Ақпараттық портал

Қыз тәрбиесіне бағытталған байқау

Шолпысының сыңғырынан қыз баласының бар болмысын таныған халқымыз аруларымызды сұлулықтың, нәзіктіктің символына балаған. Тіпті, қос бұрымы иығына төгілген, кер маралдай керілген, тал шыбықтай бұралған, жаңа туған айдай қасы қиылған, мөлдір тұнық көздері, шиедей ерні, күлім көз, оймақ аузы бар деп теңегенінен-ақ құдіретті Алланың бар сұлулықты қыз балаға үйіп-төгіп бергенін байқайсыз. Біздің әдебиетімізде ғана емес, шетел әдебиетінде де қызды музасына балап, барынша көркем түрде суреттеген. Қыздың сынын суреттеуге тілдің де шеберлігі жетпей қалатындай.

“Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек” деп басталатын “Қыз сыны” атты өлеңде де қазақ аруының образы әсем түрде бейнеленген. Ән көмейімізге оралған сайын қазақы ару қыздың сұлулығы арқылы халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, жаңаратындай. Сондықтан да ұлттың сақталуының ең негізгі тетігі саналатын ұлттың айбыны, елдің ары болған қыздарымыздың болмысын сақтап, образын заман ағымына қарай икемдеп отыру үшін “Қыз сыны” байқауын өткізіп отырудың да үлкен мәні бар.
Ал, сол қыз баласын тәрбиелеп, өсиет-өнегесін бойына дарытып, тектілік қалпын сақтау жолында тер төгетін ең басты адам – анасы екендігі ақиқат. Содан болар, халқымыз «Анасын көріп, қызын ал. Аяғын көріп, асын іш», «Анаға қарап қыз өсер» деп тегін айтпаса керек-ті. Сондықтан да мектеп табалдырығын аттаған күннен-ақ қыз баласы мен оның анасының арасындағы берік байланысты орнатуға бағытталған іс-шаралар жиірек өткізілуі тиіс.
Осыған орай, шуақты да, тамаша мереке қарсаңында Сарыбай Қалмырзаев атындағы бастауыш мектепте 2 сынып оқушыларының аналары мен қыздары арасында “Қыз еркем, анасымен көркем” атты байқау өткізілді. Аталған байқауға Айгерім Секирова, Сымбат Әлімхан, Гульзат Касимова, Гүлжанат Нарчаевалар өздерінің қыздарымен қатысып, сынға түсті.
Байқауда берілген тапсырмаларды аяулы аналар асқан қызығушылықпен орындап, нәтижесінде Айгерім Секирова атты ана қызы Сезімай Терекбаймен бірге бас жүлдені қанжығасына байлады. Дәл осындай ата-ана мен баланың арасын жалғайтын бірлескен байқаулардың тәрбиелік мәні өте зор.
Бұған қоса, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аталған мектептің 3-4 сынып оқушылары арасында «Көктем аруы – 2025» байқауы өткізілді. Байқауға 9 қыз бала қатысып, олар бес кезең бойынша бабы мен бағын сынады. Ең алдымен «Сәлем – сөздің анасы» кезеңі бойынша қыздар өздерін таныстырса, «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салды. Мұнан кейін «Білімді мыңды жығар» атты кезеңде ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін сұрақтар беріліп, қыздар тапқырлықпен жауап берді. Сондай-ақ, «Шебердің қолы ортақ» кезеңінде үйге берілген тапсырма бойынша қыздар қолөнер жұмыстарын таныстырса, «Көктем аруы» атты 5-кезеңде әртүрлі материалдардан эстетикалық талапқа сай тігілген киімдерден сән үлгісін көрсетті.
Байқау соңында әділқазы мүшелерінің шешімі бойынша бас жүлдені 4-сынып оқушысы Інжу Кеңес ерекше көзге түсіп, жеңіп алды. Ал, І-орынды Зауре Нұрбек, ІІ-орынды Айлин Тойбол иеленді. Сондай-ақ басқа да қатысушы қыздарға «Инабатты қыз», «Сымбатты қыз», «Көрермен көзайымы» секілді номинациялар беріліп, мектеп тарапынан сыйлықтар тарту етілді. «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» демекші, отбасындағы мызғымас бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына нұрын сепкен аналарымыз бен қыз-келіншектерімізге үлгі болар осындай іс-шаралар жиі өткізіліп, кеңінен насихатталса, нұр үстіне нұр болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.