Салық қызметкерлері халық игілігіне қызмет етеді
Өткен аптада еліміздегі салық қызметкерлері Мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күнін атап өтті. Ел Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы қаулысына сәйкес, салық қызметі, кеден қызметі және экономикалық тергеу қызметі органдарын біріктіру жолымен Мемлекеттік кірістер комитеті құрылған болатын.
Атаулы күнге орай, Шу ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының ардагерлері мен қызметкерлері де құрметке бөленді. Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев салық қызметкерлерін мерейкүнмен құттықтап, өзінің ізгі лебізін білдірді.
– Салық қызметі – мемлекет қазынасының тұрақты толығуына, әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей ықпал ететін маңызды сала. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен табандылықтарыңыз ауданымыздың өркендеуіне үлес қосып келеді, – деді Найманхан Айдарханұлы.
Сонымен қатар сала ардагерлері мен мамандарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқанын атап өтіп, қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.
Жиын соңында салық қызметінің ардагерлеріне Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісі табысталса, еселі еңбек сіңірген қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Өздеріне көрсетілген құрметке разы болған мереке иелері аудан басшылығына алғыстарын жеткізіп, алдағы жұмыстарына тілеулестік танытты.
Одан бөлек, осы күні спорт саласының үздіктеріне қошемет жасалды.
Төл мерекелері қарсаңында ауданның спорт саласында абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлермен салтанатты жиын өтті.
Ардақтау шарасында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, «Amanat» партиясының төрағасы Болатхан Кемелбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, марапаттар табыс етті.
Байжан Емберді.