Ақпараттық портал

Кенеден келер қауіп көп

Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп ұрпағына ұлағат еткені белгілі. Сондықтан халыққа құзырлы мекемелер дерт және оның дауасы жайлы ұдайы құлағдар етіп отырғаны абзал. Себебі көп адам қауіп-қатермен бетпе-бет келмегендіктен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілген мағлұматқа бейжай қарайтыны жасырын емес. Әсіресе, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КГҚ) туралы жерлестеріміз жақсы білуі шарт. Өйткені, көбінесе жұртшылық мамыр айында табиғатқа, тау мен өзендерде серуендеуге жиі шығады. Мұндай орындарда аталмыш аурудың тасымалдаушысы саналатын кененің шағуы әбден мүмкін.

Осыған орай, Шу ауданында арнайы мамандардың қатысуымен ауқымды семинар өткізілді. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш жүргізіп, меймандарға сөз кезегін ұсынып отырды.
Мәселені, Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Талғат Шымырбаев жиналғандарды аурудың клиникасы, диагностикасы мен емі туралы ақпаратпен таныстырып өтсе, Ұлттық сараптама орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Ақмарал Жарылқасынова биологиялық қауіпсіздік пен сынама алу тәртібін тәптіштеп түсіндірді.
Сондай-ақ жиын барысында облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Күмісбек Рахимов баяндаса, модераторлық міндетін атқарған Серікхан Қуатұлы ауданның көктемгі залалсыздандыру жұмыстарына дайындығы жайында ақпарат ұсынды.
-Шу ауданында КГҚ қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде мал қораларын дезинфекциялау шаралары қабылдануда. Бұл дәстүрлі жұмыс биыл да қарқын алып отыр. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы материалдар тұрақты түрде жарияланып, әлеуметтік желілердің әлеуеті кеңінен пайдаланылуда,-деді С.Пернеш.
Сақтық – қоғам саулығы екенін түсіндірген семинар барысында сұрақ-жауаптарға кезек беріліп, ауылдық округтардан келген мамандарға маңызды кеңестер айтылды. Басқосу мәресінде маңызды мәселе турасында мол мәлімет ұсынған қонақтарға алғыс айтылып, сақтықта қорлық болмайтыны тағы бір мәрте ескертілді.
Естеріңізге сала кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл маусымдық ағымымен ерекшеленетін табиғи-ошақтық сырқат. Оның өршуі мамырдан тамызға дейінгі кезеңді қамтиды. 80 пайыз жағдайда диагноз 20 жастан 60 жасқа дейінгі адамдарда расталады. Табиғаттағы КГҚ негізгі тасымалдаушылары мен көздері әртүрлі кеміргіштер, үй және жабайы жануарлар (ірі қара мал, жылқы, ит, шошқа), сондай-ақ вирусты өмір бойы сақтап, оны ұрпақтарына таратушылар ол-кенелер. Бұл ауру ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жандарда жиірек кездеседі.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.