Ақпараттық портал

Абай және алмағайып заман

Қоғамның бір күйден екінші күйге ауысуының тауқыметі қашанда көп екені мәлім. Ал, біздің, кешегі «коммунизм құрылысшыларының» өмірі күрт өзгерді, мұны қатты жылдамдықта келе жатқан көліктің шұғыл кері бұрылуына теңеуге болатындай. Аса қауіпті бұрылыс… одақтас республикалардың бірқатарында қантөгіске әкеліп соқтырды және ол, тіпті қазір де жалғасуда.
Біздің еліміз ондай қайғы-қасіреттен аман, бірақ болашақта жаңағы өрт ошақтарының туған жерімізді шарпымасына да кепіл жоқ. Демек, тәуелсіз мемлекетіміздегі бейбіт өмірдің арқатірегі не? Халқымыздың бақуатты тірлігінің іргетасы берік болуы үшін біз не істей аламыз?

Егемендік бұғанасы енді бекіп келе жатқанда мазалайтын сауал көп. Соған орай, көңіл тыншытар жауабымыз да бар:
Ол барлық азаматтардың тең құқылығы және Отанымыздың абыройы үшін жалпы жауапкершілігінен туындайтын – Қазақстандық патриотизм. Маңыздысы – мемлекеттің және халықтың бірлігі, олардың өзара сенімі және бірігіп жұмыс істеуге дайындығы, елді және оның жетістіктерін мақтан тұтуы азаматтарымыздың әлеуметтік сенімі мен халықтың рухани бірлігі.
Бұлай дегеніміз жылдан–жылға қарай әрбір қазақстандық ертеңгі күніне, болашағына сенімді болатындай саяси жүйені қалыптастыруымыздың қажеттілігі.
Мемлекет дамуының жаңа деңгейінде әрбір азамат өз елінің иесі екендігін сезінуі, барлық оқиғаларға, елдің жеңісіне де, қиыншылықтарының шешілуіне де толыққанды қатысуы.
Отанға деген сүйіспеншілік, өз еліміз үшін мақтаныш, өмір сүруді жақсарту үшін ұмтылу мен әрдайым алаңдау және еңбекке деген ерекше көзқарас – біздің өзгермейтін қасиетіміз болуы.
Келешектің жарқын бейнесін құрайтын басты өмірлік құндылық – әрбір азамат өзін, өз елімен сәйкестендіруі. Бұл ең алдымен, өз Отанымыздың тағдырына жауапкершілік, оның мүддесін қорғауға әзірлік және өз халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне деген құрмет.
«Мен Қазақстан Республикасының азаматымын» – деп мақтана білу.Ел үшін, жер үшін қажырлы еңбек ету, еліме, халқыма осы кезеңде, осы уақытта менен не қажет соны мен міндетті түрде өз орнымда іске асырамын деуі. Осылай өзіне аса жоғары талап қоя білу – бұл қазіргі кезеңдегі ұлт патриотының басты ұраны.
Олай болса, ендігісі сіз бен біздің қолымызда замандас, басты бағыт-бағдар да белгілі: ел-жұрт шаруаға сабырмен білек сыбана кірісіп, айналасына ізетті де мейірімді болғаны абзал. Алты алаштың ұлы перзенті Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың асыл мұрасына тағы бір зер сала үңілсек, кемеңгер ақын ұлағаты еріксіз тәнті етеді. Келіңіз, Абайға жүгініп көрелік…
«Ұйықтаған ойды кім түртпек…»
Қоғамды өзінің ойлы да өнегелі сөздерімен алға бастап, озық елдердің қатарына тарту біртуар қайраткерлердің маңдайына жазылған тағдыр. Халық осындай перзенттерінің жанкешті қажыр-қайратының арқасында ғана жаңа заманға жарамсыз «ескіден» арылып, соны жол, сәулелі биікке бағдар ұстайды. Сол өркениет көшінде халыққа ең керегі не, яки қандай қасиеттер? Ел ағаларының жаңағы сауалдың жауабын кәнігі тамыршыдай тап басып, айналасын жаңалық сәулесімен нұрландыра білуіне сол ел мен жердің болашағы тәуелді. Ұлы Абай бұған ерекше ден қойып, өнегелі өмір мәнін былайша айшықтайды:
«Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп,
Мақтамайды ешкімді бұ күнде көп…
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 3-бет).
Ал, келесі өлең жолдарынан Алаштың дана да дара тұлғасының қарындастарына осылайша терең ғибрат айта отырып, «қалың ұйқыдан» оянуға асықпаған халқының бейқамдығына күйзелген қалпы келеді көз алдымызға:
«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек…
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?! (сонда, 2-том, 22-23 беттер).
Абай секілді данышпандар туралы кейде «заманынан ерте туған» деп жатады. Біздіңше, ондай нартұлғалар жөнінде «ерте» емес, дер кезінде дүниеге келген десе, жарасады. Олар өздерінің жанашыр сөз, жанкешті істерімен қандастарын алға тартып, бар өмірін осы жолға арнады. Жақын айналасы болмаса, өкінішке қарай, көпшілік замандасының түсінуі де екіталай. Бірақ, біртуар тұлғалар «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін» деп, толғана отырып та алған беттерінен айнымай, халықты өркениетке үндеумен болады.
«Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға…
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен (сонда, 2-том, 62-63 беттер).
Ұлы далаға осылайша терең тағылым тарата отырып та кемеңгер өз басының өкінішін де жасырмай, бұл өмірде өнер мен ғылымның ғана баянды екені туралы жыр толғап ғана жас ұрпаққа ұлағатты ой салады:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл маһрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?» (сонда, 1-том,45-бет).
Сондықтан қазір де айналасын жақсылыққа үндеп, сөзімен де, ісімен де үлгі боп жүрген ауыл азаматтары туралы жан-жақты жазып, оларды жас ұрпаққа үлгі ету де бұқаралық ақпарат қызметкерлері үшін абыройлы парыз екені айқын.
«Еңбегің мен ақылың екі жақтап…»
Абай поэзиясы біздің мәңгілік қазынамыз әрі шамшырағымыз. Бұл, бірақ сандыққа салып қоятын құр мақтанның дүниесі емес. Ұлы ақынның ұлағаты бізбен қоян-қолтық өмір сүре береді және әрқашан дұрыс бағдар сілтейді. Ол ғажайып жыр жәуһары тынымсыз еңбек пен сабырлы ақыл мәртебесін паш етеді:
«Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы – өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек…
Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?..» (сонда, 1-том, 46-бет).
Жас адамның алдына қойған арман мен мақсатына жетуінің ең тура жолы «талап, еңбек, ақыл» екенін көрсете және ой сала отырып, ақын аға одан әрі былайша толғанады:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге…
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз».
Өз бойында осы қасиеттерді тәрбиелеп, шыңдай алған жанның еңбегі де жанбақ… табыс бар жерде сұлу сөз бен сылдыр мадақ та көп және одан бас айналмауы да қиын. Соған орай маңайыңдағылардың қолпаштауына мастанып, масаттанудың ағат екенін хакім Абай мұқият ескертеді:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап (сонда, 2-том, 13-бет).
немесе
«Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы – өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек» (сонда, 1-том, 46-бет).
Ұлы ақынның жырынан сусындай отырып, одан біздің тіршілігіміздің де көп түйткілінің сырын ұққандай боламыз. Өтпелі кезеңдегі «сатып ал да, сат» қағидатымен табысқа оңай жолмен әрі тез кенелу сырқаты, өкінішке қарай, соңымыздан өкшелеп қалмай келеді. Осыны да данышпан ақын өз заманында тап басып, өткір сынға алғанын білсек керек:
«Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ ырғып түсем деп,
Мертігеді, жатады» (сонда, 1-том, 66-бет).
Шынында да адамға қашанда ақыл бас болып, әр қадамын жүрекпен таразыласа ғанибет. Абайдың он жетінші қара сөзінде «қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні» естеріңізде болар. Сонда «ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап» болып, былайша түйіндейтіні бар емес пе? «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті» (сонда, 2-том,105-бет). Расында да…
«Адамды сүю… жүрек ісі»
Абай – жүрегіне Алланы қондырған адам. Туған халқын жан-тәнімен сүйгендіктен сол қазағының жанына батырып айта отырып та тәуелсіздігінен айырылып, өз басынан еркі кеткен елдің тұманды тағдырына күйзеледі:
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың…
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?..
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» (сонда, 1-том, 49-бет).
Алайда, сонау бір отарлық езгісі күшейген тұста да ұлы ақын келер күннен күдерін үзбей, бақытты да баянды тұрмыс мәнін үш нәрседен табады. Оның, біріншісі, тірліктің жаратушысы Алла тағалаға деген шексіз сүйіспеншілік… сосын, әрине адамды сүйіп, әділетке жақ болу. Қазір қарап отырсақ, мынау дүбірлі дүниеде тиянақ тауып, бақытты өмір кешу үшін де адамға ең керегі айналаңдағы замандасқа деген құрмет пен әділет сезімі екен. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары жұршылықты шындықты Астанадан іздеуге мәжбүрлейтін бұрмалаушылықтар туралы аз жазбайды. Сонда еріксіз таңданасың, бұл қалай, өзің секілді Жаратқанның пендесіне қиянат жасауға дәтің қалай барады? Егер «қолыңнан келсе, қонышыңнан бастың» кебін кисек өмірде не мән қалады? Адамдық өлшемі – әділеттілік, ал азамат парызы сол әділетке жақ болу емес пе! Міне, біздің төл әрі сүйікті газетіміз үшін әділет талабы халық асыға күтетін арналы тақырыптардың бірі болса, құба-құп. Ал, өзіміз зерделей алып, оқырманға үкілеп ұсынатын ұлы Абай өсиеті мен аманаты қаншама!
Тағы бір жүрек ісі! Ол туған тіліміз бен салт-дәстүрімізді ардақтай отырып, атамекенде қатар өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың өкілдеріне, біздің отандастарымызға қамқор болу, міне қазақтың мемлекет құрушы ұлт ретіндегі абыройлы борышының бірі осы екенін егемендіктің алғашқы күнінен бастап айтумен келеміз және оның жемісін де көрудеміз. Абай мұрасының бір алтын арқауы да осы, тыңдап көрелік:
«Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – күннің мәртебесі» (сонда, 2-том, 59-бет).
Әрине, біздің әрқайсымыздың күнделікті атқарар шаруамыз бастан асады… бәрі де тірлік пен адамдық қамы. Сол тоқтаусыз, тынымсыз көште бір сәтке болса да дамыл тауып, халқымыздың біртуар перзенттерінің мұрасына зер салсақ абзал емес пе?! Алты Алашта дарынды ұл-қыздар баршылық және ондай елін сүйген ерлерге ұлы дала ешқашан кенде болмаған. Әлі де ұлы аналарымыз талайын өмірге әкелетініне күмән жоқ.

Еліміздің ертең атар таңнан да үміті зор. Олай болса, ұлы ақын ұлағатына әлсін-әлі жүгініп, жақсылыққа талап қып, кең толғанып, терең ойланатын оқырман қауымның азайып кетпеуіне үлесімізді қоссақ, сабыр мен мейірім салтымыз болса нұр үстіне нұр ағайын!
Әділ НесІпбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.