастырған Шу ауданы әкімдігіне, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, мәдениет үйі ұжымына шынайы алғысымды айтамын,-дейді Жандос Әскербекұлы.
Ауылдастары ұйымдастырған ауаны бөлек шараға көрермен болып келген журналист Айжан Әуелбекова да муздрамалық кештен алған әсерімен бөлісті. Жерлестері жасаған дебютке риза болған ол кештен керемет сезімге бөленгенін жасыра алмады.
-Бүгін терапия атына заты сай болды. Алған әсеріміз мол. Әлі де болса эмоциялардан арыла алмай тұрмын. Кеш барысында бір қуанып, бір жұбанып, көздің жасына да ерік бердік. Өзіме өте қатты ұнады. Өзекті мәселелерді қозғап, оны өнер арқылы жеткізген шулық жастарға, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын,-деді Айжан Ермекқызы.
Әйгілі Шәкен Айманов бір сөзінде «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген болатын. Жерлестеріміздің облыс орталығында ұсынған інжу-маржанына қарап, әйдік режиссердің лебізі өміршең екенін ұғынамыз. Ал өнерпаз үшін көрерменнің қошеметінен артық құрмет жоқ. Кеш мәресінде жерлестеріміз құрметтен кенде болған жоқ.
Жамбыл облыстық драма театры-ның әртісі Анар Сағымбекова өңірдің өнерпаздарына өз бағасын берді.
– Махаббат – күлдіре де, жылата да алады. Өздеріңіз байқағандай, керемет туындылар тыңдалды. Біз әдетте көрермендер үшін, мәдениет сыртындағы халық үшін қызмет етсек, бүгін өзімізге азық алып, аз да болса демала алдық. Жастар кешке үлкен дайындықпен келген. Себебі мұндай дүние бір-екі күнде шыға салмайтыны анық. Ізденіспен келген әріптестеріміздің алдағы сапарларына сәттілік тілеймін, -деді театр әртісі әрі көркемдік жетекшісі.
Мүйізі қарағайдай марғасқалар туған ауданымыздан мұндай таланттардың туатыны заңдылық іспетті. Өйткені өнегелі мектеп көрген шулықтар әрдайым үздіктер қатарынан көрініп келеді. Тыңнан түрең салған талапты жастар өздеріне қолдау көрсетіп жүрген басшылыққа алғысы зор. Сондай-ақ басшылық та еңбекқор, ізденімпаз жастардың барына дән риза.
– Шу аудандық мәдениет үйінің жас өнерпаздарынан құралған ұжымды облыс орталығына әкеліп тұрмыз. Мұндағы мақсат – мәдениет саласы мамандарының сынынан өту, труппаның тәжірибесін толыстыру, үлкен сахналардың аурасын сезіндіру, шығармашылығын дамыту. Алдағы уақытта труппа түрлі тақырыпты қамтып, көрермендердің көңілінен шығуға талпынып отыр. Шулық өнерпаздардың терапиясы Таразда өте сәтті өтті. Сала мамандары өз бағасын беруде. Бұл бізді шабыттандырады әрі жауапкершілік жүктейді,-дейді аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева.
Өздігінен бастама көтеріп, ортақ мүдде жолында біріккен шулық труппа облыс орталығынан кейін өз бағдарламаларын Байзақ ауданына да ұсынды. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді дегендей, жерлестеріміздің бұл қадамын байзақтықтар да жылы қабылдап, төрлерін ұсынды. Тәжірибе алмасып, әріптестік байланысты нығайта түсті.
Аталмыш идеяның авторы Мақсат Берікұлы 19 ақпан күні «Махаббат терапиясы» атты музыкалық драмалық кешті Шу қалалық мәдениет үйінде өткізбек. Қошеметтен қуат алған ол әріптестерімен бірге атой салатынын айтып отыр. Сонымен қатар білімдерін жетілдіріп, саланың саңлақтарынан сабақ алмақ. Бұл өз кезегінде труппаның құлашты кең сермеуіне мүмкіндік сыйлайды деген сенімдеміз.
Естеріңізге сала кетейік, музыкалық-драмалық кеш – бұл музыка мен драмалық қойылымды ұштастыратын мәдени шара. Мұндай кештерде ән, би, театрландырылған көріністер, поэзиялық оқулар мен оркестрлік орындаулар үйлесім тауып, көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлайды.
Ағалардың алғысын, ізгілердің ілтипатын алған жастардың алар асуы алда деп білеміз. Оған жерлестеріміздің әлеуеті толық жетеді. Өнердің зәу биігіне қаққан қанаттар талмасын, алғыстар толастамасын. Өңірдің мәдениеті мен өнері өрге жүзсін дейміз!
Байжан Емберді.