Өркениет – тазалықтан басталады
Кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарынан өз өңірінің көркеюіне үлес қосып, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып жатқан азаматтардың тірлігін оқып-біліп жатырмыз. Бұған қоса барлық ауыл-аймақтарда 20, 30, 40 жыл бұрын орта мектеп бітірген түлектер бас қосып, қаржы жинап, туған ауылының кіреберіс тұсына елді мекеннің аты жазылған белағаш орнату да үрдіс алуда. Әрине, ауыл атауын айшықтап, заманауи белгі орнату-құптарлық іс. Десек те, түйткілі көп, күрмеуі қиын болған күнделікті тіршілікте кездесіп жатқан мәселелер де жетерлік.
Өмірінің 50 жылын ауыл шаруашылығы саласына жұмсаған бір қария атамыз:
– Әр ауылдың өз машақаты жетерлік. Ауыл тұрғындары егістігіне су жеткізе алмай, су жүретін арық-атыздар көміліп, қолдағы малын суғаратын құдығы болмай қиналып, дүбәра болып жүр. Халықаралық дәрежедегі автомагистралды жолдың бойындағы ауылдарда күнара дерлік мал шығыны болып жатыр. Мал өтетін жерлерге қауіпсіздік шараларына қажетті қоршаулар орнатуға күш салып, «бұл – үкіметтің жұмысы» деп бөлініп-жарылмай, өз істерінің игілігін көруге жұмылдырылса, құба-құп болар еді. Бәлен адамға жұмыс орны болатын өндірістік зауыт, фабрика салудың орнына, елді мекеннің аты жазылған белағашқа қомақты қаржы жинап, салтанатты жиын жасап, лента қиғанда тұрманымыз түгенделіп, жоғымыз бүтінделіп қала ма?!
Тағы бір көкейді түрткен мәселені айтпай кетпеске болмайды. Соңғы кездері зейнетке шыққаны бар, шықпағаны бар, ақсақалдарымыз асық атып, ләңгі теуіп, арқан тартып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қала берді доп қуалап, жарысқа түсіп, жүлделі орындарға таласып, бәйгелі болып жатыр. «Жасың келсе де қарап отырма, бірнәрсеге жарап отыр» деген халқымыздың тәмсіл сөзі бекер айтылмаған. «Біз өз уағымызда бүйткенбіз, сүйткенбіз» деп өздерін мысалға келтіріп, өздерін қоғам қайраткерлері сезініп сөйлейтін шалдар көбейді. Жастарға құрғақ ақыл айтып, асық атуды үйреткеннен гөрі қимыл-қозғалысының барында үй іргесіндегі бос жатқан жерге дақыл егіп, өмірлік тәжірибе жинаған ауыл шаруашылығына қажетті ақыл-кеңестерін айтып, неге кейінгі буынға нәпақа боларлық үлгілі іс көрсетпейді?! «Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде тон пішіптінің» кері келіп тұр-ау, шамасы?! Өз ауылына жанашырлық танытып, жақсылық істегісі келген жігіттердің басын қосып, ауыл тұрғындарының күн-көріс көзі болып саналатын түйткілді мәселелеріне көбірек көңіл бөлініп, жергілікті әкімшілік мамандарымен ауылдың беткеұстар азаматтарының ой-мүддесін тоғыстырып, жұмыс қылса көп нәрсенің шешімі табылар еді ғой,- деген пікірі көптің ойына дөп келген тұжырым. Ағамыздың сөзіне қосыла отырып, біз де өз пікірімізді білдіріп қоюды жөн көрдік.
Аудан орталығы – Төле би ауылынан бағыт алып, Мойынқұм, Абай, Балуан Шолақ елді мекендеріне баратын автожолдардың қос қапталында сұрықсыз күйге енген тал-дарақтардың күтімсіз қалғаны да қынжылтады. Тамырына тамшы су бармай қураған бұтақтары мен діңін кесіп-тазарту үшін де сырттан инвестор шақырамыз ба? Жергілікті әкімдіктегілер «тиісті компания басшыларына айтылды, бұл істі солар жасап береді» деген сырғытпа жауаппен өздерін өзі алдап, бір-біріне сілтеп, уақыт өткізуде. Күнде осы жолдармен өтіп жүрген ауыл әкімдерінің, әкімшілік мамандарының, ауыл ақсақалдарының көздеріне келеңсіз көріністердің түспеуі мүмкін емес қой. Былтыр тіккен тал-дарақтардың биыл қаншасы өсіп, тамырланғанын есепке алып, жергілікті округ әкімдеріне жылдық есеп беру кезінде жауапкершілік жүктелсе, еткен еңбектің зая болуына титтей де болса тосқауыл болар еді. Өз ауылының көркеюіне жанашырлық қылып, жақсылық жасағысы келген тепсе темір үзетін жігіттердің басын қосып, жолаушы мен жүргіншінің көзіне сүйелдей боп көрінетін жол бойындағы сиықсыз тал-дарақтардың көріністеріне назар аударып, «округ әкімі», «ауыл әкімшілігінің мамандары», «ақыл айтқыш ақсақалдар ұйымы» өз ауылының тыныс-тіршілігіне бағыт-бағдар беріп, тазалық жұмыстарына жұмылдырса, игі іс жалғасын табар еді.
Жыл сайын күзгі қыркүйек, қазан айларында болатын тазалық, абаттандыру айлығы кезінде бәленбай ағаш егіліп, бәленбай тонна қоқыс жиналып, тазартылып жатқаны туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлап-ақ жатыр. Өкінішке қарай, жасалған істің қайырымдылығын әрмен қарай дамытуға жергілікті тұрғындардың немқұрайдылығы мен өмір сүріп жатқан ортаға деген жанашырлығының жоқтығынан іс нәтижесі құмға сіңген судай болуда. Жаны ашымастық емей немене, 3–4 жыл бұрын аудан орталығы Төлеби ауылындағы Тоқтар Әубәкіров көшесіне егілген әртүрлі сәндік ағаштар мен тал-дарақтардың қазір бірен-саран жұрнағы да қалмады десек болады. Себебі егілген талдардың күтімі жоқ. Тағы бір салдары — жергілікті көше тұрғындарының өз үйінің тұсына тігілген жас өскіндерге көңіл қойып, түбіне су құюына өзіміздің салғырт, жаны ашымастық пиғылымыз кесір боп жатыр. Кез келген отбасының үлкендері өз балаларына жас талдың өсіп, үлкейгенде сая, көлеңке болатынын, сындырмай, түбіне су құйып, күтімдеуді айтып үйретуге де ақыл-ой даналығы керек пе? Дана Абайдың «Үйретері жоқ үлкеннен без» дегені осындайда айтылса керек. «Қоқысты жинау — әкімшіліктің жұмысы, шашу — біздікі» дейтін кереғар пиғылға бекініп алғанымыз өтірік емес. «Өркениет тазалықтан басталады. Тазалық деген сөздің астарында қаншама түсініктеме, мағыналық сөз жатыр. Қоршаған ортадан басталатын қарапайым сөз түсінігі адами болмыс пен рухани байлығыңа шейін бір ғана тазалық керек деген ұғымға сыйып кетеді», — деп көрегендік сөз қалдырған өз заманының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың даналық сөзі қазіргі заманға дөп келіп тұр.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.