Жүректі тебіренткен кездесу
М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің (РО) ауласы күндегіден ерекше жарқырап, көз тартарлықтай әсем безендірілген. Жарқыраған қақпадан кірген кезде аяқпен басуға қимайтындай төсеніш төселген. Келген қонақтарға бар жағдай жасалған. Ардагерлерді ардақтап, құрмет-қошемет көрсетілді. Аулада лық толы халық. Көздері бал-бұл жайнап, жүректері лүпілдеп, тұла бойларын қимастық сезім билеген, алаулаған гүл шоқтарымен нұрланған, ерекше киім үлгісіндегі түлектер…
Алды сексенге таяп, арты жетпісті алқымдаған ардагер ұстаздар, ұл-қыздарының есейіп, мектеп бітіріп, алтын ұядан қанаттанып ұшқалы отырғандарына шаттанып және олардың келешегіне бақыт тілеген ата-аналар. Ұлттық нақышта, ерекше үлгідегі біріңғай формада өздерінің еткен еңбектерін қорытындылайтын, жыл бойы жеткен жетістіктерін саралайтын сәтті күткендей толқып жүрген ұстаздар қауымы.
Мектепті осыдан жиырма жыл, он жыл бұрын бітірген түлектер, 2024-2025 оқу жылын бітіруші түлектер сынып жетекшілерімен бірге сап түзеп келе жатты. Міне, қандай сағыныш сезімі десеңізші! Қол соғып, қуана қарсы алу – бұл енді қайталанбайтын және ешқашан ұмытылмайтын сәт еді. Әсіресе, ардагерлер үшін осыдан 20 жыл бұрынғы бітірген түлектеріміз көзімізге оттай басылды. Нағыз тебіренерлік, еріксіз жанарымызға жас ұялататын, сағынышты кездесу. Аты-жөндері ұмытылмаған, бәрі есімізде.
Түлектер өздері оқыған алтын ұя мектептеріне құр алақан келмеген. Жомарт жүректілік танытып, күніге мың, мың жарым оқушы кіріп, шығатын сапалы да сәнді өте әдемі дарбазаны қақпасымен орнатып берген. Үлкен жолда мен мұндалап тұр. Енді түлектеріміздің бірі мектепке 500 000 көлеміндегі сертификатты сыйлыққа ұсынды. Сонымен қатар сабақ берген ардагер ұстаздарына да сый-сияпаттарын да табыс етті. 20 жылдыққа келген түлектер 11жыл жетекшілк еткен сынып жетекшісі Салтанат Үмбетәліқызына Түркияға жолдама сыйға тартты.
Осы мектепті бітірген кәсіпкер түлектеріміз де жомарттықтан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Сүйіндік Мусалиев, Еламан Шалғынбаев мектептегі «Оқуға құштар» жобасы бойынша өткізілген байқауда жүлделі орын алған оқушыларымызға және әуесқой спортшыларымызға демеушілік көрсетіп, сыйлықтар тапсырды.
«Мектебім, саған мың алғыс» атты соңғы қоңырауға арналған іс-шараны тамаша ұйымдастырып, жұртшылықтың көңілінен шыққан іскер басшы Сұлтанова Махаббат Төлегенқызына, мектеп ұжымына ардагер ұстаздар атынан шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Түлектерге ақ жол тілеп, тілеген тілектері орындалып, мақсаттарына жетуіне тілектестік білдіреміз.
Жиынға жиналған жұрт рахметтерін жаудырып, баталарын беріп жатты.
Тұрсынбала ИбЕева,
еңбек ардагері,
ҚР білім үздігі.