Ерен ерліктің иелері еленді
29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні. 1991 жылдың дәл осы күні тиісті Жарлыққа қол қойылып, 40 жылға созылған зобалаң жойылды. Ал 2010 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанның ұсынысымен 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.
Сондай сұрапыл шақтардың куәсі болып, сынақтардың салдарын жоюға атсалысқан шулықтар әлі де арамызда жүр. Олар жыл сайын тамыз айының соңында аудан әкімдігіне шақырылып, құрметке бөленеді, мәселелері тыңдалады.
Бұл игі үрдіс биыл да жалғасын тапқанын айта кеткен жөн. Жұмыс аптасының соңғы күнінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Семей сынақ полигонының салдарын жоюға қатысқан аға буын өкілдерін қабылдап, құрмет көрсетті.
Ең алдымен аға буынға көзсіз ерліктері мен зор тәуекелдері үшін алғыс білдірген аудан басшысы зор денсаулық тілеп, жауынгерлердің жанқиярлығы жас ұрпаққа үлгі екенін еске салды.
-Биыл Семей полигонының жабылғанына 34 жыл толды. Ертең еліміз Ата Заңның 30 жылдығын атап өтпек. Мұның барлығы маңызды дата. Бүгін сіздермен дидарласып отырмыз. Сіздер салған соқпақ ерлікке толы жол. Сондықтан сіздерге жастарды патриоттық тәрбиеге баулып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақуатты тірлік тілеймін,-деді Бақытжан Оразалыұлы кездесу барысында.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, бірқатар ардагерлерге аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, мәслихаттың марапаты мен партияның құрметі көрсетілді. Сондай-ақ кездесуге келген барлық сынақ ардагерлеріне естелік сый-сияпаттар табыс етілді.
Өз денсаулықтарын құрбан еткен аға толқын өздеріне көрсетілген ілти патқа разылығын жеткізіп, толғандырған сұрақтарын аудан басшысына қойды. Сауалдардың дені әлеуметтік қолдау, денсаулық пен сауықтыру жөнінде болды. Б.Жәнібеков тиісті басшылармен бірге ардагерлердің тілектерін тыңдап, заң аясында мүмкін істерді орындауға уәде етті.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, арамызда ядролық сынақ кезінде өз міндетін орындаған 35 азамат бар. Олардың көпшілігі 50-ді еңсерген ел ағалары. Алды 60-ты алқымдап отыр. Біз мереке қарсаңында ағаларға зор денсаулық тілеп, аман жүруін қалаймыз!
Байжан Емберді.