Ақпараттық портал

Кітапхана – цифрлық дәуірдің рухани ордасы

Заман өзгерген сайын кітапхананың міндеті де жаңарып, қоғамдағы рөлі жаңа мазмұнмен толыға түсуде. Бүгінде кітапхана цифрлық технологиялар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан, білім мен руханиятты ұштастырған маңызды мәдени-ақпараттық орталыққа айналған. Жасанды интеллект пен цифрландыру кеңінен қанат жайған кезеңде кітапхана қызметін заман талабына сай дамыту, оқырман сұранысына бейімдеу және ұлттық мұраны жаңғыртудың тың жолдарын табу – сала алдындағы өзекті міндеттердің бірі. Осы мәселелерді талқылап, кітапхана саласының болашағына бағдар жасау мақсатында Шу аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Цифрлық дәуірде кітапхана рөлі: Болашақ трендтер» тақырыбында облыстық форсайт сессиясы өтті. Басқосу барысында заманауи технологиялардың кітапхана қызметіндегі мүмкіндіктері, ұлттық мұраны сақтаудың жаңа тәсілдері және оқырманның оқу сауаттылығын дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды. Іс-шара дәстүрлі руханият пен цифрлық жаңашылдықты сабақтастырып, болашақ кітапхананың бағыт-бағдарын айқындауға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.

Іс-шараның мазмұнды бөлігі «Шуым – шежірем, туған өлкем – тұмарым» атты әдеби-музыкалық композициямен басталды. Туған жерге деген сүйіспеншілікті, ел тарихына деген құрметті және ұлттық руханиятқа деген ықыласты арқау еткен композиция қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Көрермен назарын аударған ерекше сәттердің бірі жасанды интеллект көмегімен дайындалған кітапханашы мен оқырман арасындағы диалог болды. Бұл көрініс бүгінгі технологиялық өзгерістердің кітапхана қызметіне қалай еніп жатқанын көркем түрде танытты. Жасанды интеллектіні шығармашылықпен ұштастыра отырып, білімді насихаттаудың жаңа тәсілдерін ұсынуға болатыны көрсетілді. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы және басқа да көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқылып, қазақ әдебиетінің тәрбиелік мәні мен рухани тереңдігі көрерменге қайта жаңғырды.
Бағдарлама аясында кітапхана қызметкерлері «Ұлы жүздің төбе биі – Төле би» атты сахналық көрініс ұсынды. Ел бірлігі мен әділдіктің символына айналған тарихи тұлғаның өнегелі өмірі арқылы ұлттық тарихтың тағылымы дәріптелді. Төле бидің даналығы мен шешендік мұрасы көрініс тапқан қойылым ата-баба аманатын ұлықтап, тарихи сананы жаңғыртудың маңызын көрсетті. Осылайша, форсайт сессиясы мазмұнды әдеби-мәдени бағдарламамен басталып, ұлттық мұра мен заманауи технологияны бір арнаға тоғыстырған тағылымды алаңға айналды.
Облыстық форсайт сессиясын аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Сұлтанбаев ашып, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Ол басқосудың маңыздылығына тоқталып, кітапхана саласын дамыту, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және тұрғындардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстардың өзектілігін атап өтті. Сессияның модераторы – Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдинова болды. Кітапхана саласындағы тәжірибе мен кәсіби көзқарастарды тоғыстырған кездесуде қатысушылар болашақтағы өзгерістерді алдын ала бағамдап, саланы дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Бүгінде жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық платформалар мен аналитикалық құралдар көптеген саланың даму бағытын өзгертіп отыр. Кітапхана ісі де бұл үдерістен тыс қалмайды. Ақпаратты іздеу мен жүйелеу, оқырман сұранысын талдау, қызмет көрсетуді оңтайландыру және электрондық ресурстарды дамыту – цифрлық технологиялар жаңа мүмкіндіктер ұсына алатын маңызды бағыттар. Осы мәселелерге арналған баяндамалардың бірі «Деректерге негізделген цифрлық трансформация: ЖИ көмекшілері және аналитикалық дашбордтар» тақырыбында ұсынылды. Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығының деректерді басқару және жасанды интеллект бөлімінің инспекторы Молдахан Жандос Жеңісұлы цифрлық трансформацияның маңызын қозғады.
Цифрлық дәуірдің басты артықшылықтарының бірі – тарихи және мәдени мұраны кеңінен танытуға мүмкіндік беруі. Бұрын белгілі бір кітапхана қорында немесе мұрағатта сақталған деректерге қол жеткізу үшін арнайы орынға бару қажет болса, бүгінде цифрландыру арқылы құнды материалдарды әлдеқайда кең аудиторияға ұсынуға болады. Осы бағытта Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Ақмахан Ғазиза Оңалбекқызы «Ұлттық мұраны жаңғыртудағы ЖИ мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Форсайт сессиясында кітапхана қызметін жаңғырту мәселесі де кеңінен қарастырылды. Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапхана істерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Жақыпбекова Гүлбану Боранбайқызы «Кітапхананың жаңа келбеті: цифрлық формат және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама ұсынды.
Ақпарат көлемі күн сайын артып отырған заманда оқи білу мен оқығанды түсіну арасындағы айырмашылық айқындала түсуде. Көп ақпаратқа қол жеткізу әрдайым оны терең түсінуге, дұрыс бағалауға және өмірде тиімді пайдалануға мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан оқу сауаттылығын дамыту білім беру мен кітапхана саласының ортақ міндеттерінің бірі. Осы маңызды мәселеге педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, психолог Тайғанбекова Шынар Мәлімбайқызы «Оқимын, түсінемін, сезінемін: оқу сауаттылығы және психология» тақырыбында мазмұнды баяндама арнады. Сонымен қатар қатысушыларға арналған тәжірибелік тренинг өткізіп, тақырыпты тәжірибе жүзінде зерделеуге мүмкіндік берді. Облыстық форсайт сессиясында көтерілген тақырыптардың барлығы бір маңызды ойға тоғысады: цифрлық өзгерістер жағдайында кітапхананың рөлі әлсіремейді, керісінше, жаңа мазмұнмен толыға түседі. Егер бұрын кітапхана ең алдымен кітап қорын сақтау және оқырманға әдебиет ұсыну қызметімен танылса, бүгінгі күні оның міндеті әлдеқайда кеңейді. Ол цифрлық сауаттылықты қалыптастыратын, ұлттық мұраны жаңғыртатын, оқуға қызығушылықты арттыратын, ақпаратты сын тұрғысынан бағалауға үйрететін және қоғамның зияткерлік дамуына үлес қосатын маңызды қоғамдық институт. Бұл өзгерістер кітапхана қызметкерлерінен де жаңа дағдыларды талап етеді. Заманауи технологияларды меңгеру, цифрлық ресурстармен жұмыс істеу, оқырман сұранысын зерттеу, шығармашылық жобалар әзірлеу және кәсіби тәжірибені үздіксіз жетілдіру – бүгінгі маманның басты бағыттарының қатарында.
Шу аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен облыстық форсайт сессиясы осы бағыттағы ой-пікірлерді тоғыстырып, кітапхана саласының бүгінгі міндеттері мен ертеңгі мүмкіндіктерін саралауға жол ашты. Әдеби-музыкалық композициядан бастап, жасанды интеллект мүмкіндіктерін талқылауға дейінгі мазмұнды бағдарлама руханият пен технологияның бір-біріне қайшы емес, керісінше, өзара толықтыра алатын ұғымдар екенін көрсетті.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.