Жемқорлықпен жұрт болып күресу қажет
Жемқорлық жайлаған, сыбайластық белең алған қоғамда дендеген дертпен күресу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: “Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын, адал азамат болса, әділдік орнайды” – деп қадап айтқан болатын. Сайып келгенде, бұл сөздің астарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қажеттігі тайға таңба басқандай айтылып тұр.
Мемлекет басшысы халық пен мемлекетке қызмет етуді басты парызы деп санайтын кәсіби аппаратты қалыптастыруды басты мақсат етіп қойды. Тәуелсіздік жылдары елімізде мүмкіндігінше тиімді мемлекеттік қызмет моделі қалыптасты. Осы мақсатқа жету әрі жемқорлықпен түбегейлі күрес жүргізу үшін халықтың көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет сапасы-на деген қанағаттанарлық сезімінің деңгейін бағамдап отыру қажет. Әрбір мемлекеттік қызметшінің бойындағы құқықтық мәдениетін жоғарылатып, өзіне қатысты жемқорлық фактісі орын алған жағдайда сыбайластыққа қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру басты назарда болуы шарт. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің сатылмайтындығы және олардың қызметінің ашықтығы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының табысты болуының негізі.
Мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа бармауы бірінші кезекте олардың білім-біліктілігінің жоғары деңгейде болуына байланысты. Мемлекеттік қызметке жүгінген азаматтардың мемлекеттік қызметшімен тікелей байланысының болуы құқықбұзушылыққа баруға ықпал ететін дәйектің бірі. Бұл бағытта электронды форматта көрсетілетін мемлекеттік қызмет көлемін арттыру, мемлекеттік сатып алу үрдісін жетілдіру мен мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстар қолға алынды. Себебі, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кең пайдалану да адам факторының ықпалын барынша азайтады. «Бір терезе» қағидатымен Халыққа қызмет көрсету орталықтары ұсынатын қызметтер көлемі де артып келеді.
Төңірегімізден төнген, төтеннен келе салмаған жемқорлықпен қоғам болып, ел болып ұдайы күрессек қана тосқауыл қоярымыз анық.
Міне, осы дертпен күресуде алдына жан салмай алдыңғы шепте жүрген жандар қаншама?! “Жаңа Қазақстан” деген жалынды ұранды жалған желеу деп жатсына-жатырқай қараудың жөні жоқ. Өзгерістерді талап ететін осы бір жағымды ұранды ұрпақ санасына сіңісті етуге бар күшімізді сарқуымыз қажет.
С.КАРБОЗОВ,
Өндіріс ауылдық округінің әкімі.