Ақпараттық портал

Сот жұмысының басты өзегі – әділдік

1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл тарихи құжат мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, демократиялық қағидаттарға негізделген құқықтық мемлекеттің іргетасын қалады.
Конституция – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, ал сот билігі – сол құқықтарды қамтамасыз ететін басты институт. Құқықтық мемлекет құрудың басты негізі – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғамымыздың құқықтық іргетасы, мемлекеттіліктің берік тұғыры. Оның басты құндылығы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділеттілікті қамтамасыз ету. Осы құндылықтарды жүзеге асыратын маңызды институт – сот билігі.

Конституция – сот билігінің құқықтық негізі
Қазақстан Республикасының Конституциясында сот билігі дербес мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде белгіленген. Ата Заңымыздың 75-бабында «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» деп нақты жазылған. Бұл қағида сот билігінің ерекше мәртебесін айқындайды және оның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Сот жүйесінің басты міндеті – Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты өмірде жүзеге асыру. Судьялар әрбір істі қарау барысында заңдарды Конституцияға сәйкес қолдануға міндетті. Демек, сот төрелігі Конституция нормаларының тікелей әрекет етуін қамтамасыз ететін негізгі құрал болып табылады.

Сот пен Конституцияның өзара сабақтастығы
Сот билігі – Конституцияда бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Қай қоғамда болмасын әділ сот билігінсіз демократия да, құқықтық мемлекет те орнықпайды. Сондықтан сот пен Конституцияның өзара байланысы мемлекет тұрақтылығы мен азаматтардың сенімінің басты факторы болып табылады.
Бүгінде елімізде сот реформалары жүргізіліп, сот төрелігінің әділдігі мен қолжетімділігіне басымдық берілуде. «Әділетті Қазақстан» құру жолында сот билігінің ашықтығы, судьялардың тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдіріліп келеді.
Қорыта айтқанда, сот пен Конституция – егіз ұғым. Конституция сот билігінің құқықтық негізін бекітсе, сот билігі Конституция қағидаттарының өмірде жүзеге асуына ықпал етеді. Шу аудандық соты үшін де басты мақсат – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау, әділдікті қамтамасыз ету, заңның үстемдігін орнату. Бұл – Ата Заң алдындағы, халық алдындағы ең үлкен міндетіміз.

Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.