Ақпараттық портал

Ақынды ұлықтау – парызымыз

Биыл қазақтың ойшылы, кемеңгер тұлғасы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Алашқа ортақ алыпты ардақтау шарасы туған жері Семейден бастап күллі қазақ даласында жалғасуда. Оның ішінде
Шу аудандық орталықтанды-рылған кітапханалар жүйесі де ақын тойына атсалысуда.

Жалпыұлттық сипаттағы мерейтойда Абай хәкімнің 180 жылдығын атап өту бойынша түзілген жоспарды басшылыққа ала отырып, Шу қаласы мен ауылдық округтерде орын тепкен кітапханаларда бірқатар іс-шаралар өткізілді. Бүгінге дейін кітапхана тарапынан жалпы 15 шара өтіп, оған 300-ге тарта оқырман қатысты. Алуан түрлі форматтағы шаралардың түпкі мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу, оқырмандарды кітап оқуға ынталандыру, ақын өлеңдеріндегі асыл қасиеттерді насихаттау.
Тарқатып айтқанда, аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Шу қалалық мәдениет үйінде „Абай оқулары“ байқауы өтті. Сонымен қатар №1, 2, 3 Шу қалалық кітапханалар „Ұлы халықтың – Ұлы Абайы” және орталық кітапхана «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты көрме ұсынды.
Бірлік ауылдық кітапханасының „Абайды оқы, жалықпа” оқу марафоны мен №2 Шу қалалық кітапхананың „Ұлы халықтың Ұлы Абайы” танымдық сағаты тағылым таратты. Көкқайнар ауылдық кітапханасындағы „Ұлылардың ұлысы – Абай” оқу марафоны оқырманға ой салса, Абай ауылдық кітапханасында өткен „Абайдың мәңгілік поэзиясы” поэзия кеші көрерменге жағымды әсер сыйлады.
Қонаев ауылдық кітапханасында өткен оқу марафоны мен №1 Шу қалалық кітапханасының поэтикалық марафоны да тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Ал, балалар кітапханасындағы ақынға арналған тәрбие сағаты мен Далақайнар ауылдық кітапханасының „Абай – дара, Абай – дана” атты әдеби подиумы пайым сыйлағаны сөзсіз.
Бәйдібек ауылдық кітапханасында да „Асыл сөзді іздесең…” атты оқу марафоны өткенін айта кеткен жөн. Аудан орталығындағы кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі „Абай поэзиясы – әлем әдебиетінің жауһары” әдеби кешін терең ыждаһатпен өткізді. Одан бөлек, №3 Шу қалалық кітапханасында „Ұлы халықтың Ұлы Абайы” оқу марафоны, Балуан Шолақ ауылдық кітапханасында „Ұлт тілінің ұйытқысы Ұлы Абай” оқу марафоны ұйымдастырылды.
Қорыта айтқанда, шулық кітапханашылар мерейтойдан шет қалған жоқ. Кітап оқу ісіне оқырман тарту, қаламгерлердің еңбектерін елге таныту жолында бұдан кейін де еңбек ететін боламыз. Ал, Абайды ардақтау – Алашқа ортақ парыз екенін айтқым келеді.
Бағдагүл Алжанбаева,
Шу аудандық ОКЖ директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.