Ақпараттық портал

Майдангердің маңдайы жарқыраған жары

Жыл сайын Жеңіс күні мерекесі қарсаңында 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа қатысып, ерен ерлігімен көзге түскен аға ұрпақ өкілдері туралы жарыса жазып келеміз. Өйткені, Отан күзету мен оны қорғаудан артық мерейлі міндет жоқ. Бұл үрдіс әлі де жалғаса беретіндігі айдан анық. Ел ішінде «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген аталы сөз жастайымыздан санамызға сіңіп қалған. Дейтұрсақ та, бұл жолы майдангерлердің жесірлері жайлы ой қозғауды жөн көрдім. Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін Шу аудандық зейнетақы төлеу орталығына телефон шалғаным бар.

Мемлекеттік мекеме қызметкері Шу ауданында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің бүгінгі таңда жер басып жүрмегендігін қынжыла жеткізді. Сөз соңында аудан бойынша он бір майдангер жесірінің бар екендігін тілге тиек етіп, солардың бірі Батырбекова Оңайкүл Шаймаханқызының Төле би ауылында тұратындығын ескертті.
Оңайкүл апайдың аты-жөнін естігенімде өзім іштей толқығаным бар. Неге десеңіз, бұл кісімен бұрыннан таныспын. Ұлы Отан соғысының ардагері Төрехан Батырбековтың жары екендігін білетінмін. Кейінгі кездері апаймен соғымбасы, құдайы тамақ сияқты жиындарда кездесіп жүрдік. Байқағаным, апай әңгімешіл кісі, өткен-кеткенді қаз-қалпында жеткізе біледі, қарапайымдылығы мен сабырлылығын жазбай таныдым. Ол кісі сөз арасында отағасы Төрехан аға туралы көбірек айтатын. Әсіресе, бақилық болып кеткеннен кейін де күйеуінің кісілік келбетімен, кішіпейілділік парасаты жайында айтудан жалыққан емес. Сондай-ақ, ұл-қыздарының алған асулары мен бағындырған белестерін айтып отыратын. Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын, тоқшылық болсын дегенді жиі қайталайтын. Осындай түйсігіне қарап, апай қандай жоғарғы оқу орнын бітірді деп ойлап қалатынмын. Бір кездесуімізде көптен бері көңіліме күдік ұялатқан сауалды ол кісіге қойғаным бар. Сол кезде апай асықпай-саспай бабын сақтап: «Қарағым-ау қайдағы жоғарғы оқу орнын айтасың, мен орта мектепті бітірген жылы тұрмысқа шығып кеттім»-деген еді.
Ол кісі «Мен майдангердің жесірімін»-деп кеуде керген емес. Сөз арасында жастайынан тағдыр тауқыметін көп көргендігін атүсті ғана айтатын.
Еліміздің батыс бөлігінде жан беріп, жан алысқан соғыстың жүріп жатқандығына байланысты алыстағы қазақ ауылдарында да маза бола қоймады. Тепсе темір үзетін ер азаматтар қолдарына қару алып, майдан даласында жүрді. Ауылдағы күнкөрістің қамымен әйелдер қауымы мен бозбалалар айналысты. Күш-қайраты қайта қоймаған кейбір кемпір-шалдар да бас-көз болып, «Майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп, көрген бейнеттері аз болмады.
Шаймахан Жолтайұлы да 1942 жылы әскерге шақырылып, майдан даласын бетке алады. Сол кезде Оңайкүл қызы небәрі төрт жаста болатын. Ойда-жоқта арнасы кең, түбі терең тоған қазуға атсалысып жүрген анасы Орынбасар ауыр жұмыстан қатты сырқаттанып, төсек тартып, жатып қалады. Бір атап айтар жай, Шаймахан соғысқа барар алдында бала-шағасының болашағын ойлап, оларды біраз азық-түлікпен қамтамасыз ететіндей әрекет жасайды. Атап айтқанда, қолдағы бар бес-алты ешкінің үшеуін сойып, етін кептіріп, бақанға іліп қойды. Сонымен қатар тары, жүгері, бидай сияқты өнімдерді көрпелердің арасына көктеп сақтады. Олар жүк жинағандай, көлденең көзге түсе бермейтіндей етіп, шымылдық астына сақталды.
Қайран, әке! Өзі соғысқа кетіп бара жатып, отбасы мүшелеріне осындай азық-түлік қорын жасағандығын ел-жұрты әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді.
Сол кезде Шу бойындағы Масақ Ақтөбе ауылына да жер аударылған қарашай ұлтының өкілдері қоныстана бастайды. Олардың да жағдайлары мәз емес болатын. Кисе киімге, ішсе тамаққа жарымай, жол азабын көп көрген «күтпеген қонақтар» Шаймаханның отбасына деген азық-түлігіне еріксіз қол салады. Қазақи ауыл тағдыр тәлкегіне түскен жандармен жаға жыртыспай, барымен бөліседі. Осы жағдайдың өзінен-ақ ұлтымыздың сын сағаттарда сыр бермей, бұрындары көріп-білмеген ағайындармен біте қайнасқандығы таңғалдырады. Анасы Орынбасар аздап тәуір болған соң, қара жұмысқа қайта оралады. Ол кезде жұмысқа шықпай қалғандарды суретке түсіріп, қара тақтаға іліп қоятын. Өлімнен ұят күшті деп білетін ауыл адамдарының қай-қайсысы болса да, мұндай мазаққа қалғылары келмейтін. Әр күнде сәске таман Оңайкүл әкесінен қалған есегіне жайдақ мініп алып, тоған қазып жүрген анасына торсықпен ашымық жеткізіп беретін. Бұл сусынды Орынбасар мен басқа әйелдер жарыса ішіп, шөлдерін басатын. Аузы дуалы әйелдер Орынбасарға қарап: «Сенің осы қызың аман болса, бір елді асырайды» – деп ақ батасын беріп жататын. Үлкендердің алғысын алғанына жас қыз да мәз болады. Сусын тасуды күн құрғатпай әдетке айналдырады.
Шаймаханның тай-құлындай тебісіп өскен құрдасы Сансызбай соғыстан мүгедек болып оралады. Ауылға келісімен Орынбасардың сырқаттанып жатқанын естіп, досының үйіне бет түзейді. Олардың жағдайын көрген соң анасы мен қызын өз үйіне алып келіп, бір айдай күтіп бағады. Досының жақсылығы мұнымен біткен емес. Майданда жүрген Шаймаханның басшыларына әйелі әл үстінде жатыр, қыздары қараусыз қалды деп хат жазғанды тоқтатпайды.
«Бір жамандықтың соңынан бір жақсылық болады» дегендей, 1944 жылы жаз айында құмдағы орман шаруашылығына тартылған темір жолмен Шаймахан Жолтайұлының ауылға аман-есен келе жатқандығы алдын ала хабарланады.
Шаймаханның қадір-қасиеті биік болғандықтан, ауылдың үлкен-кішісі демей, Қорағаты өзеніндегі көпірдің маңына жиналады. Майдангердің көңілін көтеру үшін қызы Оңайкүлді атқа мінгізіп, алдынан алып шығады. Әкесімен қызы қауышқаннан кейін басқалар да жауынгердің аман-есендігін сұрасып, орталарына алады. Әкесі өз үйінде отбасымен қалған кезде алты жасқа аяқ басқан қызына темірден жасалған шәй қасықты ұсынады. Жастайынан әкесіне еркелеп өскен қызы аузын бұртитып: «Басқа қыздардың әкелері аяқ-киім, көйлек әкеліп беріп жатқанда сіз мына қасықты қайдан алдыңыз?»-деп назданады. «Қызым-ай, әкең аман-есен келді. Енді, не сұрасаң да алып беремін, тіпті аспандағы айды да қажет болса, алып берейін»-деп қызын құшағына алып, маңдайынан сүйді. Әкесінің мырзалығына дән риза болып, қызы одан кейін «ананы әпер, мынаны әпер» деп мазалаған емес.
Кейін белгілі болғанындай, Шаймаханның оң жағында алты, сол жағында төрт қабырғасы жарақаттанып, госпитальда бір жылдай емделген көрінеді. Тіпті, алғашқы ота жасалған кезде іш-құрылысында қайшы қалып қойып, соның зардабын тартады. Абырой болғанда тағы да ота жасалып, әлгі қайшы алынғаннан кейін жаны жәй таба бастайды.
Майданнан ауыр жарақаттанып келсе де, туған жердің тұнық ауасы мен туған елдің ыстық ықыласы ержүрек жауынгердің жан азабынан тазаруына негіз болады. Шаймахан Жолтайұлы ұжымшардың негізгі салаларында білек түре еңбек етті. Атап айтқанда, ферма меңгерушісі, егіс бригадирі, басқарма басшысының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарып, ел құрметіне бөлене білді. Отбасында Оңайкүлден кейін екі қыз бен үш ұл дүниеге келді. Олар да елімен бірге өсіп-өнді.
Оңайкүл апаймен сұхбаттасып отырған бір сәтте ол кісі біраз ойланып қалды. Не ойлағанын кім білсін?! Сәлден соң бас иесі Төрехан ағай туралы әңгіме желісін соза түсті. Айтуына қарағанда, Төрехан Батырбеков 1942 жылы орта мектепті бітіреді. 1943 жылы қолына қару алып, ел қорғауға майданға аттанады. 1943-45 жылдары Севостополь авиациялық №15 гвардиялық полкінің аға механигі болады. Бар күш-жігерін жауды жоюға жұмсайды. Отаны үшін отқа түсуге даяр жалынды жас қайсарлығымен ерекшеленіп, бас старшина шеніне дейін көтеріледі. 1943 жылы Курск шайқасына, 1944 жылы Крым операциясына, 1944-45 жылдары Еуропаны фашизмнен азат етуге өз үлесін қосты. Севостополь авиациялық №15 гвардиялық полкі Белорус фронты Ленинград қаласын қорғады, Прибалтика территориясында шайқасқа қатысты, соғысты Шығыс Пруссияда аяқтады.
1944 жылы №15 Севостополь авиациялық полкінде жасаған ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Отан қорғау жолындағы ерлігі мен табандылығы үшін 1944 жылы «Ерлігі үшін», «Германияны азат еткені үшін», 1945 жылы және 15 әскери медальдарды иеленді. Ұлы Жеңісті орнатуға атсалысқан ағамыз 1951 жылы аман-есен еліне оралады.
Майдан даласында осындай ерен ерліктерімен еленген Төрехан Батырбекұлы өз мекеніне оралған соң да, қол қусырып қарап жатпады. Қандай қызмет атқарса да, оның қалтқысыз орындалуымен көзге түсіп, біраз жылдар ауданның су шаруашылығында нұсқаушы қызметін атқарған. Аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі бола жүріп, өз міндетіне адал қараған. Ал оның іскерлігі мен икемділігі аудандық атқару комитетінің жауапты секретары болған жылдары айқын байқалды. Аудан басшыларымен бірге ауданның экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайларын жақсартуға бір кісідей атсалысты.
Бәлкім, содан болар, Төрехан Батырбековке үлкен сенім жүктеліп, Алматыдағы жоғарғы партия мектебінен дәріс алуға жолдама берілді. Осы оқу орнының тыңдаушысы бола жүрсе де, ауданның тыныс-тіршілігінен қол үзген емес. Саяси жоғары білім алғаннан кейін Төрехан ағайға бюджеттік мекеме қызметкерлері аудандық кәсіподағы басшысының тізгіні берілді. Мұндай сенімді де жауапкершілікпен ақтап, қырағы қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Қарт майдангер кәсіподақ комитетінің жұмысын жандандыра отырып, қатардағы еңбек адамдарының құқықтарын қорғай білді. Сонымен қатар, соғыс ардагерлеріне берілетін жолдамалар мен қат тауарларды рет-ретімен бөліп беруге баса назар аударды. Қандай қызмет атқарса да, қара басының қамын емес, қоғамдық мүддені қорғай білді.
Осындай азаматтық белсенділігінің арқасында ол кісі қайтыс болғаннан кейін, Төле би ауылындағы бұрынғы Строитель көшесі Төрехан Батырбеков көшесі болып аталды.
«Ер есімі – ел есінде» деген аталы сөз осындайда еріксіз ойға оралады. Ерлі-зайыпты Төрехан мен Оңайкүл алты баланың ата-анасы атанды. Өкінішке қарай, тұңғыштары Қанат Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының бірінші қурсында оқып жүрген кезінде, небәрі жиырма бір жасында оқыс оқиғадан опат болды. Құдайға шүкір, басқа ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, ұрпақтарын өсіріп, ел қатарлы ғұмыр кешуде. Орайы келгенде үлкен қызы ұлағатты ұстаз Батырбекова Дәнегүл Төреханқызына жолығып, анасы туралы өз ойын ортаға салуды сұраған едім.
Ол аз-кем ойланып тұрып, былай деді: «Әркім-ақ, өз анасын ардақтайды, аялайды. Әйткенмен, бала кезден ауыл тәрбиесін көрген, үлкендердің ақ батасын алған, ата-анасының қолғанаты бола білген анашымның жөні бөлек. Атап айтқанда, әкеміз жауапты қызметтерді атқара жүріп қазақи қонақжайлылықты ұстана білді. Өйткені, анамыз үй шаруасымен айналысса да, бас иесінің қас-қабағына қарап, оның айтқан әрбір сөзін орындауға күш салатын. Үйімізге күн құрғатпай қонақтар келіп жатса да, шешеміз қабағын бір шытқан емес. «Қонақ келсе құт келеді» деп қуанатын. Анамыздың осы бір сөзі жүрегімізде сақталғандықтан біз де қонақ күтуден қалыс қалмаймыз».
Жасы тоқсанға таяп қалса да Оңайкүл апай әлі күнге дейін өзін сергек ұстайды, әртүрлі кітаптар мен газет-журналдарды күні бүгінге дейін оқып тұрады. Теледидардан берілетін жаңалықтарға құлақ түреді. Ислам жолын үлгі тұтып, отыз күн оразасын жыл сайын ұстайды. Қайырымдылық шараларына да қатысады. Әр жұмада әлеуметтік әлсіз жандарға көмек қолын ұсынады.
Майдангердің маңдайы жарқыраған жары аталған Оңайкүл апай екінші ұлы Марат пен келіні Гүлмирамен бірге қара шаңырақта тұрып жатқан жайы бар. Тоқетерін айтқанда, Оңайкүл апай соғыс солдатының жесірі атанса да, жиырма төрт немеренің, жиырма шөберенің ақ пейілді әжесі атанып отыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында елдің бірлігі мен берекесін күнделікті тілеп отырған Оңайкүл Шаймаханқызына қара орманыңыздың қуанышы көп бола берсін деген ізгі ниетімізді білдіреміз.

Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.