Ақпараттық портал

Еңбегі жанған аспазшы. Жерлесіміз облыстық форумда алғысқа бөленді

Қазақ халқында ежелден еңбекті ерекше құрмет тұтқан. «Еңбегімен ер сыйлы» деген халық даналығы еңбектің мәнін терең түсіндіріп берген. Бүгінде бұл ұстаным өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл күні бәсекеге қабілетті елімізде еңбек мәдениеті дәріптеліп, еңбек адамына жағдай жасалып және оны қоғамның басты кейіпкеріне айналдыруда. Ал жұмыстың ауырлығына қарамай әр салада бой көрсетіп жүрген нәзік жаратылыс иесі – әйел қауымының ел дамуы жолында атқарып жатқан еңбектері орасан. Сондықтан алып тірліктер атқарып жүрген іскер әйелдердің еңбегін бағалау мақсатында жуырда облыс орталығында облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Жамбыл облыстық комиссиясының қолдауымен «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің «Талбесік» этноорталығында «Еңбегі жанған арулар» облыстық әйелдер форумы өтті.
Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының отыз жылдығына және жұмысшы мамандықтар жылына орай өткізілген форумда түрлі өндірістік салаларда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесі насихатталды. Форум аясында аймақтың түкпір-түкпірінде маңдай терімен абыройға жеткен, кәсібін адал атқарып жүрген нәзік жандылардың еңбегі ерекше аталып өтті. Олар қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың, отбасы құндылықтарының кәсіпкерлік пен өндіріс салалаларындағы ізденіс пен табандылықтың айқын үлгісі ретінде арнайы шақырылып, марапаттарға ие болды. Солардың қатарында біздің ауданның атын шығарғандар да болды. Біздің бұл тақырыптағы мақаламызға форум қатысушысы, жерлесіміз Закирова Гүлнәр Үсірбайқызы арқау болып отыр. Өмір жолын аспаздыққа арнаған Гүлнәр Закирова бүгінде аудандағы үздік аспазшының бірі.
Гүлнәр апай Балуан Шолақ ауылының тумасы. 1965 жылы қарапайым отбасында өмірге келген кейіпкеріміз анасының қасында ас үй көмекшісі бола жүріп, дәмді тағам әзірлеуге бала кезден әуестене бастаған. Есейген шағында осы салаға толықтай бет бұрып, сегіз жылдай қазіргі сауда орнындағы шағын асхананың бірінде базарлатып келушілерге арнап ас дайындап ұсынған екен. Кейін «Жібек жолы» мейрамханасынан ұсыныс алып, жиырма жылдан аса уақыттан бері осында аспазшылық жұмысын атқарып келеді.
Жалпы аспаздық қызметтегілер өзге жұмыскерлерден ең ерте жұмысқа кірісетін жандар. Таң қараңғысынан тұру Гүлнәр апайдың өмірлік дағдысына айналған. Бас аяғы отыз жылдай уақытын тағам әзірлеуге арнаған оны таң қараңғысынан тұруды үйреткен де осы кәсіп.
Аспазшылар кәсібі бір қарағанда оңай, маңызы жоқ көрінгенімен аспаз болудың өзі үлкен өнер. Өзінің шын қалауымен сүйіп ас дайындамаса пісірген тағамы адам көңілінен шықпауы мүмкін. Дәл осы жайында үлкен апаларымыз айтатындай, тағамды үлкен махаббатпен, сүйіспеншілікпен дайындамаса ойыңдағы дәм шықпайды, ол өзгеге де ұнамайды. Сол сияқты ас дайындаудың қыр-сырына қанық болып дайындаса ол маман иесі үлкен сұранысқа ие болатыны белгілі. Гүлнәр Үсірбайқызы да сондай сұраныстағы аспаз. Оны тіпті аспаз мамандығын оқып жатқан студенттердің дайындаған асына эксперт ретінде де жиі шақырады екен. Өмірін бір салаға арнаған еңбегі бағаланып, форумда көпжылдық еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталуы да бекер емес.
– Іскер әйелдердің мүмкіншілігін арттырып, көзқарасын айқындаған форум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауыл әйелдерінің кәсіп ашуға деген ынтасы зор екенін байқадым. Олар өз кәсіптерін таныстырып, тәжірибелерімен де бөлісті. Менде осыған дейін зейнетке шығар жасым жақын қалды, енді үй тірлігімен айналысармын деген ой болған болатын. Бірақ форумда жетпістен асқан ақ жаулықты әжеміздің жаңа бастаған кәсібін көріп ойым мүлде өзгерді. Енді жұмысты тоқтату туралы ойға да алмайтын болдым, керісінше жігер үстіне жігер қосу ғана жадымда сайрап тұр, – дейді еңбек адамы.
Адам бойындағы белгілі бір іске деген қабілет атадан балаға даритындай, Гүлнәр апайдың қолының дәмі кіші ұлына беріліп, ол да аспаз мамандығы бойынша білім алып, облыста өткен аспазшылар байқауында үздіктер қатарынан көріне білген.
Жалпы ас дайындау ісінде ең алдымен талғам керек, дәм мен иісті сезіп, халықты тойдырып қана қоймай, көңілінен де шыға білген жөн. Бұрын тамақ дайындаумен ошақ иелері ғана айналысса қазір оның сырын игеру үшін бірнеше жыл білім алып, тәжірибе жинақтау маңызды, себебі аспаз еңбегі дайындаған тағамының ерекшелігімен өлшенетіні ақиқат. Ал біз өз кезегімізде өз ісінің шебері, нағыз аспаз Гүлнәр Үсірбайқызын еңбегі еленген марапатымен және орайлы сәтте алда келе жатқан 20 қазан – Халықаралық аспазшылар күнімен құттықтағымыз келеді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.