Мәнерлеп оқу байқауы өтті
Жуырда ағылшын тілі пәні бойынша 9–10 сынып оқушылары арасында «Language is Power» («Тіл – күш») тақырыбында аудандық мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Мәнерлеп оқу арқылы оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, тілдік қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Байқау барысында оқушылардың өнері орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті, әртістік қабілеті, бағдарламаның байқау тақырыбына сәйкестігі және сыртқы келбеті бойынша бағаланды.
Байқау аясында «Studying the Precious Legacy of Abai Kunanbayev and William Shakespeare» («Абай Құнанбайұлы мен Уильям Шекспирдің баға жетпес мұрасын зерделеу») тақырыбына да ерекше назар аударылды. Оқушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен әлемдік драматургияның көрнекті өкілі Уильям Шекспирдің әдеби мұраларымен танысып, олардың шығармаларының тәрбиелік және рухани маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Әдеби мұраны зерделеу арқылы оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығы артып, тіл мен мәдениеттің адамзат арасындағы өзара түсіністік пен рухани байланысты нығайтудағы рөлі айқындала түсті.
Оқушылар шығармаларды мәнерлеп оқып, өз кейіпкерлерінің бейнесіне ене білді. Олар өздерінің әртістік шеберліктерін көрсетіп, эмоция, мимика және дауыс ырғағы арқылы кейіпкерлердің көңіл-күйі мен мінез-құлқын жеткізуге тырысты. Әрбір қатысушы өз өнерін әсерлі әрі есте қаларлықтай етіп көрсетуге ұмтылды. Залдағы көрермендер әр оқушының өнерін үлкен ықыласпен тыңдап, жас өнерпаздардың шығармашылығына қызығушылық танытты.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған оқушылар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Байқау оқушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсетуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және әлем әдебиетінің құнды мұраларын тануға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 9–10 сынып оқушылары арасында орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша «Тіл – достықтың негізі» тақырыбында аудандық эссе байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты – тақырыпты жан-жақты зерттеу және оны әртүрлі қырынан қарастыру арқылы оқушылардың терең ойлау және талдау дағдыларын дамыту.
Байқауға қатысушылар өздерінің дайындық деңгейлерін көрсетіп, эсселерін жоғары деңгейде жазды. Оқушылар өз ойларын еркін, жүйелі жеткізіп, тақырыпты терең ашып, өз көзқарастарын дәлелді түрде ұсына білді. Әсіресе, оқушылардың өз ой-пікірлерін жеке өмірлерінен алынған нақты мысалдармен дәлелдеп, өмірлік тәжірибелерінде кездескен оқиғаларды сипаттағанын атап өткен жөн. Осының арқасында олардың жұмыстары шынайы, мазмұнды әрі қызықты болды. Өз эсселерінде оқушылар тілдің адамдар арасындағы достықты, өзара түсіністікті және ізгі қарым-қатынасты нығайтудағы маңызды рөлін көрсете білді. Қатысушылардың жұмыстары олардың шығармашылық әлеуетін, талдау қабілеттерін, орыс тіліне деген қызығушылығын және өз ойларын сауатты жеткізуге деген ұмтылысын танытты.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған оқушылар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Оқушыларға әдеби қабілеттерін танытуға, жеке бақылаулары мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісуге және тілдің адамдардың жүрегін біріктіріп, достықты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттыратынына тағы бір мәрте көз жеткізуге тамаша мүмкіндік болды.
Майра Булекбаева,
Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері.