Ақпараттық портал

Адалдық пен ерліктің айнасы

Ұлы Отан соғысы — адамзат тарихындағы ең зұлмат, ең ауыр кезеңдердің бірі. 1941 жылы 22 маусымда басталған соғысқа Кеңес Одағының миллиондаған азаматтары қатысып, туған жерді жаудан қорғауда қайтпас қайсарлық танытты. Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер майданға аттанды. Олардың қатарында біздің жерлестеріміз де болды.
Ұлы жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл жеңіс қанмен, жанмен, көз жаспен келген. Миллиондаған аналар жесір, балалар жетім қалды. Бірақ халық рухы сынған жоқ, керісінше, темірдей тәртіп пен мызғымас бірлік елді жеңіске жеткізді. Жеңіс батыр бабаларымыздың, тылда еңбек еткен ардақты аналарымыз бен ақсақалдарымыздың маңдай тері мен жанқияр ерлігінің жемісі. Бүгінгі бейбіт өмір, тәуелсіздік пен тыныштық – сол жеңістің жеңісі ардагерлердің бізге қалдырған қасиетті аманаты.
Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай, Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Аблезовке арнайы бұрыш ашылды. Халқымызда «Елге еңбегі сіңген ер ұмытылмайды» деген ұлағатты сөз бар. Сондай ардақты жандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт еңбектің алдыңғы қатарлы өкілі Аблезов Рахымжан. Ол 1921 жылы дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, туған жерінің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай өсті. 1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда, ол өз еркімен майданға аттанды.
Соғыс жылдарында жауынгерлік тапсырмаларды табандылықпен орындап, ерлігімен көзге түсті. Әсіресе, Сталинград шайқасында көрсеткен батылдығы мен төзімділігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Одан кейінгі кезеңде Берлин операциясына қатысып, «Берлинді алғаны үшін», Праганы азат етуге атсалысып, «Праганы азат еткені үшін» медальдарын иеленді. Майдан даласындағы ерлік істері «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен атап өтілді. Оның ерлік жолына Кеңес Одағының жоғарғы қолбасшысы И.В.Сталиннің 1944 және 1945 жылдардағы Алғыс хаттары да дәлел.
Соғыстан кейін, 1946 жылы гвардия капитаны шенімен елге оралған Рахымжан Аблезов бейбіт еңбектің бел ортасынан табылды. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып, кейін партия және кәсіподақ ұйымдарында белсенді қызмет атқарып, ел дамуына өзіндік үлес қосты. 1977 жылы оның еселі еңбегі «Еңбек ардагері» медалімен бағаланды.
Рахымжан атамыздың өмірі – өскелең ұрпақ үшін үлгі. Оның ерлігі мен еңбегі ауданымыздың тарихындағы ерекше беттердің бірі. Осындай азаматтардың есімін ұлықтау – бізге парыз, кейінгі буынға – аманат. Бұл көрме – ерлікке тағзым, тарихқа құрмет, ұрпаққа өнеге. Біз Отан үшін от кешкен ардагерлерімізді мәңгі есімізде сақтаймыз.
Аида Берденова,
музей меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.