Жастар – табиғат жанашыры
Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан » экологиялық акциясы басталған болатын. Игі іс барлық аймақтар мен өңірлерді қамтып, өзінің оң нәтижесін бере бастады. Президенттің пайымдауынша, аталмыш акция қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын» деген еді.
«Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыруға арналған ауқымды шараның бірі жуырда ауданымызда өткізілген болатын. Аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған тазалық шарасы алда келе жатқан халықаралық жастар күніне тоқайластырылып отыр.
30-ға тарта жас қатысқан акция аясында Шу өзенінің жағалауы қоқыстардан тазартылды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, табиғи ортаға күтім көрсетілді. Акцияға қала жастары, еріктілер мен мекеме қызметкерлері қатысқанын айта кеткен жөн.
Аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаровтың айтуынша, шараның басты мақсаты – табиғатты қорғау, аудан жастары арасында экологиялық сана қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлық жасау.
-Мұндай шаралар – туған өлкені таза ұстауға бағытталған нақты қадам ғана емес, қоғамды бірлікке, ұқыптылыққа тәрбиелейтін игі бастама. Жыл басынан бері біз осындай сипаттағы 14 іс-шара ұйымдастырып, оған 500-ге жуық жасты қатыстырдық. Туған жердің тазалығына атсалысу мақсатында мұндай шаралар алдағы уақытта жалғасын табады. Замандастарды мәдениетті болуға, қоқыс пен қалдықтарды тек арнайы орынға ғана тастауға шақырамыз,-дейді Ғани Бірлікұлы.
Өңір келбетінің көрікті болуына аудан басшылығы да мүдделі. Сондықтан да аудан әкімі Б.Жәнібеков алқалы жиындарда жауаптыларға тиісті тапсырма жүктеп, «Таза Қазақстан» жобасын жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін алға тартып келеді.
Сонымен қатар қала тазалығы да басты назарда. Биыл 65 жылдығы атап өтілетін Шу шаһарының басшылығы да рейдтік шараларға шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Шу қаласының кіреберісіне 2 су ұңғымасын қазып, көктем және күз айларында 30 мыңға жуық тал көшеттері отырғызылуы тиіс. Бүгінгі таңда аталған аумаққа 1600 дарақ тігілген. Сол секілді Төле би ауылында 1500 тал көшеттері отырғызылған. Одан бөлек, аудан бойынша 8528 түп ағаш егілген. Бұл мәліметті аудан әкімдігінің ТКШ, АЖ және ЖК бөлімінің басшысы Ж.Каликов аппараттық кеңесте баяндаған. Жоспар толығымен жүзеге асқанда өңірде жасыл белдеу қалыптасып, экожүйе жақсармақ.
Алдымызда күзгі абаттандыру, көгалдандыру мен санитарлық тазалықтың екі айлығы келе жатыр. Оған ауыл мен қаладағы жерлестеріміз белсене қатысады деген сенімдеміз.
Байжан Емберді.