Бүлдіршіндерге мерекелік дастархан жайылды
Биылғы Наурыз мерекесі исі мұсылман қауымына құрметті-Ораза айына тұспа-тұс келгені белгілі. Қайырым жасап, қуаныш сыйлауды ұрпағына үндеген ата-бабаларымыз әркез жомарттықтың жолын ұстанған.
Мемлекет басшысы мақұлдаған «Наурызнама» тұжырымдамасында да қайырымдылық күні белгіленген болатын. Осыған орай, ауданымызда арнаулы әлеуметтік көмек алып жүрген ерекше балалардың да көңілі ауланып, Ұлыстың ұлы күніне арналған ақ дастархан жайылды.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев пен бір топ демеушілер қатысты.
Мың бұралған бишілердің өнерінен кейін шараның шымылдығы түріліп, құттықтау сөз Найман Кенжеханұлына берілді.
-Балауса шулықтарды, олардың батыр ата-аналарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бүгінгі шараның ұйымдастырушыларына, балаларға сый-сияпат ұсынған қайырымды жерлестерімізге үлкен алғыс айтамын. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілеймін,-деді ол өзінің құттықтауында.
Мұнан соң Гүлмира Амангелдіқызы басқаратын бөлім тарапынан «Екі жұлдыз» мейрамханасының иесі Аруза Ерғазықызы мен «Logocenter» орталығының басшысы, меценат Ағыбай Сембайұлына Алғыс хат тапсырылып, құттықтау сөз берілді. Балаларға қуаныш сыйлаған қос мейман да өздерінің ізгі лебіздерін жеткізді.
Жүрекжарды тілектерден кейін сазды бағдарламаға кезек беріліп, ұлттық нақышта киінген ерекше балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызметкерлері ән салды.
Одан бөлек, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің балауса бишілері, «Жас отау» бишілер тобы, Төле би атындағы орта мектептің оқушысы Алинұр Шаймет көпшілікке өз өнерлерін ұсынды.
-Әр мереке қарсаңында балаларды ұмытпайтын бөлім мен бөлімше ұжымына алғысым шексіз. Төл жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Балаларымыз ән тыңдап, би билеп, сергіп қалдық. Әрі сыйлық алып, қуанышқа кенелді. Осы орайда демеушілерге ризашылығымды білдіремін,-дейді шараға куә болған ата-ана.
Байжан Емберді.