Ақпараттық портал

Ерлік жолы ұрпаққа үлгі

Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихында ең алапат қырғын болды. 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 400 мың азамат әскерге шақырылып, оның 601 мыңы ерлікпен қаза тапты. Тек Кеңес одағынан 27 млн адам сұрапыл соғыстың құрбаны болды, ал 38 млн бейбіт тұрғын әр жағдайда ажал құшқан. Жалпы, Ұлы Отан соғысында 500-ге жуық жауынгерлеріміз Совет Одағының батыры атағын алса, арасында ұлты орыс, украин, беларусьтар болған. Төртінші орынды қазақтар алған, демек 105 қазақ Кеңес Одағының батыры деген жоғары атаққа ие болған. Олар қазақ халқының ержүрек, шыдамды әрі батыр халық екендігін әлемге әйгіледі.

Орыс шовинизмінің зардабын қазақтар аз көрген жоқ. Қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары бар және соғыстың зардабы тағы бар. Батырларымыз бұдан да көп болар еді, білетініміз аз, білмейтініміз қаншама?! Солардың бірі – әулиеаталық мерген Ыбырай Сүлейменов дер едім. 300-ге жуық фашистің көзін жойса да, ерлігі лайықты бағаланбағаны жанға батады. Рейхстагқа ту тігіп, көзсіз ерлік көрсеткен ақмолалық батыр Рақымжан Қошқарбаевтың және біз білетін Бауыржан Момышұлының батырлық үлгісі, ерен ерлігі неге тұрады? Қиян-кескі соғыста ерекше тактикасымен қаһармандық жасаған қос батырымыз Рақымжан Қошқарбаевқа тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, ал Бауыржан Момышұлына 1990 жылы 12 желтоқсанда тарихи баға беріліп, Кеңес Одағының батыры атағын алды. Мерген қыздарымыз Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, жерлесіміз Сәду Шәкіровтерге де осы атақ берілді. Даңқты ұшқышымыз Талғат Бигелдиновтің жоғары атақты екі мәрте иеленген тұңғыш қазақ екенін біреу білсе, біреу білмейді. Кеңес Одағы батыры атағын алғаш алған қазақ жауынгері ақмолалық Мәлік Ғабдуллиннің де есімін ұлықтау – кейінгі ұрпаққа парыз. Кеңес Одағы батыры атағын алғашқылардың бірі болып алған Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің де қазақтың тұңғыш Қорғаныс министрі болғандығын көбі біле бермейді.
Мен Талдықорған қаласының қорғаныс комиссариатынан 1973 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Қарағанды қаласындағы №6505 әскери бөлімшесіне түстім. Мұнда айтайын дегенім, Ұлы Жеңістің 30 жылдығында Н.Әбдіров алаңында өткен шеруге қатысқаным. Нүркен Әбдіров – Совет Одағының батыры, орыстың ұшқышы И.Гастеллоның батырлық ерлігін қайталаған алғашқы қазақ ұшқышы еді. Ұшағына оқ тиіп, жана бастаған кезде ұшағын фашистердің техникасы шоғырланған жеріне бағыттап, жарылған.
2009 жылы Далақайнар ауылында Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыстан қайтпай қалған боздақтарға арналған «Ешкім де ұмытылмайды» ескерткіші ашылған еді (құрылысын жүргізген кәсіпкер Н.Нурадинов). Ауылға соғыс кезінде қоныс аударған азаматтар, әйелдер ауылдың ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, теміржол саласында тер төгіп, көбісі мұғалімдік қызметті де лайықты атқара білді. «Далақайнар» совхозын әр жылдарда басқарған басшылар Жеңіс күндері ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсететін. Осы тұста ауылымыздағы Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері 2011 жылы 87 жасына қараған шақта дүниеден өткен Финаділ Ахметжановпен өткен кездесу әлі есімде. Жылдар сырғып, арамызда екінші дүниежүзілік слғысқа қатысқан жауынгер бабаларымыз да қалмады. Тағы бір атап өтетін жай, Ұлы Жеңістің 70 жылдығында ауылдан соғысқа аттанған 45 асыл азаматты еске алуға арналған мерекелік іс-шара өтіп, біздің әулет олардың рухына құран бағыштап, ас берген болатын.
Ауданымыздың Оқушылар сарайы мен спорт кешенінде 12 сәуір күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты ардагерлер арасында аудандық спартакиада өткен болатын. Аудандық іс-шарада спорттың бірнеше түрінен, яғни тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, волейбол, үстел теннисінен жарыс болды. Далақайнар ауылынан қатысқан екі ардагер Болат Абдраимов шахматтан және осы жолдардың авторы дойбыдан жарысқа қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленіп, бағалы сыйлық және дипломмен марапатталды.
Соғыстың соңғы солдаттарының да қатары сиреп келеді. Мемлекетіміз бойынша 111 соғыс ардагері қалса, облыс бойынша 4 соғыс ардагерінің қалғандығы жайлы дерек бар. Сондықтан батыр бабаларымыздың ерлігін өскелең ұрпаққа дәріптеу ісіне даңғыл жол салуымыз керек. Болашақта ауыл әкімі Болат Ошановтың бастамасымен Ұлы Отан соғысына қатысқан 45 жауынгердің есімдерін тасқа қашап жазу ойымызда бар. Ауылда қазіргі таңда 10 шақты Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің ұрпақтары тұрады. Жылдағы дәстүр бойынша батыр бабаларымыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерліктерін еске аламыз.

Әділхан Тоқтыбеков,
Далақайнар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.