Қазақ хандығының туы неліктен Шуда тігілді?
1465 жылы Моғолстан мемлекетінің батысындағы Шу мен Қозыбасы жерінде Керей мен Жәнібек сұлтан Қазақ хандығының шаңырағын көтергені белгілі. Ол туралы жалғыз жазбаша дерек тек Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында келтірілгені мәлім. Осы деректің негізінде, 2015 жылы халқымыз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті.
Ұлы қағанның мұрагерлері
Бірақ Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының шаңырағын неліктен Шу жерінде көтерді деген сұрақ осы күнге дейін жауапсыз қалып отыр. Сонымен қатар Моғолстанның сол кездегі билеушісі Есенбұға, Шағатай ханның ұрпағы бола тұра, неліктен өз мемлекетінің едәуір бөлігін Жошы ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібекке бөліп берді деген сұраққа да әліге дейін жауап жоқ. Бұл сауалға жауапты, менің ойымша, Шыңғыс хан құрған ұлы империяның тарихынан іздеу керек. Өйткені, ол тарихты жазған Рашид ад-Диннің айтуынша, Шыңғыс хан көзі тірісінде барлық жаулап алған ел мен жерді өзінің жақындары мен төрт баласына бөліп берген.
1269 жылы Қайду хан шақырған Талас Құрылтайының шешімімен Құбылай мемлекетінен Жошы, Шағатай және Қайду атты үш дербес ұлыс бөлініп шықты. XIV ғасырдың бас кезінде кейінгі екі ұлыстың оңтүстік-шығысында Моғолстан деп аталған дулат мемлекеті құрылды. Ал 1370 жылы Шағатай ұлысының батысындағы Мәуреннахрда Шыңғыс ханның жақын аталас туысы Әмір Темір құрған мемлекет пайда болды. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулатидің бүкіл әлемнің ғалымдарына танымал «Тарих-и Рашиди» кітабында мынадай дерек келтірілген: «Қашғар уәлаятын Шыңғыс хан жаулап алды. Шыңғыс ханның көңілі Иран мен Тұранды және бар әлемді жаулап алу жорығын аяқтаған соң тыныштанып, ата жұртына қайта оралып, барлық басып алған жерді төрт ұлына бөліп берді. Хәзәр һәм Қыпшақ даласын түгелдей, бір жағы Рұм және мұхитпен, екінші жағы Мәуреннахр және Моғолстан шекарасымен шектесетін аумақты үлкен ұлы Жошы ханға берді. Моғолстанды толық, Қара Қытайды, Түркістан мен Мәуреннахрды Шағатай ханға берді. Қытайды толықтай Төлеге берді. Өзінің атамекені – негізгі орда Қарақорым мен Қалмақты Үгетайға тапсырды. Әскер мен әмірлерді де ол тағы осылай бөліп берді. Сол бөлінген үлесте дулат тайпасы Шағатай ханның үлесіне тиді. Шағатай хан Дулатқа Маңлай Сүбені тапсырды. Маңлай Сүбе– «күнгей жақ» деген мағынаны білдіреді. Маңлай Сүбе бір жағы Шашпен, екінші жағы Шалыш, бір шеті Ыстықкөл және бір тарабы Сары Ұйғырмен шектеседі. Осы қоршалған төрт тараптың ортасында Қашқар мен Хотан орналасқан. Дулат арасынан бірінші болып, аталған өлкеге иелік еткен әмір Байдаған болған (Мұхаммед Хайдар Дулатидің атасы. – Е.И.). Байдағаннан ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға, перзенттен-перзентке мұра болып, айтылғандай мырза Әбу Бәкірге дейін жетті (Мырза Әбу Бәкір Есенбұға ханның баласы Досмұхамед ханның қызының күйеуі, XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың бас кезіне 48 жыл бой Қашқар уәлаятын билеген. – Е.И.)».
«Маңлай Сүбе» туралы «Тарих-и Рашидидің» 35-бетінде тағы да мынадай дерек бар: «Шағатай хан өз иеліктерін бөліске салғанда Болатшының атасы Өртебураға «Маңлай Сүбені» берген. «Маңлай Сүбе» күнгей бет жағы болған, оның шығысы Қусан және Тарбұғыр, ал батысында Шаш (Ташкент), Газ және Ферғана уәлаятының шеткі аймағы болған Жақышман (Жақсыман). Ал солтүстігі Ыстықкөл, оңтүстігі Тұрфан және Сары Ұйғырмен шектескен. Осы аймақты «Маңлай Сүбе» деп атайды. Мұнда әмір Болатшы билік ететін. Сол заманда бұл өлкеде бірнеше үлкен қалалар болған. Олардың ең үлкені Қашқар, Хотан, Жаркент, Касан, Ахсикент, Әндіжан, Ақсу, Ат Басы, Қусан еді. Әмір Болатшы осы қалалардың ішінде Ақсуда тұратын.
Қайду хан қайда
жерленген?
Шыңғыс хан мен оның төрт ұлының ұрпақтарының арасынан көптеген атақты қағандар, хандар мен қолбасшылар шыққаны белгілі: Бату хан, Күйік қаған, Мөңке қаған, Құбылай қаған, Қулағу хан және басқалар. Солардың ішінде Қайду ханның алатын орны ерекше.
Рашид ад-Диннің айтуынша, Үгетай қағанның немересі Қайду хан мен онымен одақтас болған Шыңғыс ханның ұрпақтары көшпелі болып, ата-бабаның салт-дәстүрімен өмір сүруді мақсат тұтқан. Ал Мөңке қаған бастаған екінші топқа кіретін Шыңғыс ханның ұрпақтары отырықшылдық пен қалалық өмірді қалаған. Сондықтан Қайду хан бүлік шығарып, отыз жыл бойы Құбылай қаған мен Абақа ханның және олардың ұрпағына қарсы соғысты. Ол Жошы ханның ұрпақтарымен тіл табысып, Құбылай қағанның туған бауыры Арық-бұғаны, Шағатай ханның немересі Барақты және де бірқатар ханзадаларды өз жағына тарта алды. Олардың көмегімен Арық-бұғаны таққа отырғызуға әрекет жасады, бірнеше аймақты басып алды. Сол кездегі Кәрі-Сайрам деген Күнші ұлысына қарайтын, бір шетінен екінші шетіне дейін бір күн бой жүруді қажет ететін, 40 қақпалы көне және үлкен қала Қайду ханның иелігінде болды.
«Жамиғ ат-тауарихта» мынадай дерек келтірілген: «701 хижри жылы Қайду Барақтың ұлы Дуамен бірге Темір қағанның әскеріне қарсы шайқасып, жеңіліс тапты. Ол соғыста екеуі де жарақаттанды».
«Қайду мен Камала Чапқа өзені ағып өтетін қыр-жартастардың маңындағы Таклаку жерінде соғысқанына төрт жыл болды. Алдымен олар Қуба тақ (Құба тау) жерінде шайқасты да, Қаралту тауларының маңында шайқасуға келісті. Бұғы Масар ол жаққа күздің ортасы болғанда, үшінші айда келді. Дуа тағы да кешікті. Қаған (Темірдің) әскері Қайдуды екінші айда қуып жетті. Олар Қайдумен шайқасып, оны жеңді. Екінші күні олар онымен (қайта) шайқасып, Қаралту аймағында соғысты. Қайду кенеттен ауырып қалып, әскерін кері бұрды. Бір айдан соң (705 х.ж.) ол Тайқан науыр жерінде дүние салды. Он күн ішінде оны ордасына алып келді. Ол кезде жасы елу мен алпыстың арасында еді. Айтуларынша, оның сақалы ағарып келе жатқан, бөлек-бөлек тоғыз тал сақалдан тұратын еді. Ол орта бойлы, тұрпатты болатын, шарап, қымыз ішпейтін және тұз жемейтін. Оның сүйектері мен оған дейін дүние салған кейбір ханзаданың сүйектері Іле мен Шу өзендерінің ортасындағы Синқурлық деп аталатын өте биік тауда орналастырылған.
Шу (деген) – елді мекені көп аймақ. Оның екі үлкен елді мекені бар – Тарсакинт және Қарналық. Ол жерден Самарқанға дейін екі аптадай жол болады. Ол жақта Қайдудың қызы Құтұлын қарапайым өмір сүреді және әкесінің жерленген жерін, қорығын қорғайды…»
Бұл деректерге қарағанда, Қайду ханның Құбылай қағанның немерелері Темір қаған мен Камаланың әскерімен шайқасы Алтай тауының оңтүстігінде, Балқаш көлінің шығыс жағындағы қазіргі Алакөлдің маңында болған (менің па-йымдауымша, жарақаттанған Қайду ханды ол көлге емдеуге әкелген. Өйткені оның аталары Үгетай қаған мен Күйік қағанның ордалары Еміл өзенінің бойында болған. Сол заманда Алакөл «Тайқан науыр» деп аталса керек).
Алакөлден Қайду ханның ордасы орналасқан Шу өзеніне дейінгі аралықтың қашықтығы 600–700 шақырым болады, яғни мәйіт салған арбаға он күндік жол. Ал Шудан Самарқанға дейінгі қашықтық шамамен 900 шақырым. Ол атты адамға он күндік жол.
Қайду ханды ата-баба дәстүрі бойынша қазіргі Жамбыл облысына қарасты Шу ауданындағы «Сұңқарлық» деп аталатын биік таудың басына жерлеген. Онда Қайду ханмен қатар, одан бұрын қайтыс болған ханзадалардың мәйіті де жерленген. Қазіргі кезде ол тау «Сұнқар» деп аталады.Оның биіктігі – 1052 метр. Ол Шу-Iле жоталарына жататын Хан таудың солтүстік беткейінде орналасқан. Менің ойымша, бұл Хан таудың атауы да тектен-тек емес, яғни ол жерде ханның (хандардың) ордасы болған. Ол таудың аңғарларында б.з.д. бірінші мыңжылдыққа тиесілі және біздің заманымыздың V–VIII ғасырларына жататын 1000-ға жуық петроглиф ( жартас суреті) бар.
Сонымен, қорыта айтқанда, Қайду хан – Шыңғыс ханның ұрпақтарының арасынан шыққан атақты қолбасшы, кезінде ең қуатты держава ретінде мойындалған, 6 ғасыр бойы көптеген Еуразия мемлекетінің тағдырына ықпал жүргізген жоғарыда аталған үш ұлыстың, соның ішінде Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы тұлға, өзінің мәңгілік мекені етіп қазіргі Жамбыл облысына қарасты Шу өңіріндегі Сұңқар тауындағы шыңды таңдапты. Сол биіктен әлі күнге дейін өзінің ата-бабаларының қасиетті жерін қорғап тұр.
Жайсан – қасиетті мекен
Шу өңірінде тағы Жайсан атты аспан астындағы ашық музей, қасиетті мекен бар. Онда 68 археологиялық және 18 тарихи ескерткіш орналасқан. Олардың қатарында үш археологиялық ескерткіш пен аңшылықты бейнелейтін бес жартас суреті бар. Тастан жасалған 35 балбал – V–VIII ғасырдан қалған ескерткіш. Қорғандарға орнатылған еркек пен әйелдің мүсіні бейнеленген тас балбалдардың қолында ыдыстары бар. Бұл жәдігерлер мен деректер, ол жерде табылған еңбек құралдары мен мыс-кен орындарының қалдықтары, Шу өңірінің мыңдаған жылдар бойы адам үшін құтты мекен болғанын көрсетеді.
«Жамиғ ат-Тауарихтағы» дерек бойынша, шамамен біздің заманымызға дейінгі екі мың жыл бұрын Шу өңірі Мұғулстан (Моғолстан) деп аталған, мұғул тайпаларының ата жұрты болған. Олар өніп-өсіп, көбейгеннен соң, Алтайдан Байқал көлінің шығысына дейінгі жерлерді мекен еткен, ол жерлерге де Мұғулстан деген атау берген. Аңыз бойынша, Атилла Дунай жерінде өмірден өткеннен соң, оның мәйітін Шу өңіріндегі туған жеріне жасырын түрде алып келіп, ата-бабасының қорығына жерлеген.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша, Моғолстан билеушісі Есенбұға Қайду ханның Құбылай қаған мен оның ұрпақтарына қарсы соғыста одақтасы болған Дуаның тікелей ұрпағы. Ал Қайду хан, жоғарыда атап өтілгендей, Жошы әулетімен тіл табысып, тығыз қарым-қатынаста болған.
Менің пікірімше, Мұғулстан билеушісі Есенбұғаның Жошының ұрпақтарына жататын Керей мен Жәнібекке үлкен құрмет көрсетіп, оларға Қайдудың ордасы болған Шу өңірінің жерін бөліп бергенін, ол жерде Керей мен Жәнібек сұлтан қазақ хандығының шаңырағы мен туын көтергенін Қайду хан мен Дуаның одақтастығының нәтижесі деп білу керек. Бұл деректің көпшілігін біздің билік пен халқымыз біле бермейді. Білсе де, ол өңірдегі тарихи ескерткіштерді терең зерттеп, оларды халықтың игілігіне пайдалануға, туризмді дамытуға осы күнге дейін еш қандай жағдай жасалмаған.
Осы жылдың қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев туризм саласын дамытуды кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарап, бұл салаға инвесторлар тартып, қажетті инфрақұрылымдарды салуды тапсырғаны белгілі. Менің ойымша, Шу өңірінің туристік әлеуеті өте жоғары, Президенттің тапсырмасын орындау үшін бірден-бір таптырмайтын мекен. Ал 2025 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толады. Бірақ қазақ атауы қалыптасуының қайнар бастауында тұрған осы мемлекеттің бұл мерейтойы, биыл Қазақстанда аталып өтетін ерекше даталардың тізбесіне кірмей қалыпты. Өкінішті-ақ…
Ержан Исақұлов,
саяси ғылым докторы.