Тіл – елдің айнасы
Елімізде жыл сайын 5 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтеді. Бұл күн қазақтың ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленген. Тіл – халықтың жаны, ұлттың рухани байлығы. Қазақ халқы үшін тілдің маңызы ерекше, себебі ол ата-бабамыздың аманаты, ұлттық дәстүріміздің, мәдениетіміздің басты тірегі. Мемлекеттік тіл – елдің тұтастығы мен бірлігінің негізі.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бүгінде елімізде жүз қырықтан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Олардың әрқайсысы өз ана тілін сақтай отырып, қазақ тіліне құрметпен қарауы ел бірлігін нығайтып, қоғамдағы татулық пен келісімді арттыруда. Бұл мерекенің басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, сондай-ақ еліміздегі түрлі этнос тілдерін құрметтеуге дәріптеу. Әр жылы мереке қарсаңында еліміздің барлық аймақтарында әдеби кештер, тіл байқаулары, кітап көрмелері, кездесулер ұйымдастырылып, халықтың тілге деген ықыласы арта түсуде.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғал-ған жұрттың өзі де жоғалады» деген еді. Сондықтан ана тілімізді ардақтау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Мемлекеттік тіл – біздің егемендігіміздің, елдігіміздің басты белгісі.
Айнұр Асқамбаева,
Д.Қонаев ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
***
Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін айта салған сөз емес. Ол біздің тіл биіктігімізді, ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік сөзі деп түсінгеніміз жөн. Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл – Тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз егемендік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр.
Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайларды жасауға көмектесуде. Мемлекеттік тіл шын мәнінде ұлттық саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн. Иә, айта берсең, қазақ тілі туралы проблема көп. Жаза берсең, таусылмайды… Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.
М.Шарипова,
«Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» Шу аудандық бөлімше меңгерушісі.