Рухани әлемге жол ашатын бастама
Биыл туғанына 180 жыл толып отырған Абайдың бойындағы даналық әжесі Зере мен анасы Ұлжаннан дарып, осы екі абыз ананың ортасында өскендіктен Телқара атанғандығын тарихтан жақсы білеміз. Кейінгі жылдары әжелердің немерелеріне ертегі айтуы, аналардың перзентіне бесік жырын айтуы көз жетпес сағымдай болып қалғандай еді, бұл күндері игі дәстүр қайта қолға алынып, жақсы іс-шаралардың бастау алып жатқанына қуанып қаламыз.
Жуырда ғана «Бәйшешек» балабақшасында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған іс–шараға қатысып, қуанышым тағы бір мәрте еселене түсті. Бұл мақаланы аталған балабақша ұжымының баға жетпес еңбектеріне деген құрметім мен алғысымның бір белгісі ретінде жазып отырған жайым бар. Өйткені, мен де бір кездері көздері жәудіреп, менен көз алмай отыратын 45 балаға әріп үйретіп, сауатты жазуға, мәнерлеп оқуға, өлеңдерді жатқа айтуға үйреткен ұстазбын. Қазіргі уақытта бір сыныпта 45 бала оқиды дегенді естіген емеспін.
Аталған іс–шараны «Аналар алқасының» төрайымы Ұлзейнеп Байдосова ертегі айтудан бастады. Қазақ халқы үшін әже – тек үлкен кісі емес, ұрпақ тәрбиесінің тірегі, өнегенің бастауы. Әже – сан ғасырлық халық даналығын, ұлттық болмыс пен тәрбие мұрасын ертегілер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан бірден-бір алтын көпір.
Мен үшін «Әжемнің ертегілеріне саяхат» – бұл тек қиял әлеміне ғана емес, рухани байлыққа апаратын жол. Әженің мейірімді даусымен айтқан ертегі балаларға қанат бітіріп, жақсылық пен жамандықты ажыратуға, ақ пен қараны айыруға үйретеді. Бала үшін әрбір ертегі әлемге жасалған саяхат екенін ұқтық. Ұлзейнеп әже айтқан ертегіні балалар жамыраса қосыла айтып, әженің сұрақтарына жауап беріп отырды.
Біздің байқағанымыз, балалар әженің ертегісін тыңдап отырып, қызықты оқиғаларға куә болып қана қоймай, халқымыздың салт –дәстүрі, наным – сенімі мен рухани байлығы туралы білді. Өйткені, әже ертегіні шын жүрегімен жеткізе білді.
Ертегіні тыңдап отырып мен де өзімнің балалық шағымды еске алдым. Біз де бала болғанбыз. Менің екі әжем болды, олар Ақмаңлай және Ырысты аналарым еді. Әжелерім маған тілім шыққаннан бастап батырлар жырын, ертегілерді, қазақтың халық әндерін үйрететін. Ақмаңлай апамның маған үйреткен өлеңі:
Омыртқаның ішінде жұлындаймын,
Қыз болсам да әкемнің ұлындаймын,
Өздігімнен ешкімге ұрынбаймын,
Өзі тиген кісіні оңдырмаймын,-деп бірнеше рет қайталататын еді.
Әжелерім тек қана ертегі айтып қоймай, менің жүрегіме имандылықтың, жақсылықтың дәнін септі. Бала кезімде ұйықтар алдында айтылған әже ертегілері мені тек ұйқыға емес, армандар еліне жетелейтін. Сол сәттер менің ойлау қабілетімнің, шығармашылық дүниетанымымның дамуына әсер етті. Қазіргі таңда ертегілердің орнын телефон мен теледидар басып бара жатса да, мен әжемнің ертегілерін ешқашан ұмытпаймын.
Сондықтан, осындай рухани байлығымызды жоғалтпай, келер ұрпаққа жеткізу үшін үйде балаларға ертегі айту дәстүрін сақтау керек, мектептерде ертегі оқу сағаттарын жиі өткізу қажет, сондай-ақ көзі қарақты әжелердің ертегілерін жазып алып, жинақ етіп сақтау пайдалы болар еді.
Әрбір әже – бір-бір тірі кітапхана. Сонау ата-бабадан келе жатқан ертегілерді, батырлар жырын, аңыздарды жатқа айтып, әр кейіпкердің болмысын шебер жеткізе біледі. Ертегіні тек айтып қоймай, оған жан бітіріп, тыңдаушының жүрегіне жеткізеді. Бұл – тек әжеге тән шеберлік.
Құрметті Шу ауданының әжелері! Сіздер – біздің рухани шамшырағымызсыздар. Сіздер айтқан ертегі – бізге берілген тәрбие, үміт, даналықтың үлгісі. Ертегі арқылы қазақы болмыс, ұлттық сана, адамгершілік ұғымдары бала жүрегіне сіңеді. Сіздерге зор денсаулықтың арқасында ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, елдің рухани тірегі болып жүре берулеріңізді тілеймін!
Данен Бейсенбаева,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.