Ақпараттық портал

Өзекті мәселелер қаралды

Аптаның сейсенбі күні аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер талқыға түсті. Аталған басқосуда Шу қаласы мен аудан орталығының сәулеттік келбеттерінің жай-күйі мен қызыл сызық нормаларының сақталуы, биылғы дала өрті және шомылу маусымы жайы қаралды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы санағының өту барысы да мәлім болды.

Алғашқы сұрақ бойынша аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Онланбеков сөз алып, атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Шу қаласындағы қызыл сызықтарды үйлестіру жұмыстарына 51,8 млн теңге қаражат қарастырылып, 2024 жылы 6,0 млн теңге, ал 2025 жылы 45,4 млн теңге игерілген.
Сондай-ақ Серік Оразұлы құрылыс саласындағы қызыл сызық нормасын бұзған кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізіп, 2 нысан анықталғанын жеткізді. Шу қаласы мен елді мекендердің орталық көшелерінде орналасқан құрылыс нысандарының сәулеттік келбет мәселесі де аппараттық жиында назардан тыс қалған жоқ. Бұл бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген.
-Шу қаласындағы Сейфуллин көшесінің бойындағы қоршаусыз тұрған нысандарды ретке келтіру мақсатында аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі қызметкерлері, Шу қаласы әкімінің орынбасары және заңгер жұмысшы топ құрамында болып, кәсіпкерлік нысандардың алдындағы құрылыс материалдарын алғызып, қасбетін ретке келтіру керектігін ескертті,-дейді бөлім басшысы.
Келесі болып баяндама жасаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Әбдіқалықов қазіргі таңдағы дала өрті мен шомылу маусымы бойынша мәлімет ұсынды.
Оның сөзінше, 2025 жылдың алты айы ішінде аудан аумағында барлығы 49 өрт оқиғасы орын алған. Соның салдарынан бір адам қаза тапқан. Орын алған өрт оқиғаларынан 3 млн 330 мың теңге материалдық шығын келген. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған 89 тұлға өрт оқиғаларының пайда болуына кінәлі тұлғалар. Өрт оқиғасының шығуына кінәлі 80 тұлғаға ескерту берілді, 9 тұлғаға айыппұл салынып, сомасы 452 мың 180 мың теңгеге жеткен.
Бұдан бөлек, бірқатар ауылдық округтерде өртке қарсы шаралар қарастырылмаған, маңызды жолдың жаны жыртылмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар, бөлім бастығы министрліктің 2015 жылғы 19 қаңтардағы «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» №34 бұйрығына сәйкес құрылған, қазіргі таңда Шу ауданы, Төле би ауылы, Меркі-Шу-Бұрылбайтал тас жолының 109 шақырымындағы Шу өзені арқылы өтетін көпірдің маңы, Тасөткел су қоймасындағы жағажайда авариялық құтқару жасақтарымен күнделікті 2 қызметкер қайықпен кезекшілікте тұратынын жеткізді. Себебі, суға кету оқиғалары 2021-2025 жылдары жиілеп кеткен.
-Аудандағы су айдындарындағы шомылуға тыйым салынған орындарда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ескерту белгілерін және судағы қауіпсіздік тақырыбына билбордтар орнату қажет болып отыр. 2021 жылдан 2025 жылға дейін су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелген топографиялық картада жағдай түсірілді,-дейді ТЖб бастығы.
Баяндамашылар ұсынған мәліметтерге қаныққан аудан басшысы әрбір мәселе бойынша жауаптыларды тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді әрі жұмысқа бейжай қарамай, мұқият болуға шақырды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.