Ақпараттық портал

Адамға абзал ой ойлау, артық та болмас доп ойнау

Қым-қуыт тіршілікте жұмыр басты пенденің жұмыс бастыға айналып, гаджеттердің арқасында мәміледен ажырап бара жатқаны ақиқат. Әсіресе, мемлекеттік қызметте маңдай терін төгіп жүргендердің бір сәт серпілуге уақыт таппайтыны мәлім. Сондықтан соңғы жылдары жүйелі түрде қолға алынған спорттық жарыстардың жергілікті атқарушы орган өкілдеріне тигізіп жүрген пайдасы ұшан-теңіз.

Өткен аптаның соңында облыстың мемлекеттік қызметшілері Ескі-Шу ауылдық округіндегі «Белбасар» спорт кешенінде бас қосып, «SHU QYZMET Futsal Cup – QYS 2025» облыстық турнирінде өзара мықтыны анықтаған болатын. Жеңістің 80 жылдығына тоқайластырылған турнирге Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандарының командалары қатысты.
Доп додасының ашылуында Мемлекеттік Гимн орындалып, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, спорт саласының ардагері Сайфудин Абдуманапов сөз алды. Бұл жарыстың мәні мен мазмұны жоғары екенін жеткізген сөз сөйлеушілер сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Біз осынау мәні терең, мазмұны жоғары спорттық шараны Шу ауданында өткізіп отырғанымызға шынайы қуаныштымыз. Алаңда қарсылас болғанымызбен қызметте елдік мүддені көздеген әріптеспіз. Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Ата-әжелеріміз фашизмнің отын өшіру жолында аянбай күресіп, жаны мен тәнін құрбан еткен. Сан жүректе сызат қалдырған соғысты да, ондағы батыр майдангерлердің ерлігін де кейінгі ұрпақ еш ұмытпауы керек. Сол кісілер қалдырған егемен ел үшін еңбек ету баршамызға борыш,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Жүрекжарды сөздерден кейін «Шу серілері» триосы рухты жандыратын әндерін тарту етіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Мұнан кейін төреші ысқырығы шалынып, жеребеге тартылған командалар өзара мықтыны анықтауға кірісті. Тыңғылықты дайындықпен келген қатысушылар қарсыластарының қапысын табуға ынталанып жатты. Сауатты ойын ұйымдастырып, ұтымды пастар ұзатып отырды.
Күн ұзаққа созылған турнирде Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы топты жарса, Жаз-Атаның ауылынан келген көршілер екінші орынды иемденді. Сондай-ақ үздік үштікті Байзақ ауданының мемлекеттік қызметшілері түйіндеді.
Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаз командаға ауыспалы кубок табысталып, үздік ойыншылар медальдар мен арнайы грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар шараға белсене қатысқандары үшін алғыс айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық турнир мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген құлшыныстарын арттыру және аймақтық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілді.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Балаби Түменбаев бұл турнирді мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамытуға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
Байжан ЕМБЕРДІ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.