Ақпараттық портал

“Шу аруы-2025” иегері анықталды

Ұлттың түбі бүтін, тегі түгел, тамыры терең болуы үшін әр қыздың ажарына ұлттық бояу реңк беріп тұруы аса қажет. Содан болар, отбасының мызғымас қазығы да, ұлттың ары мен абыройы да қыз баланың бойына байланған. “Қыз бұзылса, ұлт бұзылады” деуі содан.

Жасырсақ та, өзге ұлттың ерінің етегінен ұстаған, арын, барын сатқан, құндақтағы баласын қоқысқа лақтырған қыздарымыздың тірліктері қынжылтады. Сондайды көзбен көріп, құлақпен естігенде кешегі дана аналарымыздың дара жолын дәріптеп, қыздарымыздың бойына ұлттығымызды дарыту үшін тиімді әдістерді қолға алу керек дегенге ойысамыз. Әркез нәтижесін беретін “Қыз сыны” байқауын жиі өткізудің де мәні зор. Соны жанымен түсінген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-сі “Шу аруы” байқауын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Қалыптасқан қағиданың үзігін лайықты жалғай білетін Ғани Қойбағаров басшылық ететін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен жақын күндері аудандық мәдениет үйінде кезекті “Шу аруы” байқауы өтті. Оған ауданымызда орын тепкен ауылдық округтерден үкілі үмітін жетелеп келген 7 ару қатысып, бақ сынады. Балғын бойжеткендеріміздің бабын сынаған байқауда төрт кезең бойынша аруларымыз бар өнерлерін ортаға салды. Қыр гүліндей құлпырған қыздарымыз әуелете ән салып, мың бұрала билеп қана қоймай актерлік қырларымен де көрерменді тәнті етті. Сұлу да сымбатты сырғалыларымыз салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға да жауап беріп, көркіне ақылы сай екендіктерін де аңғартты. Атап өтерлігі, “Kahoot” веб сервисі бойынша үкілі арулардың білімін тексеріп, байқаудың бағасын арттырған “Жастар ресурстық орталығының” бұл жаңалығын әділқазы мүшелері жоғары бағалап, алдағы уақытта өткізілетін сайыстарда да осындай ерекшелікті алға тарту қажеттігін айтты. Білімділікпен қатар ептілікті, жылдамдықты талап ететін бұл бағдарламада үш аруымыз алға шығып, байқау нәтижесінде үш орынға талассыз-ақ балы арқылы лайық деп танылды.
“Шу аруы” байқауындағы “Сәлем-сөздің анасы”, “Сымбатына ақылы сай келсе…”, “Білектей арқасында өрген бұрым”, “Мәдениетім-мәртебем, өнерім-өрісім” атты әр кезең бір-бірімен астасып, нағыз қазақ қызының үлгісін көрсете білді. Дәл осындай байқаулар әр қызымызды көркіне ақылы сай болуға жетелейді. Әділқазы мүшелігіндегі аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова апамыз қыздарымыздың кемшін кеткен тұстарын ұлттық өрнегімізбен ұштастыра отырып әсерлі жеткізе білді. Әсіресе, арулардың “Мәдениетім-мәртебем, өнерім-өрісім” деген кезеңде бір емес үш қыздың “Жетім монологы” атты қойлымын қойғанына қарап, келесі жолы бай әдебиетіміздегі прозалық жанрлардың көркем үлгілерін дайындап келуді алға тартты.
Нәзікжандыларымыздың әлемімен нәрлендірген байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені Ақтөбе ауылдық округінің аруы Кәусар Талапханқызы иеленіп, “Шу аруы-2025” атанса, І орынды 10 Шу колледжінен қатысқан төлебилік ару Әлия Құдайберген иеленді. Ал, ІІ орынды Көктөбе ауылдық округінің аруы Диана Қазақбай мен ІІІ орынды Көкқайнар ауылының аруы Ажар Төлепбай еншіледі. Ал, “Тапқыр ару” номинациясын Шу теміржол колледжінен келген шулық ару Диана Қабылбекова, “Дарынды ару” номинациясын Дулат ауылдық округінің аруы Қаршыға Абдрахман, “Өнерлі ару” номинациясын Бірлікүстем ауылдық округінің аруы Мөлдір Диханбай алды. Барлық аруларға “Жастар ресурстық орталығы” КММ тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бабамыз “Ел боламын десең бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең әйелдің халін түзе” деген болатын, қыз бұзылса, бүтіндей бір ұлт бұзылады деген тағы бар. Сондықтан да ел бесігін тербетер қаракөздеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды дарытар байқауларды жиі өткізсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.