Ақпараттық портал

Баспана берген бағдарлама

Қалада жоғарғы оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған жастар қызмет баспалдағын ауылды жерден бастауды жатсынбай келеді. Біріншіден, бұл туған жерін түрлендіруге тамшыдай болса да үлес қоссам деген ниетте болса, екіншіден мемлекет тарапынан көрсетілетін шарапат пен қолдауды қуана қабылдауында. Иә, елді мекендердегі маман тапшылығының орнын толықтыру, жастардың мамандығы бойынша тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді мақсат еткен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының елімізде қарқынды
жүзеге асып жатқанына да биыл
он алтыншы жыл.

Бағдарлама аясында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіптік кешен салалары мамандарына, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтерме жәрдемақы төленіп, баспана алуға жеңілдетілген несие беріледі. Аталған сала мамандарына тұрғын үй сатып алуға не салуға он бес жылға дейінгі мерзімге 0,01 пайыз мөлшерінде несие беріледі. Осы және өзге де сұрағымызға аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Индира Бижибаева жауап берген болатын.
– Иә, бұл жоба оқу бітірген түлектер үшін өте тиімді. Тек жастар бағдарламада көрсеткен шарттарды ескерсе, жобаға қатысу оңай болады. Ол үшін тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджеттік несиеге жақын туыстарынан үй алмауы шарт. Атында борыштық несиенің болмауы да маңызды. Талап бойынша ауылда үш жыл жұмыс істеуі қажет. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 26 маманға 231 988,0 мың теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 50 маманға бір реттік жәрдемақы беруге 19 660,0 мың теңге қарастырылды. Яғни, бір маманға 393,2 мың теңге тағайындалады. Биылғы жылы білім беру саласы бойынша 28, денсаулық сақтау саласынан – 11, мәдениет саласынан – 9, агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша – 5, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерінен – 7 маман, әлеуметтік қамсыздандыру саласынан – 8 маманнан түскен сұраныс мақұлданып, ол аудан әкімдігінің сайтына жүктелді, – дейді бөлім маманы.
Байқағанымыздай, бағдарлама қатысушыларының ішінде көш бастап тұрған білім мен медицина саласы. Өйткені, қоғамдағы сұранысқа ие екі мамандықтың орны ерекше. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та білім мен медицинаны заманауи құрылғымен жабдықтап, білікті маманмен қамтуды алдыңғы орынға қоюды тапсырған еді.
Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырған жас отбасының бірі – Азамат Мұрат пен Сәуле Шәбден (суретте). Жоғарғы оқу орнын 2023 жылы бітіріп келген олар сол жылдың қыркүйегінен бастап аудандағы қосымша білім беретін Оқушылар сарайына орналасып, ұстаздық қызметтерін бастап кетеді. Қызмет ете жүріп сөз жарастырып, отау құрған жастар көп ұзамай бағдарлама аясында үйлі болып қуаныштары еселене түскен.
– Мен Шерхан Мұртаза атындағы Тараз мемлекеттік университетінде спорт және өнер мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі таңда аудандық білім бөлімінің Оқушылар сарайында «Шахмат» үйірмесінің жетекшісімін. Зайыбым Сәуле Тараз инновациялық гуманитарлық университетін ақпараттық жүйелер және технологиялар мамандығы бойынша тәмамдап, Оқушылар сарайында «ІТ сыныбы» үйірмесінде жетекшілік етеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға иек артып, іші жарық әрі кең баспанаға қол жеткіздік. Бұл біздің алаңсыз жұмыс жасауымызға да үлкен көмек болды, – дейді Азамат Даниярұлы бізбен әңгімесінде.
Бағдарламаға өткен жылы қатысып, баспанаға қол жеткізген маманның бірі – Айым Әділқұл (суретте). Ол аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс жасайды.
– Еңбек жолымды 2022 жылы бастадым. Жас мамандарға көрсетілетін көмек туралы жергілікті әкімшіліктен жан-жақты ақпарат алып, құжаттарымды тапсырдым. Арнайы құрылған комиссия құжаттарымды қарап, бағдарлама аясындағы қолдау мен көмек маған да тиесілі екендігі туралы шешім шығарды. Сөйтіп 369 200 теңге көтерме жәрдемақы, 9 млн теңге бюджеттік несие алдым. Бұл мен сияқты енді аяққа тұрып жатқан жас маман үшін өте тиімді болды, – дейді Айым Қайратқызы.
Шу аудандық мәдениет саласында қосалқы құрам әртісі болып қызмет атқаратын Жалғас Нұрғожа да өткен жылы жоба шарапатын көріп, жастайынан жеке баспанасына қол жеткізіп отыр (суретте).
– Алғашқы еңбек жолым 2024 жылдың қаңтарында ғана басталған, жұмысқа орналасқан бетте ойланбастан «Дипломмен ауылға» бағдарламасына құжат тапсыруға кірісіп кеттім. Құжаттарым мақұлданған соң көп ұзамай-ақ үйлі болдым. Бұл біздер үшін үлкен мүмкіндік, қолдау әрі жәрдем. Ал біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – мықты маман болуға талпыну, еңбек ету. Сол себепті жастарды туған жерді гүлдендіріп, көркейту үшін ауылға еңбек етуге шақырамын, – дейді жас та болса белсенділігін таныта білген Жалғас Бесіншібайұлы.
Айта берсек, жобаны кәдесіне жаратып жүргендер көп. Қорыта келгенде, бағдарлама шалғай елді мекендерді сапалы еңбек күшімен қамтуға да, еңбек жолына енді қадам басқан маманның жауапкершілігі мен тәжірибесін нығайта түсуге де мол үлес қосып беретіні анық.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.