Ақпараттық портал

Айтылды жарапазан ағайынға

Халқымызда көне ғасырдың қойнауында көмескіленіп қалған дәстүрлер жетерлік. Солардың бірі – жарапазан. Ата-бабалар ұстанған асыл дініміздегі Ораза айының кіргенін жырлайтын бұл ғұрып, кеңестік кезеңде кенжелеп қалғаны рас. Алайда ауыздан-ауызға таралып, тез жатталатын жарапазан бүгінгі ұрпақтың құлағына да жетіп отыр.
Ежелден ауыз әдебиетіне бейім жұртымыз жарапазан арқылы оразаның құндылығы, діни өсиет пен адамгершілік, иман мен ибаны дәріптеген. Сонымен қатар, естушіге ізгі тілектер білдіруді де ұмыт қалдырмайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан – рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа да сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады» – деп жазады өзінің еңбегінде.
Мысалы. Айтамын жарамазан есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Кім келіп, кім кетпейді есігіне?-деген мәтінде тыңдаушының жүрегін жібітетін жолдар бар. Оны естіген адамның көңілі көтеріліп, мерейі үстем болады.
Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында жуырда орталық жәрмеңкеде жарапазан жыры айтылған болатын. Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаев бастаған, Аят қажы Дыбысұлы, Талғат Кәрібайұлы сынды имамдар қостаған бұл шараға аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен өнер иелері қолдау көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарапазан айту кезегін Меркі ауданындағы әріптестері жолдаған. Осылайша, облыстың 10 ауданында Рамазан айының кіргенін жар салатын жыры айтылған.
«Сауда-Сервис» ЖШС аумағында өткен тағылымды шараға ұлттық аспаптардың үнін естірткен әншілер, ораза қабыл болсын дескен аудан және қала, ауылдық мешіт имамдары мен жұртшылыққа шашу шашқан ақ кимешекті әжелер қатысты.
«Жарапазан – қазақ даласындағы дәстүрдің бірі. Бұл әлмисақтан мұсылман болған халқымыздың Рамазан айы қарсаңында айтылатын жыр. Өлең өң бойына уағыз-насихат, ұлттық құндылық, рухани мұраны жинақтаған. Сондықтан мұнда қазақтың бай тарихы жатыр. Бастаманы қолдаған өнерпаздарға, әз әжелерге мың алғыс» – дейді Кәрібай молда мешітінің бас имамы А. Алмаханов.
Сонымен бірге игі мақсатта Бірлікүстем ауылдық мешіті және ауылдық мәдениет үйі бірлесе отырып, округте орналасқан мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарды аралап, жарапазан айтты.
Аталған дәстүрлі шараны Д.Қонаев ауылдық округінен кезекті алып, жарапазан айту эстафетасын Жаңа жол ауылдық округіне жолдады. Эстафетаны ауылдық мешіт, мәдениет қызметкерлері және ауыл өнерпаздары тұрғындарға мың айдан да қадірлі Рамазан айының келгендігін хабарлап, көпті қуантты. Қазақы салт-дәстүрді дүйім жұртқа насихаттап, оны ауыл тұрғындарына үлгі етті. Халық та жарапазан жырын шырқағандарды жатсынбай, жылы қабылдап, шама-шарықтары жеткенше ұлттық үрдіспен шашуларын шашты. Жырға қанығып, әсем ән тыңдағандар ерекше әсерге бөленіп, жарапазаншыларға ақ тілегін айтып, өз ыстық ықыластарын жеткізді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.