Ауылға туристер келгенде…
Бірде түнделетіп аудандық Мәдениет үйінің жанынан өте бергенде Абай бейнесі бар кітап ұстаған қос мейманға ұшырастым. Бажайлап қарасам, бейнелері еуропалықтарға ұқсайды екен. Жақын келіп амандасқан соң Италияның Сицилия қаласынан келген туристер екендігін білдім. Олар қолындағы кітапты көрсетіп, «Абай Құнанбайұлы осы жерде туды ма?» – деген сауал қойды. Оған жауап қайырған соң үйге жүрулерін өтініп, қазақы дәстүрмен қонақ еттім.
Пиетро мен Силвия есімді екі азамат достар екен. Бірі – суретші, екіншісі – сәулетші. Біз кездескен күні кешке Алматыдан келіп, Шу өзенінің жағасында шағын шатырларын тіккен екен. Аз-кем әңгімелесіп, танысқан соң меймандарыма тақия кигізіп, иығына орамал жаптық. Өзімнің байланыс дерегімді беріп, таңертең кездесуге уағдаластық. Үйге қонуға қанша үгіттесем де қарсы болды. Оларды саябаққа дейін шығарып салып, ертеңгі жоспарды құрдым.
Ертесіне телефоныма Пиетродан хабарлама келді. Жазғанын аудармашыға салсам, қонақ кофе ішкісі келетінін жазыпты. Мен тіке туристер тіккен шатырды іздеп, Шу өзеніне қарай бет алдым. Барсам жүктерін жинап, жол дорбаларын асынып жатыр екен. Тағы да хәл сұрасып, аллеямен музейге қарай бет алдық.
Меймандар шатырды қараңғыда тіккендіктен таңертеңгі көріністен қатты ұялдым. Жылқының қиын былай қойғанда қоқыс, одан қала берді Қали ағайдың ауданның беделі үшін жасаған мүсіндері сайда домалап жатқанын көріп қатты ұялдым. Ауданның тазалыққа келгенде мәдениеті төмендігіне қатты қынжылып, қонақтардан кешірім сұрадым.
Осылайша біз аяндап аудандық музейдің есігінен аттадық. Алдымыздан музейдің ғылыми қызметкері Ләйлә ханым қарсы алып, туристерді жәдігерлермен таныстырды. Жабылып жатып аударып, Ақтөбе қалашығы мен Жайсан жайлауындағы балбал тастарды түсіндірдік. Әбдімомын атамыздың кім екенін айтып, әйгілі «Ерке сылқымын» ютуб арқылы тыңдаттық. Пиетро досымыз күй атауын суретке түсіріп, өзінің домбыраға әуес екенін білдірді. Атамыздың саусақтары жүгірген фортепианоны басып көрді.
Музейден кейін саябақ ішімен жүріп отырып, халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан кофе құю құрылғысынан екі шыныаяқ кофе ұсындық. Оны өзімнің ағам Нұрлан тарту етті.
Алғашқы ұшырасу күні қонақтардың жылқы еті мен сүтіне қызығушылық танытқанын, қымызды дайындауды көріп, дәмін татқысы келгенін білгенбіз. Әрі қазақтың киіз үйін көп сұрады. Біздің ойға бірден бие сауып, саумал сатып жүрген Бақыт ағай оралды. Жолаушылардың ауыр жүктерін ескеріп, әріптес ағам Несіпхан Қоңырбаевқа қолқа салдым. Ағам емеурінді бірден түсініп, өз көлігімен меймандарды қымыз ішуге апарды. Бақыт ағаға алдын ала хабарласып едім сөзге келмеді.
Сөйтіп Пиетро мен Силвия үй иесімен бірге бие сауып, қымызды қалай әзірлейтінін көрді. Одан кейін армандаған киіз үйлеріне кіріп, Есен жеңгейдің құрты мен майынан дәм татты. Нан ауыз тиіп, тіл үйірер қарбызды да құшырлана жеді. Біз тағы да жабылып жатып киіз үйдің артықшылығы, саумалдың дауасын, ауылдың тарихын жеткізіп бақтық.
Туристер онлайн билет алып, түскі 2 шамасында Таразға қарай сапар шегетінін айтты. Аз ғана уақытымыз болғандықтан сол тұстағы Қали Қораласбаевтың қонысына қарай тарттық. Қақпа тұсынан қарсы алған ағамыз қонақтарды үйіне кіргізіп, өз галереясымен таныстырды. Тіпті, қолына домбыра алып әсем әуеннен шертті. Ауласындағы қолмен қашалған тастарды да көрсетті.
Несіпхан аға екеуміз сол кезде балаша қуанған Қалекеңде, мол олжаға кезіккен туристердің шаттығына куә болдық. Силвия Қали ағайдың үйіндегі жеңгейдің қолөнеріне ұзақ қарап, жіппен тоқылған суреттен көз алмады. Екі италиялық «Bella», «Bene», «Grazie» деп, бұл сапарларын жоғары бағалады.
Қонақтардың қас-қабағына қарасақ, қуанышты екен. Ағай екеуміздің арқамыздан жүк түскендей болды. Соңыра оларды таксиге отырғызып жібердік. Бізді құшақтарына қысқан туристер Сицилияға шақырды. Жақсы деп қалдық.
Елімізге, жерімізге тіл тимесін деп қос мейманға құрақ ұшқан біздегі ниет олардың жүрегіне жеткендей күй кештік.
Байжан Емберді.