Ақпараттық портал

Аудан өмірінің айнымас серігі

Жастар – елдің болашақтағы бейнесі, елдің ертеңгі тұтқасы. Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз мәлімдемелерінде ұдайы жастарға қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып отыратынын білеміз. Президент бір сөзінде «Мен Қазақстан жастарына толық сенемін. Олар ел дамуына лайықты үлес қосады. Біз жастарға инвестиция салып, өз болашағымызды бекемдейміз», – деп нақты атап өткен.
Біздің ауданымызда да жастардың басы бір арнаға тоғыстырылып, толайым тірліктер атқарылуда. Бұл орайда аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаров басқаратын «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастар саясатын жүзеге асыруға қосып отырған үлесі қомақты екенін атап өткен абзал.

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты мекеме аудандағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында аянбай қызмет етіп келеді.
Орталық ұсынған статистикалық мәлімет бойынша, аудан тұрғындарының жалпы саны 106227 болса, оның 31167-сі 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды. Бұл 29,3 пайыз. Қала жастарының саны – 13068.
Қазіргі таңдағы маңызды мәселенің бірі – жастардың жұп құруы. Бұл орайда ауданда жыл басынан бері 16-35 жас аралығында 134 жас некеге тұрған. Өкінішке қарай, 12 жастың некесі бұзылған.
Ғани Бірлікұлының айтуынша, білім ошақтары мен оқушылар жастар саясатын дамытудағы сенімді серіктер. Себебі әрбір шараға оқушылар белсене қатысады. Мысалы, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен білім бағыты аясында 42 іс-шара өткізіліп, оған 710 жас қамтылған.
Қолдағы деректерге сүйенсек, ауданда барлығы 46 мектеп бар. 2024-2025 оқу жылында мектептерде барлығы – 20590 оқушы білім алса, оның ішінде 14-17 жас аралығындағы жастар саны – 6479. 1124 түлек биыл мектеп бітіріп отыр.
Орта білім оқу орындарынан бөлек, Шу қаласында 4 колледж бар, оның 1-і мемлекеттік, 3-і жеке меншік негізінде білім беруде. Аталған оқу орындарында 2024-2025 оқу жылында 1009 студент білім алса, оның 568-і – грант, 441-і – ақылы негізде оқиды. Былтырғы оқу жылында, түлектердің 226-ы жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ аудандағы мемлекеттік қызмет саласындағы 198 адамның 75-і жастар.
Заң мен тәртіп мемлекет тарапынан қолға алынған қатаң қағида. Оның ішінде жастар арасындағы қылмыс мен құқық бұзушылықты болдырмау күн тәртібіндегі басты мәселе. Сондықтан жастармен ұдайы байланыс орнатып, оларға дұрыс бағыт беріп, бос уақытын тиімді пайдалану оң нәтиже береді.
Мекеме бастамасымен жастар арасында құқық бұзушылық пен заң бұзушылықты болдырмау, алдын алу мақсатында бірқатар тиісті іс-шаралар қолға алынған. Атап айтсақ, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен 131 іс-шара өткізіліп, оған 2549 жас қамтылды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің мәліметі бойынша 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 27 қылмыс тіркелген.
Жастарды жұмыспен қамту маңызды істердің қатарында. Ауданда жарты жылдың қорытындысы бойынша 497 жас (1,6 пайыз) жұмыссыз ретінде тіркелген. Одан бөлек, 880 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде, ваканттық бос жұмыс орындарына 498 жасқа жолдама берілген. «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа 92 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 36 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 136 жас орналасқан. 21 жас алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 69 адам оқыған. «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 1 жастың бағы жанып, 11 жас қайтарымсыз қаржы алған. Сондай-ақ қысқа мерзімді оқыту курсына 16 жас жіберілді.
Соңғы жылдары жас шулықтардың кәсіпке деген қызығушылығы артқан. Бұл іске мемлекет те мүдделі.
-Конкурстық негізде жылдық 2,5 пайызбен 25 жас, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жаңақоғам ауылдық округінде 2019-2020 жылдары 35 жас, Жаңа жол ауылдық округінде 2023 жылы 26 жас, 2024 жылы 3 жас, Көкқайнар ауылдық округінде 2023 жылы 22 жас, 2024 жылы 7 жас, Қорағаты ауылдық округінде 2023 жылы 28 жас, 2024 жылы 1 жас, Бірлікүстем ауылдық округінде 2022 жылы 35 жас, 2023 жылы 3 жас, Бірлік ауылдық округінде 2024 жылы 4 жас несие алған,-дейді Ғани Қойбағаров.
Жастар ұйымының жетекшісі ауданда жарты жылдың қорытындысы бойынша аудандық қорғаныс істері бөлімінде әскери есепте тұрған жастар саны 3942-ні құрайтынын айтып отыр. 300 жас Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған. Оның 151-і әскер қатарына қосылған. Келісімшарт бойынша жұмыс жасайтын жастар саны 5-ке жетті. Орталық тарапынан әскери патриоттық бағыт бойынша 55 іс-шара өткізіліп, оған 1639 жас қамтылды.
Алысқа бармай-ақ, ауданымызда спорт саласында серпін байқалады. Бұл көрсеткішке шулық жастардың үлесі зор. Бүгінгі күнде ауданда барлығы 287 спорт нысаны болса, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендері төртеу. Оның ішінде 2 стадион, 71 спорт зал, 71 футбол алаңы, 139 спорт алаңшасы бар. Аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін, арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Аудандық ЖРО ұйымдастыруымен спорттық бағытта 6 ай ішінде 88 іс-шара өткізіліп, оған 3886 жас қатыстырылды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы әлеуметтік сала мамандарын жұмыспен қамтып, ауылға тұрақтандыруды көздейтін жоба. Осы мақсатта былтыр 44 маман жеңілдік алған. Оның ішінде 40 маманға көтерме жәрдемақы берілсе, 42 жас бюджеттік несие алды.
-Уақытша бос жүрген жастар арасынан 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік мәртебесі белгісіз 428 жас анықталып отыр. «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде тіркелмеген жұмыссыздарды Мансап орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркеп, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына салығын төлету, зейнетақы қорына тиісті аударымдарды аударту жұмыстары ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі мамандарының адрестік жұмыстар жүргізуімен жүзеге асырылуда. Аталған бағытта тиісті жұмыстарды жүзеге асыру арқылы 123 жастың мәртебесі анықталып, облыстық Жастар ресурстық орталығына жолданды. Уақытша бос жүрген жастарға жалпы 49 адрестік жұмыс жүргізілді,-дейді Ғани Бірлікұлы.
Сондай-ақ өңір жастары арасында деструктивті діни идеялардың таралуына жол бермеу, радикалданудың алдын алу, мұны БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы аудан жастарының назарына жеткізу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ нің «Дін және жастарға қызмет көрсету бөлімі» тарапынан әр жылға жылдық жоспар бекітілген. Аталған жоспарға сәйкес кездесу, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып тұрады. Нақты айтқанда, биыл 48 іс-шара өткізіліп, 1269 жасқа ақпарат берілген көрінеді.
Мекеме директоры қазіргі таңда ауданымызда 483 ерікті жас бар екенін айтады. Олар игілікті істің қасынан табылып, жыл басынан волонтерлардың қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 366 іс-шара өткізген. Ал, ондай шараларға 6944 адам қамтылған. Одан бөлек, рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 835 іс-шара өтіп, оған 20809 адам қатыстырылды.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» әлеуметтік желілерде белсенді екенін байқауға болады. Мәселен, олардың Instagram (1291), facebook (1236), әлеуметтік желілерінде жеке парақшалары ашылған.
Бүгінгі күнге аталған әлеуметтік желілерге ұзын-ырғағы 2527 пост жарияланған. Сонымен қатар аудандық «Шу өңірі – Шуская долина» газетіне 11 мақала, облыстық «Знамя труда» газетіне 1 мақала, gov.kz әкімдік сайтына 1 мақала жарияланған.
Қорыта айтқанда, аудандық ЖРО қолдан келгенше жұмыс істеп жүр. Өзге аудандағыдай жеке ғимараты болмаса да, 39 адамды ұйыстыру оңай шаруа емес. Қызметкерлердің 29-ы жоғарғы білімді болса, 5-і арнаулы орта оқу орнын бітірген. Оның ішінде 4-і жоғарғы білімін жалғастыруда.
Қазіргі таңда Төле би ауылы, Қарасу 2Б мекенжайында орналасқан Шу аудандық білім бөліміне қарасты «Оқушылар сарайы» ғимаратында өз жұмыстарын атқаруда. Бір қуантарлығы, жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап, қызметкерлердің жұмысын ынталандыру мақсатында жалақыларына 50 пайыз үстемақы қосылды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.