Ақпараттық портал

Балабақша тегін қызметті жолға қойды

Өмірдің сан түрлі салаларының ішінде мектепке дейінгі тәрбие саласы да маңызды рөлді иемденіп келеді. Өйткені, жұмысбасты әр ата-ана өздерінің балаларын осындай мекемелерге сеніп тапсырып, күні бойы өз қызметтерін алаңсыз атқарады. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін бастапқыда мемлекеттік балабақшалар қатары біртіндеп көбейсе, соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылып отырған балабақшалар саны артуда. Соның бір айғағы біздің ауданымызда да көрініс беріп отыр.

Мысалы, өткен жылдың мамыр айында Төле би ауылынан “Ерке Есіл” ЖШС-нің “Нұршуақ-3” балабақшасы жергілікті бүлдіршіндерге өз есігін айқара ашты. Аталмыш серіктестіктің директоры Жексенбиев Нұрғали Қазбекұлы бұған дейін нақты айтқанда 2019 және 2022 жылдары ауданымыздың Абай ауылынан 150 орындық және Мойынқұм ауылынан 200 орындық екі балабақша ашқан. Ал, Төле би ауылынан ашылған жекеменшікті “Нұршуақ-3” балабақшасы 350 орынға шақталғанымен, жаңа қаулыға сәйкес 150 баланы қамту көзделген. Сондай-ақ бұл мектепке дейінгі тәрбие ордасы бастапқыда ақылы негізде қызмет ұсынып келсе, өткен жылдың соңына таман балаларға тегін қызмет көрсетуді жолға қойды. Яғни, балалар үш мезгіл тегін тамақтанатындықтан, ата-аналар айына төрт мың теңге бүлдіршіндерді тасымалдау қызметіне ғана ақы төлейді. Бұл үшін үш “Газель” көлігі сақадай сай тұр. Балабақша Төле би ауылының шет жағындағы Қонаев көшесі, 240 а мекенжайында орналасқанымен, оған Шу қаласынан келетін балалардың да саны айтарлықтай. Өйткені, таңғы сағат жетіден басталатын тасымал қызметі аясында “Газель” көлігі балаларды жеткізу үшін Шу қаласына екі рет барып қайтатын көрінеді.
Қазіргі таңда аталмыш балабақшаға жетекшілік етіп отырған Самбетбаева Сымбат Самбетқызының айтуынша, мұнда жалпы саны 33 адам жұмыспен қамтылған. Олардың арасында 8 тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшілері, әдіскер, логопед, психолог, сурет, музыка пәндерінің жетекшілері, хореограф мамандары мен слесарь, сантехник сынды өзге де кіші қызметкерлер бар. Балабақшаға балалар екі жастан бастап қабылданады. Ал, балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндер жалпы жеті топқа біріктірілген. Олардың ішінде 2-3 жас аралығындағы балалардан құралған кіші топ, орта топ, мектепалды даярлық тобы бар. Жалпы жеті топтың бесеуі қазақ тобы болса, екеуі орыс тобы. Сондай-ақ мектепалды даярлық тобы да бір қазақ тілді, бір орыс тілді балалардан құралған.
-Негізі балабақшаға мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Яғни, балалардың күнделікті ішіп- жейтін тамағына қаржы қарастырылып отырғандықтан, біз ата-аналардан тек тасымал қызметіне төлемақы алуды ұйғардық. Сонымен қатар, бізде әр отбасының әлеуметтік ахуалы да назарға алынады. Ортамызда көп балалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар барын ескереміз. Сол себептен ата-аналар қауымынан балабақшаның қандай да бір материалдық қажеттілігі үшін қаржы жиналмайды.
Жалпы, “Нұршуақ-3” бөбекжай-бақшасы аудан әкімдігінің білім бөліміне тікелей бағынады. Қазіргі уақытта бала санын толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр,-дейді балабақша директоры Сымбат Самбетқызы.
Өз қызметін жолға қойғанына көп уақыт өте қоймаған “Нұршуақ-3” бөбекжай-бақшасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында біз де аталмыш мекеменің ғимаратына бас сұғып, әлеуметтік ахуалын көзбен көріп қайттық. Бір қабатты ғимарат сыртынан шағын болып көрінгенімен, іші бірнеше блокқа бөлінген. Ғимарат толығымен көгілдір отынға қосылып, жылы еден төселгендіктен, қыста жылы болатын көрінеді. Әр топта балаларға арналған дәретхана, қол жуатын орын қарастырылған. Сонымен қатар, аядай ғимарат ішіндегі мәжіліс залы, спорт залы, асхана да барлық қажеттіліктермен қамтылған.
Біз барған кезде жан-жақтан жамырап амандасқан балалар өздерін еркін сезінетіні байқалды.
Айта кететін жайт, балалардың бойына өзін-өзі дамыту, көпшілдік, ізденімпаздық қасиеттерін сіңіре отырып, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруды басты мақсат етіп отырған мектепке дейінгі тәрбие мекемесінде шахмат, би, домбыра сынды үйірмелер де бар.
Балабақша директорының мәлімдеуінше, серіктестік иесі алдағы уақытта Шу қаласының “Қосқұдық” мөлтек ауданынан тағы бір осындай балабақша ашуды жоспарлап отыр. Серіктестік иесінің осы және өзге де тың жоспарларына сәттілік тілей отырып, ел ертеңі саналатын балалардың болашағы жарқын болсын дейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.