Ақпараттық портал

Мектептегі жылы жүздесу

Шу аудандық ардагерлер кеңесінің сұрауымен, Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің ұстаздар ұжымының қолдауымен мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен аудан ардагерлері арасында кездесу өтті. Шақырылған уақытқа сай келген ардагерлер тобын мектеп басшылығы үлкен ілтипатпен қарсы алды. Ардагерлер алдымен мектеп ауласында жүргізілген абаттандыру жұмыстарының сапасына, суреттей әдемі көрінісіне қызыға қарап, өзара мақтасып жатты, аула тазалығында мін жоқ. Ардагерлердің тағы бір тамсанған тұсы мектеп оқушыларының тәртіптілігі, біркелкі формаларының ерекше сән беріп тұрғандығы болды.
Кездесуді ұйымдастырудағы мақсат – республика деңгейінде көтерілген кезекті жоба «Заң және тәртіп» тақырыбын кеңінен талқылау, пікір алмасу еді.
Кездесуді аудандық аналар алқасының төрайымы А.Б.Иманова жүргізіп, кіріспе сөзбен ашып берді. Осыдан кейін ардагерлер кеңесінің іс басқарушысы Д.Бейсембаева сөз алып, ойын білдірді..
Жалпы Дәнен тәтей аталған мектепте 42 жыл ұстаздық еткен ардагер педагог. Сондықтан болар әңгіме барысында ардагер ұстаз жасөспірімдерді өзіне жақын тартып, тақырыпты кеңінен түсіндіріп, жарыса қойылған сұрақтарына да түсінікті жауап бере білді.
Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы ретінде мен де әкенің қоғамдағы, жанұядағы беделінің түсіп бара жатқандығын, негізінде әке тәрбиесінің әсіресе ұл балаларға аса қажет екендігі туралы айта келіп, бұл мәселе республикалық деңгейде көтеріліп, республикалық ардагерлер орталық ұйымының жанынан «Әкелер қоғамы» атты жаңа ұжым құрылғанын, осы ұжымның өз жарғысы, жұмыс жоспары белгіленгенін хабарладым. Соған орай ауданның 18 ауылдық округінде және Шу қаласында осындай ұйымдар барын, олар өздері тұратын елді мекендердегі аналар алқасы, билер алқасы, ардагерлер кеңесі, ауылдық округ әкімшілігі мен учаскелік полициямен бірлесіп жұмыс жасап жатқандығын айтып өттім.
Айжан Болатқызы да осы мектепте қызмет істегенін айта келіп, «Заң және тәртіп» аясында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерді бірінші орынға қою керектігін, біздің бабалар заңы барлық заңдардың ең жоғарысы және түп қазығы екенін тілге тиек етті.
Әкелер кеңесі төрағасының орынбасары әрі осы С.Шәкіров атындағы орта мектепке бекітілген өкіл Көшкінбай Арғынбеков жасөспірімдерге қазақ халқының белгілі тұлғалары туралы мол мағлұмат беріп, олардың ерлігін, мәрттігін, әділеттігін, ұлтжандылығын үлгі ете әңгімеледі. Соңынан республикалық ән байқауының бас жүлдегері Көшкінбай Арғынбеков домбырада сүйемелдей отырып «Ана», «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін қатысушылармен қосылып орындады.
Кездесу барысында «Заң және тәртіп» туралы сұраққа екі оқушы әсерлі жауап берді, олардың елге деген сүйіспеншілігі жоғары екендігі де байқалды.
Жиын соңында мектеп директорының орынбасарлары Гүлмира Сыдықова мен Марианна Құдайбергенова ардагерлерге алғыстарын айтып, қыркүйек айы ішінде оқушыларды ата-аналарымен бірге шақырып, әкелер кеңесімен және аналар алқасымен кездесу өткізетіндігін хабарлады. Іс-шара ойдағыдай өтіп, барлығы ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

М.Балықбаев,
аудандық әкелер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.