Жанға жайлы жазғы лагерь
Жаз басталып, күн жарқырай түскенде жыл сайын оқу жылы аяқталғаннан кейін балалар жазғы лагерьлердің қызығын көреді. Қуанышқа толы көңілді жаздың ұмытылмас естеліктері жазғы ашық алаңда өткізіледі. Жыл сайын Шу ауданындағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылатын “Өнерлі өрендер” жазғы демалыс алаңы өз жұмысын ағымдағы жылдың 4 маусымы күні бас-тады. Жазғы алаңның басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және таланттарын анықтау, балалардың шығармашылық қабілеттерін жан-жақты бағытта дамыту, психологиялық ахуал қалыптастырып, әр балаға педагогикалық қадам жасау болды.
Бірнеше жылдан бері ата-аналар балаларын дәл осы біздегі лагерьге зор қуанышпен алып келетіні жалған емес. Себебі, мұнда балалар көңілді әрі қызықты уақыт өткізеді. Арасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар. Жазғы ашық алаңда балалардың жазғы демалыс кезеңде бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Бір ай уақыт көлемін қамтып, екі маусым аралығында өткен «Өнерлі өрендер» атты жазғы демалыс алаңымыз биылғы жылғы жоспарын толығымен орындап, жақсы нәтижемен аяқталған болатын. Лагерьдің уақыты таңертеңгі 9.00-ден 13.00-ге дейінгі аралықты қамтыды. Ендеше бір ай бойы балалардың бос уақыты, жазғы демалысы қалай тиімді ұйымдастырылды сол жөніне тоқталып өтейік.
Алдымен бірінші күні балаларды қабылдап, топқа бөлу ұйымдастырылды, сондай-ақ «Қара жорға» флешмобы мен лагерьдің ашылуына орай концерттік бағдарлама ұсынылды. Осыдан бастап келесі күндер таңғы жаттығу, психологиялық тренинг, флешмоб қимылдарына ұласып отырды. Сонымен қатар әр күні түрлі байқаулар мен спорттық жарыстар өткізілді. Мәселен, «Асфальтқа сурет салу», «Рәміздерім – мақтанышым» мәнерлеп оқу, «Ағылшын тіліне саяхат», «Гүлдер әлемі» атты қолөнер байқаулары мен «Көңілді старт», «Ұлттық ойындар» спорттық сайыстары, «Қазына іздеу» интеллектуалдық ойындары, әдеби кітаптар оқу жарыстары өткізіліп, орын алған балалар марапатталып отырды. Одан бөлек, «Балалық шағымның аспаны», «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», «Күлтегін», «Анаға апарар жол», «Түлкі мен тырна» атты фильмдер, мультфильдер мен анимациялық фильмдер көрсетілді. Атап өтерлігі, лагерь қатысушыларына күнделікті ыстық тамақтар мен сусындар, балмұздақтар мен тәттілер үлестірілді. Лагерьдің өз дәрежесінде өтуіне «Оқушылар сарайы» МКҚК директоры Нағима Жарылғанқызы, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ғани Қойбағаров, Шу қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мақсат Шәймерден, «Оқушылар сарайы» МКҚК жанынан құрылған «Қамқоршылық кеңестің» төрайымы Алимбаева Гульшат пен оның құрамы Молдабаева Гаухар және Керімбаева Самал, сондай-ақ жеке кәсіпкер Босжанов Мақсат және тағы да басқа демеушілік көрсеткен ата-аналар белсенділік таныта білді. Аталған демеушілер тарапынан 70-ке жуық бала екі мәрте бассейнде шомылып, тамақтанып қайтты. Лагерь жетекшілері де балалардың күнделікті уақытын барынша қызықты өткізу үшін белгіленген жоспардан тыс саябақта серуендетіп, көкке шығарып, ашық аспан астында тамақтандырып, қызықты ойындар өткізіп отырды.
Осылайша көзді ашып-жұмғанша балалардың бір айлық демалыс уақыты да өте шықты. 30 маусым күні «Өнерлі өрендер» атты жазғы демалыс алаңының жабылу салтанаты ұйымдастырылып, балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, байқаулар мен спорттық сайыстарда орын алған белсенді оқушылар марапаттарға ие болса, демеушілік көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттар ұсынылды. Кешкі уақытта ұйымдастырылған шарадан кейін балалар алау басына жиналып, гитарамен ән шырқап, тәтті жүгері мен мақта, балмұздақ алып мәз-мейрам күйде тарқасты. Осылайша, жазғы алаңның әр күні қызық өтіп және балалық шақтан көптеген жағымды әсер қалдырды.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Оқушылар сарайы
«Сөз шебері» үйірмесінің жетекшісі.