Күн тәртібіндегі мәселелер қаралды
Мемлекетімізде қоғамдық кеңес бүгін құрыла салған жоқ. Кешегі ата-бабаларымыздың “Күлтөбенің басында күн де жиын” өткізген дәстүрінің жалғасы бұл. Қашан да “келісіп пішкен тон келте болмайтынын” есте ұстаған жөн. Атқарушы билік пен қоғамның ауызбіршілігі тонның ішкі бауындай беки түскенде ғана еліміз алға жылжитыны сөзсіз. Қазіргі заман өлшемімен алғанда азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азаматтық қоғам қалыптастыру жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын.
Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығы жоғары екендігі көрсетілді. Оның үстіне Мемлекет басшысы «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады» деп нақтылап айтты. Жоғары биліктің қолдауының арқасында жер-жерде қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары нақтыланып, қызметі жандана түсуде.
Біздің ауданда да Тынышхан Әрістеев төрағалық ететін “Қоғамдық кеңестің” ықпалымен шашауы қиын мәселелердің шешімі табылып, қоғамның жанайқайы жоғары биліктің құлағына жетуде. Соның бір айғағы, жақын күндері өткен қоғамдық кеңестің кезекті жиыны. Қоғамдық кеңестің отырысына мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, қоғамдық кеңес мүшелері, қала және ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Қоғамдық кеңес отырысын кеңес төрағасы Т.Әрістеев жүргізіп отырды. Кеңес отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды, атап айтсақ, «Денсаулық сақтау саласы бойынша халыққа қолжетімді сапалы дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарының жайы туралы», және «Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері бойынша 2024 жылғы атқарған жұмыстары туралы». Аталған мәселелердің қоғамдық кеңес отырысында талқылануы өте құптарлық іс деп айтуға болады. Қазіргі таңда шулықтар осы екі бөлімнің жиі есігін ашып, қызметіне жүгінеді. Ұлттың саулығы, оның жұмыспен қамтылуы, мемлекет ұсынған игіліктерді пайдалануы алдыңғы орында тұрған қоғамда ғана елдің берекесі артып, тыныштығы орнығады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ж.Айтишев, Шу көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы М.Жүсіпбекова, Шу қалалық емханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Г.Іңкәрбекова хабарламалар жасады. Хабарламаларды қарау және талқылау барысында қеңес төрағасы Т.Әрістеев және мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, сондай-ақ кеңес мүшелері Б.Қарғабаев, Ж.Чекеав, Қ.Қораласбаев, С.Абдуманапов сауалдар қойып, тиімді ұсыныстар айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаева есеп берді. Мәселелерді қарау мен талқылаудың қорытындысы бойынша кеңес отырысы тиісті ұсынымдар қабылдады. Сөз соңында билікке жұрттың талап-арызын жеткізуде тайғанақтық танытпай, халық мүддесі үшін жұмыс жүргізетін қоғамдық кеңестің ісі оңға басып, Жаңа Қазақстанда “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы лайықты жүзеге ассын демекпіз.
Айғаным Асқарбек.