Құрыш қолды құрылысшылар
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің бір мәлімдемесінде «Құрылыс саласы – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші» деген болатын. Әрі осы бағытты жандандырып, қарқынды арттыруды ел үкіметіне тапсырған. Құрылысшы мамандығы – бағзыдан құрметке ие кәсіп. Құрыштай білекпен, темірдей төзіммен ел өркендеуіне үлес қосу құрылысшыларға тән қасиет. Олар ел игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызды һәм аса қажетті жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қазақстан құрылысшылары жыл сайынғы тамыздың екінші жексенбісінде төл мерекелерін атап өтеді. Әрі құрмет пен қошеметке бөленетін сәтті асыға күтеді. Өйткені еңбек адамының ел алғысына бөленуі алдағы жұмыстарға шабыт береді.
Шу ауданында өмірін осы салаға арнап, ауданның дамуына үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Олардың бір парасы таяуда ғана аудан әкімдігіндегі қабылдауда құрметке бөленді. Кәсіби мерекеге орай аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев ардагер құрылысшылар мен олардың ізбасарларын қабылдап, ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ олардың аталмыш салаға қосқан үлестерін жоғары бағалап, арнайы марапаттарды тапсырды.
-Бүгін кәсіби мерекелеріңіз қарсаңында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Құрылысшылар еңбегі – елді мекендердің көркеюі мен өркендеуінің негізі. Әрбір бой көтерген мектеп, аурухана, тұрғын үй, жол мен көпір – өздеріңіздің маңдай терлеріңіздің жемісі. Мемлекетімізде құрылыс саласына көрсетіліп отырған қолдау орасан. Соның себебімен бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асып жатыр. Мәртебелі мамандық иелері ретінде сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Әрі ақ адал еңбектеріңізге алғыс білдіремін,-деді Найманхан Айдарханұлы өзінің лебізінде.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, құрылыстың қарқынды дамуы мен ауданның ажарлануына айшықты үлес қосқан мамандар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Одан бөлек, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков өз құттықтауларын білдіріп, марапаттарды тапсырды. Марапатталған мереке иелері өздеріне айтылған алғыс пен көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, ауданымызда соңғы жылдары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүруде. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2025 жылы екі өтпелі нысанның құрылысы жүргізілген. Оның бірі жуырда ғана ел кәдесіне берілген Белбасар ауылындағы мәдениет үйі. Екіншісі «Жетісу» ықшам ауданындағы 80 пәтерлік №1 тұрғын үй. Соңғысының құрылысы белгілі себептерге байланысты созылуда. Сондай-ақ аталмыш бөлім биыл 4 нысанға қаражат қарастырылатынын айтып отыр. Оның екеуі спорт кешені болса, біреуі ипподром, бірі беккери щұңқыры. Онымен қоса, 3 нысан құрылысы жеке инвестиция есебінен салынуда. Олар Шу қаласы мен Бірлік ауылындағы ангар типтегі спорт нысандары және Көкқайнар ауылындағы күрес және бокс спорт залы.
Тағы бір айта кетерлік жайт, ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 110 пайызды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 728 387 млн теңгеге артқан. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі де 13 843 шаршы метрді құрап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 101,4 пайызға артық екенін айтады құрылыс бөлімінің мамандары.
Байжан Емберді.