Ақпараттық портал

Ұлағатты үнпарақтың мерейі үстем болсын!

Құрметті «Шу өңірі» – «Шуская долина»
газетінің ұжымы!
Сіздерді тарих пен шежіреге толы «Шу өңірі» қоғамдық-саяси газетінің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Дәуірмен үндесе дамыған Шу аудандық басылымы – қазақ баспасөзіндегі қара шаңырақтардың біріне айналды десек, артық айтқандық емес. Тоқсан жыл ішінде газеттің бет-бейнесі мен бағыт-бағдары қалыптасып, ақпарат айдынында өз орнын айшықтай білді.
Ғасырға жуық тарихы бар газетте есімі елге белгілі қаламгерлер еңбек етіп, басылымның беделін биіктетті. Газет жас журналистер үшін үлкен мектепке айналып, талай талантты түлетіп шығарды. Бүгінде сол игі дәстүрді жас буын жалғап, мазмұнды да мағыналы дүниелерін оқырманға ұсынып келеді.
Туған ел мен өңірлік басылымның тағдыры сабақтас болғандықтан, қасиетті халқымыздың басынан өткен қилы-қилы оқиғалар да, толымды табыстар да оқырмандар назарынан тыс қалған емес. Қайта сарғайған газет беттеріне көз салсаңыз, кешегі күннің келбеті, өткен күннің өнегесі жаныңды жадыратып, үлкен рухани күш береді. Сол себептен газет тарихын ел тарихының сыршыл шежіресі деп атап өткен жөн.
Тоқсан жылдық тарихы бар басылымды құт дарып, қыдыр қонған қара шаңырақ десек жарасады. Осы шаңырақта қаншама алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер ұрпақтар сабақтастығының игі дәстүрін сақтап келеді. Аудан журналистерінің бірнеше буыны озық ойларымен, шалқыған шабыттарымен өңірдегі еңбек пен ерлікті, татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен берекені, достық пен дархандықты баспасөз арқылы тұрақты насихаттауда. Біз мұның барлығын бағалаймыз әрі басқаларға үлгі етеміз.
Ауданның айнасы, жаңалықтың жаршысына айналған газет ұжымына шынайы алғыс білдіре отырып, шығармашылық шабыт, қаламдарыңызға қуат, шаңырақтарыңызға шаттық пен ырыс-береке тілеймін!
Ұлағатты үнпарақтың елге сүйіншілеп жеткізер жағымды жаңалықтары көбейе берсін!

Ербол Қарашөкеев,
Жамбыл облысының әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.