Ақпараттық портал

Діни тақырыпты талдаған семинар

Дін – бағзы заманнан бар дүние. Қазіргідей қилы уақытта бұқараның барлығы діни тұрғыда білімді емес екені анық. Сондықтан сала мамандарына жүгініп, салиқалы сұхбат алаңын құру абзал.

Жуырда ауданымызда республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, теолог Данияр Еркінұлының қатысуымен семинар өткен болатын. Аталмыш басқосу «Amanat» партиясы аудандық филиалы ғимаратында ұйымдастырылды.
Ең алдымен Шу өңіріне атбасын бұрған мейманды жергілікті дін қызметкері Мағжан Мұратұлы таныстырып, семинарға келген қатысушыларға тақырыпты таныстырып өтті.
Семинар барысында «Дін және мәдениет қатынасы: зайырлы ел ұстанымы» және «Шариғаттағы имамға деген талаптар» тақырыптары кеңінен талқыланды.
Данияр Еркінұлы Қазақстандағы зайырлы мемлекет ұстанымының ерекшеліктерін, діни сананы қалыптастырудағы мәдениеттің рөлін және қазіргі қоғамдағы имамдардың жауапкершілігі мен міндеттерін атап өтті.
Іс-шараға ауылдық округтердегі дін саласына жауапты мамандар, мешіт имамдары, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысып, спикермен өзара пікір алмасты.
-Семинардың негізгі мақсаты – діни тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды, – дейді М.Мұратұлы
Одан бөлек жат ағымдардың негізгі сипаттарын, олардың қоғамға төндіретін қауіп-қатерлерін нақты мысалдармен түсіндіріп, қазіргі мәдениет пен зайырлылық қағидаттары бойынша мазмұнды баяндама жасалды.
Шараға шақырылған қонақтардың айтуынша мұндай шаралар өңірдегі діни тұрақтылықты нығайтып, дін мамандарының білім көкжиегін кеңейтуге сеп болмақ.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.