Ақпараттық портал

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаудың мәнін ұғындырды

“Аталы сөзге арсыз да тоқтайды” деген өсиетті өміршең еткен, көкейінде түртіп тұрған сөзін “Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ” деп басын бәйгеге тіге отыра түйреп айтатын, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйе білген, мақал сөздің мәйегін ағызатын, жүйелі сөзге тоқтай білген дана халқымыз қашанда шешендік өнерді дәріптеумен келеді. Бізді өзге ұлттардан ерекшелеп тұратын да сол тіліміздің көркемдігі, шұрайлылығы, оралымды, ырғақты, теңеулі болып келуі. Тіл жоғалса, ұлт жоғалатынын біз ғана емес, өзге ұлттар да дәлелдеп отыр. Осыған дейін әлемдік аренада өзінің ана тілін жоғалтып, “өлі тілдер” қатарына еніп кеткен тілдерді де тарихтан білеміз. Кешегі Алаш арыстары да біздің тілдің жойылып кетуінен сақтанған, сескенген. Жан-жақтан анталаған дұшпандарымыз ұлттық тілімізді, «қазақ» деген атымызды жойып жіберу үшін жымысқы саясатын жүзеге асырғандығы да сол тарихтан белгілі.

Бүгінгі күннің басты саясаты – тіліміздің сақталуы, дәріптелуі жолында түрлі стратегиялық бағдарламалар жүзеге асып, Мемлекет басшысының Жолдауы мен Үндеуінде де сан рет айтылып жүр. Тілді құрметтеуді мектеп қабырғасынан бастар болсақ, ана тілдің кең қанат жаюына да білім ошағынан жол ашамыз. Бұл күндері “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасындағы “Ұшқыр ой алаңы” жобасы аясында пікірсайыс ойындарын да жандандырып келеміз. Соның жарқын дәлелі, осы жолдардың авторымен аудандық “Дат” дебат клубы құрылып, соның негізінде жалпы және қосымша білім беру ұйымдарында да дебат ойындары жанданып келеді.
Әрбір білім алушының ой-өрісінің дамуына, сөз саптауының қалыптасуына, тілінің тазалығына, ана тілін құрметтей білуіне, ізденімпаздығын жетілдіруге баса мән берілетін пікірсайыс ойындарында осы артықшылықтарға баса мән беріледі. «Сөйлем сөзден құралады. Сөйлемнің құрамына кіретін әрбір сөздің өзі тұлғалы болуы керек. Сонда, сөйлем тартымды болып шығады. Көркем әдебиетте сөз тұлғалы болуымен бірге теңемелі, бейнелеулі болсын. Әр сөз тұлғалы, әрі бейнелі болса, көркемдік содан туады» деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, Парламент қабырғасында отырып, елдің үнін жеткізіп, халықтың атынан сөйлейтін мықты спикер тәрбиелеп шықсақ, білім беруде жеткен жетістігіміз сол болмақ. Пікірсайыс ойынының тәртібі де сол, үкімет және оппозиция тарапында болып, берілген қарарлар бойынша сынға түседі.
Пікірсайыс турнирінің ережесіне сай, барлық талаптарды орындауға барын салып жүрген білім беру ұйымдары арасында айына бір рет аудандық деңгейде пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып тұрады. Соның жарқын көрінісі, аудандық білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм ортағының «Өлкетану» үйірмесінің жетекшісі Олжас Рүстемнің ұйымдастыруымен Оқушылар сарайының базасында Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай “Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста” атты аудандық пікірсайыс турнирі өтті. Оған аудандық білім беру ұйымдарынан 25 фракция қатысты. Абайдың “Толық адам” ілімін оқушылардың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған пікірсайыс турниріндегі қарарлардың өзі ерекше болды.
Мәселен, “Бұл палата қазіргі коуч-психологтарға қарағанда Абайдың кей қара сөздері көбірек мотивация береді деп есептейді” деген қарар бойынша үкімет және оппозиция тарапындағы фракциялар өздерінің ұстанымын толықтай қорғап шығуға барын салды. Үкімет тарапы Абайдың қара сөздерінен мысал келтіре отырып, қазіргі коуч-психологтарға қарағанда айтпағы көп Абайдың ойы тереңірек және мотивацияға толы деп қарарды ашты. Ал, оппозиция тарабы Абайдың психолог емес, ақын екенін алға тартып, қара сөздері нақты қазіргі уақыттың өмірлік жағдайларына сәйкес келмейді деген ой-пікірлерін алға тартты.
Сондай-ақ, “БП Абайдың шығармалары мектеп бағдарламасында оқыту үшін күрделі деп есептейді” қарары бойынша үкімет тарапы Абайдың шығармалары оның ішіндегі қара сөздер мектеп жасындағы жасөспірімдердердің жас ерекшелігі үшін күрделі екенін, олар өмірдің мәнін, Абайдың философиясын онша ұғына бермейтіндігін айтты. Оппозиция тарапы Абайдың шығармаларын мектепте оқу жастардың ойлау қабілетін, сөздік қорын және рухани дүниесін дамытуға өте пайдалы. Егер мұғалім дұрыс түсіндірсе, кез келген оқушы Абайдың идеясын түсіне алады деген пікірді қолдайтынын жеткізді. “БП Абай өмір сүрсе, қазіргі билікті қатты сынайтын еді деп есептейді” қарары бойынша үкімет тарапындағы оқушылар Абайдың әділдік пен халық мүддесін қорғағанын ескеріп, егер ол бүгін өмір сүрсе, қоғамдағы әділетсіздік, жемқорлық сияқты мәселелерге қарсы ашық пікір айтқан болар еді дей келе, шығармалары мен қара сөздерінен бірнеше мысалдар келтіріп өтті. Бұл қарар бойынша оппозиция тарапы Абайды тек сынаушы емес, халықты бірлікке, еңбексүйгіштікке, әділдікке шақырған ойшыл ретінде қарастырып, ол бүгін өмір сүрсе, қазіргі билікті қолдайтындығын, себебі, оның 3-ші қара сөзінде айтылған билік туралы ойы қазіргі билікке ұқсас екендігін алға тартты.
Ақтық ойынды түйіндеген “1903 жылы бұл палата Абай ретінде 46-шы қара сөзді аяқтайды” қарарында оқушылар әбден суытылған жүйріктей идеологиялық ойларын ортаға салып, бір-бірінің сөзін іліп ала кетіп, ойын көркін қыздырды. Әр қарар бойынша ойын кезеңдерінен суырылып алға шыққан 8 фракция альфа және бетта болып екі топқа бөлініп, соңғы қарар бойынша оқ бойы оза шауып, жеңіске қол жеткізуге ұмтылды. Бір қызығы, 45 қара сөз қалдырған хакім Абайдың 46-шы қара сөзі бар, ол 46-шы қара сөзін жазу үстінде кенет науқастанып аяқталмай қалған, яки ондай қара сөзі жоқ, тек мақала ретінде жазған деген талас-тартыстар көп. Десе де Абайдың 45 қара сөзін оқып жүрген оқушылардың не түйгенін, нені сезінгенін, ойы қалай қалыптасқанын білу мақсатында 46-шы қара сөзді өзін Абай ретінде сезіне отырып аяқтауды ұсындық.
Осы тұста атап өтерлігі, Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы атынан қатысқан Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің оқушылары “Сөз – найза” фракциясының лидері мен спикері Жұлдыз Мәдімар мен Ақбота Ибраим Абайдың 46-шы қара сөзіне “Жеміс” тақырыбын қойып, әр адамның пісіп-жетілетін, жеміс беретін кезеңін ерекше дәйексөздермен келтіре отырып жеткізді. Адамның ойы – тұқым, ісі – жер, құнары – су екендігін атай отырып, адамның санасына егілген дәннің өнуі үшін, оны құнарландыру үшін рухани азықтың қалай берілу керектігі айтылып, жемісі мол жанға айналуы үшін не қажеттігін, Абайдың 45 қара сөзіндегі адамгершілік қасиеттің әр адамның бойында көрініс табуына жол көрсете білді. “Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп” деген өсиет осыдан қалса керек.
Бір күнге созылған, тартысты өткен дебат ойынының нәтижесінде “Бетта” тобы бойынша ІІІ дәрежелі дипломды М.Дулатұлы атындағы орта мектебінің “Қадам” фракциясы мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің “Ұшқыр ой 1” фракциясы иеленді. Ал, ІІ орынды Д.Қонаев атындағы орта мектебінің “Қанжар” фракциясы, І орынды Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының “Сөз – найза” фракциясы алды.
“Бетта” тобындағы фракциялар спикерлік балл бойынша орта балл жинағандар. Ал, “Альфа” тобындағы фракциялар жоғары балл жинаған фракциялар. “Альфа” тобы бойынша ІІІ дәрежелі дипломды А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гиназиясының “Arlans” фракциясы және Е.Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясының “Ұшқыр ой алаңы” фракциясы жеңіп алды. Ал, ІІ орынды Төле би атындағы орта мектебінің “Ұшқыр ой 2” фракциясы, І орынды Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің “Ақиқат” фракциясы иеленіп, арнайы диломға ие болды. Сондай-ақ, “Үздік талпыныс”, “Үздік образ”, “Үздік уақыт билеушісі”, “Үздік спикер”, “Үздік төреші” номинациялары лайықты азаматтарға беріліп, жетекшілерге де алғыс хаттар табысталды. Жылдан жылға ерекшеленіп, түрленіп, креативті тұрғыда өткізіліп келе жатқан дебат ойынының нәтижесі осындай, бұл алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сөз басын Ғабит Мүсіреповтің кестелі ойымен бастасақ, сөз соңын да заңғар жазушымыздың сөзімен аяқтаудың реті келіп тұрғандай. Оның “Тақырып кейде таудан құлардай, кейде өрге ұшырардай ойлантады. Енді бір тақырыптар жорғалауды, аяңдауды, жортақылануды керек етеді. Жазушының өзін табуы осы жүрістің сырын табуда сияқты” деген сөзі пкірсайыс турниріндегі қарарларды жан-жақты аша білген оқушылардың ынтасынан алдағы талпынысын аңдауға болатындай. Жалпы оқушы пікірсайыс турнирінде түйреп тұрып өзін ойын жеткізе алуы үшін көп оқып, көп ізденуі қажеттігі айтпаса да белгілі. Сапалы біліммен сусындап, саналы тәрбиені сіңірген кез келген оқушы жаман әдеттерге бармасы анық. Шындықтың алдаспаны Шерхан Мұртазаның мына бір сөзі соның дәлеліндей: “Былай қарап тұрсаңыз, адамның миы да бас сүйектің ішінде, күннің сәулесі түспейді. Қараңғы мида неше түрлі зұлымдық, жамандық та, сайтан мен әзәзіл де ұйығады екен. Құдайға шүкір, Сіз бен біздің миымызға сәуле түсіріп тұратын біліміміз, оқыған мен тоқығанымыз бар”. Шынында артық білім кітапта екендігін әрбір азамат ұғынғанда ғана болашағымызға нық қадам басатынымыз ақиқат.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.