«Әбдімомын әлемі» кітабының тұсаукесері өтті
Шексіз әлем кеңістігіне иелік ету құдіретіне ие болмаса да өзінің ішкі әлемін бағындыру арқылы аты шартарапқа тарайтын адамдар болады. Біз ондай жандарды қайраткер, тұлға, азамат деп бағамдап жатамыз, солардың әлеміне бойлағымыз келіп тұрады. Бір өзі бір әлем болу үшін адамға тума талант, боямасыз болмыс, ілкімді ізденіс, шынайы талғам, табанды еңбек, саналы көзқарас керек-ау. Міне, осы айтылғандардың үдесінен шыға білген адамның әлемін әлемге паш ету – қолына қалам ұстаған жандарға бұйырғандай.
Әбдімомын әлемі… Осы бір тауып айтылған екі ауыз сөздің өзі тұла бойыңды тітіркендіріп, бойыңа рух береді. Ал, осы сөздің астарына үлкен дүниені сыйғызып, танымды тұлғаны танытатын кітап жазу – ескірмейтін, жылдар озған сайын құндылығы арта түсетін ескерткіштен тұғыр орнату деп білемін. Әрине, мұндай бақыт екінің бірінің қолынан келіп, уысына түсе бермейді. Сондай бақ бұйырған жанның бірі – белгілі журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ахметжан Қосақов.
Ұлттық домбыра күні қарсаңын-да аудандық мәдениет үйінде күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің Құрметті профессоры болған Әбдімомын Желдібаевтың бекзат болмысынан сыр ақтаратын Ахметжан Ақбұқаұлының “Әбдімомын әлемі” атты кітабының тұсаукесері өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, “Ардагерлер ұйымы” РҚБ-нің аудандық филиалының төрағасы Ержан Өмірәлиев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім мен мекеме қызметкерлері, дәулескер күйшінің жақын туыстары, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кітаптың тұсаукесер салтанатында “Әбдімомын әлемі” кітабының авторы Ахметжан Қосақов сөз алып, үзеңгілес замандасы болған Әбдімомын Желдібаевтың бұла болмысынан бір үзік ой айтып, сондай-ақ кітап жазудағы қиындықтарды, кітаптың жарыққа шығуына үлес қосып, қолдау көрсеткен азаматтарды да атап өтті. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы кітап аторының иығына шапан жапты. Сонымен қатар Найман Кенжеханұлы, Ержан Көрікбайұлы кітап авторын ортаға алып, “Әбдімомын әлемі” кітабының қызыл лентасын қиып, жиналған қауымға үлестірді.
«Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленген, өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі менмұндалаған кітапты қолына алған жұртшылықтың жанарынан абыз күйшіні шын сағынғандығы аңғарылды. Бір кездері Әлдихан Қалдыбаев “Бүгінде Әбекең туралы жазу қиын. Әбекең ән-күй жазуға алғаш ден қойған кезде мен «Тұла бойы тұнған күй» атты очерк жазғанмын, оңай жазғанмын. Әбекең ол кезде «көз көріп, қолға ұстайтын жерде» еді, қазір ол – үлкен әлем” деген екен. Шын мәнінде Әбдімомын әлеміне бойлатар тың туындыны өмірге алып келген Ахметжан Қосақовтың еңбегі ерен.
Кітаптың тұсаукесерінен соң жиналған жұртшылық Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясының “Саз серісі – Әбдімомын” атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Әбдімомын Желдібаевтың күйлері мен әндері шырқалған кеш күйші-сазгердің “Шабыт” күйімен ашылды. Мәдениет саласының кәсіби мамандарының орындауындағы әсерлі кеште ерекше қуат алып, шабыттың шалқарына шарықтаған жұртшылық жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Айғаным Асқарбек.