Ақпараттық портал

Жастар жаман әдетке қарсы

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні екені белгілі. Бұл күн сонау 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының өз қызметін күшейтуге және нашақорлықсыз әлемдік қоғам құруға деген шешімінің көрінісі ретінде белгіленді. Әрі қоғамның назарын нашақорлықтың жаһандық мәселелеріне, оның салдары мен теріс нәтижелерін жеңуге бағытталған күш-жігерге аударуға арналған.
Атаулы күнге орай “Есірткісіз болашақ – нұрлы болашақ” атты аудан жастары арасында кіші футбол турнирі өткізілген болатын. Аталмыш доп додасын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен “Елу жылда ел жаңа” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Турнирдің ашылу салтанатында Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрбек Қарауылов, “Жастар ресурстық орталығы” КММ директорының орынбасары Нұрзат Қилыбай сөз алып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Әрі жастарды жат әдеттен аулақ болуға, салауатты өмір салтын берік ұстануға шақырды.
Бірлік ауылына жиналған футболсүйер жастардың қарасы қалың болғаны соншалық жарысқа жалпы саны 13 команда мен жанкүйерлер тобы қатысты.
Тартысты өткен турнирде ерекше ойын өрнегін көрсеткен командалар өз шеберліктерін паш етті. Турнирге белсенді қатысқан “Еңбекші” командасы үздік төрттікті түйіндеді. Сондай-ақ үздіктер үштігінен көрінген “Аудан әкімдігі” командасы болса, жергілікті құрама күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал турнирде топ жарған “Алға” командасы жарыстың жеңімпазы атанды.
Жарыста жасындай жарқылдаған жастар арасынан үздіктер де марапатсыз қалмады. Олардың қатарында “Бірлік жастары” командасының ойыншысы Диас Абдрахман “Үздік қорғаушы” атанса, “Үздік қақпашы” номинациясы Айтжан Жетібайға бұйырды. Маңызды турнирде көрермен көзайымына айналған Мамади Бегімбетов “Үздік ойыншы” номинациясымен дараланды.
Жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Халықаралық мәндегі күнді атап өтуге қосқан үлестері үшін алғыс айтылды.
Аудандық жастар ұйымы мұндай шараны жыл сайын ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырып келеді. Бұны ұғынған жастар теңбіл доп турнирін асыға күтіп, бақтарын сынауға әрдайым бейілді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.