Белгісіз жауынгердің бедерінде нұр бейнең
Тарыдай шашылып кетердей талай нәубет жылдарды басынан өткерген текті халқымыздың өткеніне үңілсеңіз, қилы-қилы кезеңдердің іздері сайрап жатыр. Соқтықпалы-соқпақсыз сүрлеулерден, тар жол тайғақ кешулерден өтсе де қаһармандық қасиетімен, өр рухымен барлығын еңсере білді. Талай бүлдіршіндерді балалығынан айырып, аналарды жесір, балаларды жетім қылған екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр.
Бүгінде арамыздан жауынгер бабаларымыздың қатары сиреп кетсе де сол жандардың ерлігін, естелігін, өсиетін сан мәрте естіп, естігенімізді жадымызға түйіп, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеген жандардың қатарынан табылғаныма кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Мен мектеп қабырғасында жүрген сәттерімде жыл сайын 9 мамыр қарсаңында білім ошағына екінші дүниежүзілік соғыстың куәгерлерін шақырып, мән-мағынасы терең талай іс-шараларды өткізуге үлес қосқан едік.
Талай тарихи тұлғаларды түлеткен қарашаңырақ – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте еңбек еткен жылдарымда 9 мамыр-Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өтетін патриоттық бағыттағы іс-шараларды өткізген сайын кеудеме бір өксік тығылатын. Неге десеңіз, менің атам Манабайдың жүректерге сызат салған сол бір соғыстан оралмақ тұрмақ, не қара қағаз да келмегені, қай қиырда жан тапсырғаны да беймәлім болғаны жаныма батады. Манабай атам екі ағайынды болған екен. Манабай және Жаңабай деген қос ұл. Манабай атамыз өзінің кіндігінен тараған Шапау ұлын Жаңабайдың бауырына салып берген екен. Содан бері біз Манабайдан тарасақ та өзімізді Жаңабайдың тікелей ұрпағымыз деп келдік. Манабай атамыздың тектілігі болса керек, жалғыз ұлым мен жалғыз бауырым аман болсын деп, солардың жолында өзінің шыбын жанын қиюға даяр болып, ештеңеге қарамастан соғысқа аттанады да кетеді. Міне, сол Манабай атамыз соғыста ізім-қайым жоғалып, хат-хабарсыз кетіп, тіпті қара қағаз да келмеген. Кейінгі жылдарда ұрпағы қанша іздеу салса да мардымды жауап ала алмаған. Бірнеше рет хат келгенде үнемі «Свердловск деген ауданда шахтада жұмыс істеген» деген ақпараттар келетін. Бұдан бөлек, атамыз туралы ешқандай дерек ала алмадық.
Халқымызда “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген аталы сөз бар. Осы тұста Манабай атамыздың артында атына кір келтірмей, әке атын әспеттеп жүрер ұрпақты қалдырғаны тектіліктің сарқыты деп білемін. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деп тегін айтылмаса керек-ті. Әкенің берген өсиет-өнегесін бойымызға дарытып үлгермесек те, оның атын әрқашанда әспеттеп жүру перзенттік парызым деп білемін.
Бұл әрине кез келген азаматтың абыройлы парызы болса керек. Кейінгіге қарап бәрінен де менің мақтан тұтатыным, сол екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен елдің абыройын ойлаған ұстаздарым әрі әріптестерім математикадан сабақ берген Шүгелов ағайым, химия пәнінен сабақ берген Қасенеев ағайым, тарих пәнінен білім берген Кейкиев ағайым, сондай-ақ, Кеңес Одағының батыры, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп интернатының директоры болған Бәзілов ағайым, неміс тілінен сабақ берген Көлбаев ағайларыммен тең жүріп қызмет еткенім естен кетпес ерекше сәттер еді.
Жыл сайын тарих түбіне қатталып, алыстап бара жатса да айтуға оңай болғанмен жүрегімізге өкініш салып, сарқылмас сағынышты жүк қылып артқан екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына орай Төле би ауылында орнатылған “Белгісіз жауынгер” ескерткішіне барып ұрпағымызбен тәу етеміз. Біздің атамыз Манабайды ойға алғанда сол “Белгісіз жауынгердің” бейнесі атамызды көз алдымызға әкелгендей күй кешеміз. Кейінгі ұрпаққа бір көргеннен “Белгісіз жауынгер” болғанымен, біз секілді жандарға екінші дүниежүзілік соғыста қапылыста шейіт болған ағасын, әкесін, атасын, бауырын көз алдына әкеледі. Жерді қанға бөктірмей, көкті бұлттар торламай, енді соғыс болмасын, бейбіт заман орнасын, ұрпағым мың жасасын!
Тынышхан Жаңабаев,
ардагер ұстаз,
Шу ауданының Құрметті азаматы.