Менің тілім – мемлекеттік тіл
Егемен еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі болғандықтан, барлық қазақстандықтар үшін оның өзге тілдерден өресі биік тұруы шарт. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесі лайықты деңгейде деп айту қиынырақ болып тұр. Мұндай пікірді есту кейбір тіл жанашырлары үшін ауыр болғанымен, бұл ащы болса да ақиқат. Өкінішке қарай, бәрінен бұрын өз қаракөздеріміздің өз ана тілінде еркін сөйлеп, өз ойын еркін жеткізе алмайтындығы көңіл қынжылтады. Ал, қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп, өз ана тіліндей құрметтейтін өңіріміздегі өзге ұлт өкілдерін көргенде, мемлекеттік тілдің мерейін асырғаны үшін оларға іштей жаның жылып, бір марқайып қаласың.
Сондай жандардың қатарынан ауданымыздың 1993 жылғы тумасы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Гасанова Назгүл Нәбиқызының есімін атап айтуға болады. Осы өңірде туып-өскен кейіпкеріміздің ұлты әзірбайжан болғанымен, жан дүниесі қазақ қоғамына тән. Өйткені, ол туылғаннан жергілікті халықпен біте қайнасып келе жатқандықтан, қазақы ортаға үйренісіп кеткендігін, қазақ халқының мәдениеті мен тіліне құрметпен қарайтындығын айтады.
Көп балалы отбасында өскен Назгүл Гасанова бүгінгі таңда үш баланың анасы, жолдасы да әзірбайжан ұлтының өкілі. Ұстаздық жолында тер төгіп, Мойынқұм орта мектебінде орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімен, кейіпкеріміз отбасында да, жұмыста да тек қазақ тілінде сөйлейтін көрінеді.
-Менің жақындарым, мысалы жолдасымның анасы қазақ орта мектебін бітірген. Өзімнің жұмыс ортам да қазақ тілді орта. Әріптестерім, оқушыларым қазақ ұлтының өкілдері. Сол себептен, маған қазақ тілінде өзгелермен байланысу еш қиындық туындатпайды. Мемлекеттік тіл – менің қоғаммен араласудағы басты құралым. Өзім мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ тіліне қызығушылық танытып, түрлі олимпиадаларға қатыстым. Қазақстан азаматшасы болғандықтан, қазақ тілін білу әрі құрметтеу біздің бір міндетіміз әрі елге деген құрметіміз деп білемін.
Ал, есімімнің «Назгүл» деп аталуының өзіндік себебі бар. Менің әкем де, анам да әзірбайжан ұлтының өкілдері. Алайда, әкемнің достарының басым бөлігі қазақ кісілер болатын. Менің есімімді сол достарының арасындағы Өмірқұл есімді азамат қойған екен,-деп Н.Гасанова қазақ тіліне қатысты оң пікірін білдірді.
Сондай-ақ, бұл азаматша ауданымыздағы Тілдерді оқыту орталығы мекемесінен қазақ тілі бойынша курстан білім алып, тіл білімін жетілдірген жан. Оған қоса түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан табылып келеді. Соның жарқын дәлелдерінің бірі 2023 жылы Республика күніне орай, өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбындағы эссе жазу байқауында үздік деп танылып, бас жүлдені еншілеген. Ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсенді араласып жүретін Назгүл Нәбиқызы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ауылдың дамуына қосқан ерекше үлесі үшін округ әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
-Қазақ тілін үйрену қиын дейтіндерге айтарым, ең бастысы жүрек қалауы, адал ниет болуы маңызды. Сонда барлығы ойдағыдай іске асып, жаныңа қуаныш сыйлайды. Осыны жақсы түсінгендіктен, отбасымызбен қазақ тілін жақсы көріп, күнделікті өмірде кеңінен қолданамыз,-деген Н.Гасанованың ізгі ниетіне қарап, әр қазақстандықтың санасында осындай ұстаным берік орнықса, мемлекеттік тілдің мерейі әркез үстем болмай ма деген ойға қалдық.
Өз кезегімізде тәуелсіздігіміздің тірегі, елдіктің ерекше нышаны болып отырған мемлекеттік тілге деген адал құрметі үшін біз де Назгүл Нәбиқызына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Динара Батырхаирова.