Қос саланың мамандары марапатталды
23 маусымда Қазақстан полициясы мен Мемлекеттік қызметшілер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Халыққа қызмет көрсетуге бағытталған қос саланың маңызы ерекше. Бұл жөнінде күні кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде ерекше атап өтті.
Президент кеңейтілген алқа отырысында «Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын. Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет» – деген болатын. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы жиында 2022 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген Балуан Шолақ ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев Мемлекет басшысының қолынан Алғыс хат алды. Бұл біздің мерейді сөзсіз көтерді.
Қос саланың өкілдері Шу өңірінде де құрметке бөленді. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков тәртіп сақшылары мен әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, өзінің ізгі тілегін жеткізді.
-23 маусым – еліміздегі екі маңызды сала мамандарының мерекесі. Бірі халықтың тыныштығын қамтамасыз ету жолында тер төксе, енді бірі халықтың мұң-мұқтажын шешу ісінде қалтқысыз қызмет етіп жүр. Қос саланың да қиындығы бар. Соған қарамастан, өз міндеттерін адал атқарып жүрген азаматтарға алғыс айта отырып, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткен-дей, «Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет». Осы миссияны сіздер мүлтіксіз орындап, мемлекеттік аппараттың мызғымас қуатына айналып келесіздер.
Кешегі өткен кеңейтілген отырыста көптеген мәселелер талқыланды. Оның ішінде тәртіп сақшыларына қатысты тың жаңалықтар көп. Бұл Қазақстан полициясына деген қуатты қолдау. Баршаңызға осы үдеден шығып, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін,-деді аудан басшысы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, қос салада озық істерімен көзге түскен мереке иелеріне тиісті марапаттар тапсырылды. Мемлекеттік қызметтегі көпжылғы еңбегі, қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Д.Дәнебек пен Қонаев ауылы әкімінің орынбасары М.Арыстанқұловқа Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесіне орай Құрмет грамотасымен қорағатылық А.Мамедов марапатталды. Тағы бір шоғыры Алғыс хатқа ие болды.
Мереке қарсаңында бір топ мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақса, бір парасы аудан әкімінің Құрмет грамотасына лайық болды. Одан бөлек, 11 азаматқа Алғыс хат тапсырылды.
Салтанатты жиын барысында кәсіби мерекеге орай өткізілген байқаулар мен спорттық сайыста үздік болған жерлестерімізге қошемет көрсетілді. Олардың қатарында «Клиентке бағдарланған қызмет көрсетуші» номинациясы бойынша ІІІ орын иеленген Ж.Сабенова, жүзуден үшінші орын алған М.Бұралқиева, қол күрестен топ жарған А.Тоқтарбай, секірмектен бірінші орын алған Х.Маразыкова бар.
Марапаттау рәсімінде аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков сахнаға көтеріліп, мереке иелерін марапаттады.
Әдеттегідей салтанатты жиын соңы сазды бағдарламаға ұласты. Онда аудандық өнерпаздармен қатар мемлекеттік қызметшілер де әріптестері алдында өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді.
Байжан Емберді.