Тараз төріндегі тағылымды кеш
Биыл қатпарлы тарихтың қасіретті парақтары қатталған Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл. Ел бойынша елеулі шаралар өтіп, ерлік көрсеткен қазақтың қайсар батырлары еске алынуда. Оның ішінде Шу ауданында да игі шаралар өткізілуде. Солардың бірі – аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымының облыс орталығындағы «Өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқ» атты еске алу кеші.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау және қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерлігін үлгі етуді көздейді.
Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағының Данқ залында «Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауында бақ сынаған жерлестеріміз «Өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқ» тақырыбында тағылымды шара өткізді.
Аталмыш кеш Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған фотогалерея көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар Б.Момышұлы, С.Шәкіров, С.Естемесов сынды батырлар мен Кеңес одағының баһадүрлері бедерленген көрмесі көрсетілді. Одан бөлек, «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты көрме-инсталляциялар ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды және мұражай көрмесінен алынған соғыс кезіндегі құрал-жабдықтардан жасақталған көрме таныстырылды.
Шулық кітапханашылар «Ұлы Жеңіс», «Бауыржан», «Батырлар», «Ел үшін туған ер Саттар» тақырыбында соғыс туралы өлеңдерін оқып, «Ана туралы баллада», «Қазақ қызы» сынды әндерді әуелетіп шырқады. Әрі аудандық ОКЖ ұжымы «Саттардың өлмес ерлігі» атты театрландырылған сахналық көрініс қойды.
Шара соңы Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен түйінделіп, шулық композитор Ерлан Исаев «Саттар батыр жауынгер» туындысын тарту етті. Бұл кеш оқырмандарға ерекше рухани әсер сыйлады деген сенім мол.
Байжан Емберді.