Сауапты істен құр қалмайық!
Шу ауданының білім бөлімі жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін республикалық “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда.
Акция аясында жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету арқылы баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алады. Сондай-ақ, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да назардан тыс қалмайды.
Осыған орай, жер-жерде “Мектепке жол” республикалық акциясы жүзеге асырылады. Жыл сайын игі акцияға халық қалаулылары, меценаттар, жеке кәсіпкерлер, еріктілер, жалпы айтқанда жаны жомарт жандар атсалысады.
Қоғамда азаматтардың әлеуметтік мәртебесі тең емес. Әйтсе де өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін толыққанды жағдай жасау-мемлекетке артылған жүк. «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясымен қатар төмендетілген бағамен жәрмеңке де өткізілді. Ағымдағы жылдың 20 тамызы күні аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен орталық базарда жәрмеңке болып, оған Аружан 3, Тоғжан, Глобус бутиктерінің қожайындары атсалысып, мектеп формалары мен кеңсе тауарлары 10-20 пайызбен төмендетілген бағада саудаланды.
“Туған жерге туыңды тік” демекші, ауданның абыройын ойлайтын әр азамат ең алдымен артынан ілескен кейінгі буынның кем-кетігін түгендеумен айналысатыны сөзсіз. “Қуанса, бала қуансын” деген қағиданы ұстанған текті еліміз бала болашағы үшін жасалатын қайырымды істен қалыс қалмайтыны ақиқат. Сондықтанда ауданның жанашыр азаматтарын “Мектепке жол” акциясына бір кісідей атсалысып, қолдау білдіруге шақырамыз.
Сіз бір қалам алып берген бүгінгі бала шәкірт келешекте қарымды қаламгер болмасына кім кепіл?! Ендеше сауапты іске самалдай есіліп, тұлпардай көсіліп, жақсы іске жол салайық!
Атап өтейік, аталған акция ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасатын болады. “Мектепке жол” акциясы бойынша туындаған сұрақтарыңыз аудандық білім бөліміне (8 (72638) 3-00-09) хабарласуыңызға болады.
Акция аясында сенім телефондары мен қоғамдық қабылдаулардың үзіліссіз жұмысы ұйымдастырылатынын да ескертеміз!
Аудандық білім бөлімі.