Ақпараттық портал

Тұрғындардың тазалық мәдениеті неге төмен?

Жақын күндері «Шу қаласы мен елді мекендерді күзгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары туралы аудан әкімінің №443 қаулысына сәйкес, тазалық-санитарлық жұмыстары толық жүргізілді» деген ақпаратты оқыдық. Күзгі абаттандырудың екі айлық уақыты бітіп, көше бойына тал-дарақтар тігіліп, ауданның келбеті біршама өзгеріп қалғанына дүдамал көңілмен қарайтынымызды бөліскенді жөн көрдік.
Бірден айта кету керек, Төле би ауылы мен Шу қаласын жалғастырып тұрған орталық күрежолдың бойындағы өсіп тұрған тал -дарақтарды отап, келісті ғимараттар соғып, пайдасын көріп, саудасын дөңгелетіп отырған мейрамхана, мейманхана, жанармай құю стансалары, автокөлік жөндеу шеберханаларының иелері көпшілік үшін болып жатқан қоғамдық іс-шараға қатыспай, неге шет қалады? Жоқ, «қоғам дамуына қосқан үлесім – кәсіп аштым» деп тоқмейілсіп кете ме? Көпшілік жиі келетін орындардың төңірегі қолында мүмкіншілігі бар кісілердің өз жұмыс орындарының табиғи көрінісінің қазіргі заманауи эстетикалық талғамға сай болуына неге атсалыспайды?
Сол әдемі ғимарат иелерінің өздері иелік етіп отырған жеріне тал-теректер мен түрлі гүлзарларды еккендері көзге түспейді. Жол бойындағы тамырланып өсіп тұрған қарағаш өскіндерін жұлып, ғимарат соққан кәсіпкерлерге сол төңірекке көгеріштендіру және тазалық жұмыстарын жүргізуді аудандық құзырлы мекеме орындары неге тексеріп, міндеттемейді? Осы тұста да бір кілтипан туындайды. Әкімшілік құзыреті бар мемлекеттік қызметкерлердің халыққа түрлі қызмет көрсетіп отырған кәсіп иелеріне заңды күші бар іс-шараны жасата алмауында да бір гәп бар-ау?!
Көзіміз көргенді айтпасақ тағы болмайды. Мемлекеттік құрылым санатына жататын құзыреті бар ауданымыздың құрметті мамандық иелері қызмет ететін көпбейінді орталық аурухана мекемесіне тиесілі төңіректің көңіл құлазытар жұтаң көрінісі кез келген кісіге белгілі…
-Жасымыз келіп қалғаннан кейін түрлі ем-шипа алуға жиі баруға тура келеді. Аурухана аумағына тиесілі қоршау ішіне кіргенде көктемгі іс-шара кезінде отырғызылған тал-теректердің қурап қалғанын мұнда келіп жүрген көпшіліктің бәрі біледі. Арнайы жұмысшы қызметкерлері, оның үстіне іргесінде су құбыры бар мекеменің судан тапшылық көруіне не себеп? Бәрі сол немқұрайдылық пен жауапкершіліктің төмен болуынан еткен еңбек пен жұмсалған қаржы зая болуда. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, аурухана төңірегінің көгеріштендіріліп, тал-теректердің өсуіне күтім жасауға болар еді ғой. Осындай жайттарды айтып, ескертіп қойғанның еш сөкеттігі жоқ шығар?! Аудан орталығы – Төле би ауылының Абай ауылына шығатын Тоқтар Әубәкіров көшесінің бойына бұдан екі жыл бұрын түрлі тал-дарақтар мен қылқан жапырақты ағаш өскіндерінің көшеті отырғызылған еді. Солардың қазір екі-үшеуі ғана тұр. Онда да күтімсіз, қараусыз қалғандықтан шөлден қысылып әрең тұр. Тағы да сол себеп, белгілі бір бақылау мен күтіп-баптаудың жоқтығы. «Бәлен ағаш тал тігілді, бәлен жер қоқыстан тазартылды,-деген оңай ақпарат берумен ғана шектеліп жатқанымыз шындық. Соңғы төрт-бес жылда көктемгі, күзгі абаттандыру айлығы кезінде егілген тал-теректер қазірге дейін аман болса, ауыл мен ауданымызды орман-тоғай басып қалар еді. Амал нешік?»-деп пікірін айтқан еңбек ардагері, зейнеткер Рахымолда Тәтіходжаев ағамыздың пікіріне бас шұлғығаннан басқа амал білдіре алмадық.
Шу қалалық орталық саябағының келбетін жақсылап соңғы үлгідегі демалыс орнын жасауға әрекеттенген қала әкімшілігінің абаттандыру жұмыстарына кедергі келтіріп, түрлі жасыл тал-дарақтардың көшетін ұрлап әкетіп жатқан тірлігімізді немен ақтауға болады? Қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарап өмір сүрген орта бәрімізге ортақ екенін сезінетін кез біздің ағайындардың санасына әлі жете қоймаған сыңайлы. Осындайда кімге өкпе айтарыңды білмей дал болады екенсің. Әйтеуір бір-бірімізге итеріп, «менің қатысым жоқ» деп сырғытып салуға әбден машықтанып алдық. «Сөйлесе сөзді ақыл айтудан бастайтын, қазақ елінің азаматымын» деп кеуде керіп жүретіндердің кетіп бара жатып қолындағы босаған бөтелкені қоқыс жәшігіне емес, жол жиегіне тастайтын қылықтарына қайтіп қарның ашымайды?!
«Бізді мәдени тұрғыда дамытпай жүрген өзіміздің дарақы мақтанымыз бен бойкүйез немкеттілігіміз, «мен емес, басқалар айтсын» деп тұратын көзі бар, бірақ байқамай қалған сыңай танытатын «азаматтығымыз» сор болып жүр ғой» деп ашынған Шерағаның «Бір кем дүниесі» осындайда айтылған тұжырым… Бірде көрші облыстың Сайрам ауданында тұратын бір өзбек ағайындарға қазақы дәстүрмен құда болып бардық. Көше бойына тігілген тал-дарақтардың көшеттерінің түбіне су құйып жүрген егдесі бар, жасы бар адамдардың тірлігін байқадық. Өзі көтерген шелектің бір жағын немересіне ұстатып, тал түбіне су құйып жүрген қарияның: «Үкіметке рахмет, үйлеріміздің көше жақ бетіне тал тігіп берді. Әркім өз үйінің тұсындағы көшеттерді аман өсіру – біздің міндетіміз. Бала деген періште ғой, бұлар құйған су жаңа өскінге бірден нәр береді, тез қатаяды әрі өзі су құйған көшетті сындырмай қорғайды» дегені үлкен қарапайым даналық екеніне көз жеткізіп қайтқан едік.
«Бір тал кессең, он тал ек» қағидатымен жұмыс жүргізуіміз қажет. Өзін зиялымын, ұлт мүддесі, болашақ ұрпақтың жанашырымын деген ардагер ағалар мен апалар, сала басшылары мен қызметкерлері, жастар мен қоғамдық ұйымдар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, өзіміздің өмір сүріп отырған ортамыздың мәдени даму ісіне «сен», «мен» деспей, атсалысуымыз керек-ақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық науқаны жалаң күйде қала бере ме? Не істемек керек?

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.