Ақпараттық портал

Ел тарихындағы ұмытылмайтын кезең

Бұл 1941-1945 жылдар. Фашизммен бетпе-бет келген сұрапыл шайқастар. Осы жылдары Отанын қорғап, жер бетіне бейбітшілік орнату үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін күрескен батырлар, майданда қаза болған жауынгерлер туралы естеліктер де, ескерткіштер де көп. Соның бірі – ауданымызға қарасты Абай ауылындағы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орнатылған ескерткіш. Бұл 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысында шейіт болған 95 боздақты мәңгі есте қалдыру мақсатында орнатылған еді.
Ескерткішке тапсырыс берушілер – аудандық партия комитеті мен ауыл тұрғындары. Тапсырысты орындау сол жылдары Абай атындағы мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Дота Қазақбаевқа тапсырылды. Бұл азаматтың ұзақ жылдар ұрпақ тәрбиесімен айналысып, оның ішінде патриоттық тәрбиеге зор үлес қосқандығы және басшыға тән ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі, әр іске аса жауапкершілікпен қарайтын дағдысы ескеріліп, оған Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында көпшілік тарапынан үлкен сенім артылды. Сол себептен, Дота ағай берілген тапсырманы орындауға кірісіп кетеді.
Ескерткішке мемлекеттен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Ол кезде демеуші, меценат деген ұғым да жоқ болатын. Жерді қарастыру, эскизін дайындау бір шаруа да, ауыл тұрғындарына осы ескерткіштің қажеттілігін түсіндіру екінші шаруа, ал сол ескерткішке есімдері жазылатын ойда жоқта соғысқа аттанып, майдан даласында шейіт болған 95 ерді анықтау тағы бір үлкен шаруа еді. Аудандық мұрағатпен, әскери комиссариатпен байланысып, Кеңес одағының мұрағаттарынан деректер жинау қажырлы еңбекті қажет етті. Осы тұста мектеп мұғалімдерінің ерен еңбегін атап өткен жөн.
Ескерткішті тұрғызуға, құрылыс материаларын алуға ауыл тұрғындары қаржылай көмек берді. Мектеп мұғалімдері мен сол кездегі жоғарғы сынып оқушылары, яғни 13-14 жасар бозбалалар құрылыс жұмыстарына араласты.
Иә, биыл миллиондаған адамның өмірін қиып, өркениетті, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл. Бұл – ұлы мереке. Екі жүзден астам азаматы Отан қорғауға аттанып, 27 азаматы соғыстан мүгедек болып оралып, 95 ері ерлікпен қаза тапқан Абай ауылы үшін осы ерлерге арналған ескерткіштің бой көтергеніне жарты ғасыр толуда. Осы мақаланы жазуыма себеп те сол.
1975 жылы мен 5 сынып оқимын. Біздің сыныптың пионерлері ескерткіштің ашылу салтанатында оның төрт бұрышында «құрметті күзетші» болғанымыз, әдеби-сазды монтаж қойғанымыз есімізде.
Ардагерлер қан майданда талай отты кештіңдер,
Жастық дәурен қызығы жоқ, азап тартып өстіңдер.
Жеңіс күнін көзбен көріп, тойлағаннан бері де,
Отыз жылы кейін қалды, естен кетпес ол күндер.
Отты күндер өтті, кетті, ал ағалар қартайды.
Жылдар жылжып өткен сайын қатарлары ортайды.
Азаймасын дегенменен, болмайды екен бұл тағдыр,
Азы қалып, көбі олардың мәңгілікке жантайды,-деп өлең оқыдым.
Өзім біраз жыл бұрын мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Сол кездерде Дота ағай телефонмен хабарласып, (ол кісі жиі ескертіп тұратын,тіпті өзі Астанада емделіп жатып –неге ескерткіштің жарығы сөніп тұр?-деп хабарласатын).
–Балам қолыңа қағаз, қаламыңды ал, жаз «Ұрпақтар жалғастырады»-деді
-Нені ағай?-деймін ғой.
-Балам ескеткіш тұрғызылғалы оған мектеп ұжымы қарап, абаттандырып келеді. Жылына бір рет Жеңіс күні қарсаңында осы ескерткіште есімі жазылған боздақтардың ұрпағы гүл қойып, алау жағады- деді.
-Иә, ағай ұрпақтары жалғастыруда. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр,-дедім.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ардагерлер де, ардагерлерге құрмет көрсеткен Дота Қазақбаевта о дүниелік болып кетті. Бірақ, ер есімі, ел есінде.
«…Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес.
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек»,- деп С.Торайғыров жырлағандай, Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы боп жарқыраған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп, жауға аттанған ел ұландары жерін, халқының өмірін, өзі туған өңірін, ақ сүт берген анасын, ақ самал ескен даласын қорғады. Осы соғыста қасық қанын қиып, ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандардың есімі де мәңгі есімізде жаңғыра бермек. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашсын!

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.