Ақпараттық портал

Үздік аула иелері анықталды

Тазалық – мәдениетті, өзін өркениетті санайтын әрбір жұмыр басты пенденің бойынан табылуы тиіс қасиет. Әдетте, бұл үрдіс құрғақ ақыл, жалаң ұраннан бұрын озық өнегемен жас ұрпақтың жадына тоқылады. Үлкендердің оңды-солды қоқыс тастауы, аулада жатқан темекі тұқылдары мен бос бөтелкелер балаларға теріс тәрбие беретіні анық.

Талап пен тәртіп бар жерде тазалық орнайтынын Шу қаласы, С.Сейфуллин көшесінің №4Е үйінің тұрғындары дәлелдеп отыр. Олай дейтініміз, олар Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі жариялаған «Ең үздік аула-2025» байқауының жеңімпазы атанды. Өзара тату-тәтті тұратын көршілердің ауласы абаттандырылған һәм көгалдандырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қақпа қойылып, бейнекамералар орнатылған. Сондай-ақ осы үйдің тұрғындары өздері орнатқан темір шатырдың астында әңгіме-дүкен құрады.
Бөлім басшысы Жандос Аймамбеттің айтуынша, аталмыш үйдің тұрғындары байқаудың жеңімпазы болуға әбден лайық. Себебі олар асқан ауызбіршілікпен тазалықты қамтамасыз етіп, есік алдына сәндік ағаштар мен газон және сәкіні өз қаржыларына орнатқан. Әрбір подъезде тұрғындарға ой саларлық үндеулер мен нақыл сөздер жазылған көрнекілік құралы ілінген.
– Осыдан бір ай бұрын «Ең үздік аула-2025» байқауы жарияланған болатын. Оған қаладан көппәтерлі 4 тұрғын үй қатысып, нәтижесінде С.Сейфуллин көшесінің №4Е үйінің ауласы үздік деп танылды. Мұндағы мақсат – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыруға атсалысу, тұрғындарды тазалық шарасына ынталандыру болатын, – дейді Жандос Ерболұлы.
Ұйымдастырушылар тарапынан жүлде алған тұрғындар мерейлері тасып, ынтымағы жарасқан қонсыластарына алғыстарын жаудырды.
Шу қаласы әкімдігі ұсынған мәліметке үңілсек, теміржолшылар шаһарында 119 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 43 үй мемлекеттік бағдарлама арқылы жөнделген. Әрине, тұрғындар сол үйлердің сәні келісуін қалайды. Бірақ, ауланы абаттандырып, тазалықты қамтамасыз ету арқылы қала билігіне қарайласқан да жөн. Сайып келгенде табалдырықтан басталған тазалық адамзатты тектілікке тәрбиелейтінін естен шығармайық.
Байжан ЕМБЕРДІ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.