Ұлттық киімдерді ұлықтап жүрген кәсіпкер
Халықтың тұрмысын түзеуді, табысын арттыруды басты мақсат етіп қойған мемлекетімізде түрлі әлеуметтік бағдарламар мен жобалар қолға алынып, жүзеге асуда. Кез келген елдің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Аталған сала дамыса, елдің өрісі кеңейіп, өркен жайып, дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау біздің елдің де басымдық берген салаларының бірі.
Бұл бағытта Үкіметтің қолдауының арқасында айтарлықтай нәтиже бар. Түйсігі бар жанға мемлекеттің қолдауы жетерлік, тек көзін тапса болғаны. Иә, екі қолға күрек ұстаймын деген жандарға елімізде мүмкіндік мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке кәсіппен емін-еркін айналысуға жол ашып, ешқандай кедергі мен шектеу болмайтынын айтты.
Біздің ауданда да кәсібін дөңгелетіп, қарапайым халықты жұмыспен қамтып, аудан экономикасына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер баршылық. Солардың бірі, қанша заман жаңарса да тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі саналатын қазақ ұлттық киімін тігіп, елдің алғысына бөленіп жүрген Байманасова Маржан Есенгелдіқызын шулықтар жақсы таниды.
Маржан Есенгелдіқызы өз кәсібін 2008 жылы бастап, содан бері үзіліссіз жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін оның тігін шеберханасында ұлттық нақыштағы киімнің қаншамасы тігіліп, елдің игілігіне жарап жатыр. Соның ішінде аудандық мәдениет үйі, аудандағы білім беру ұйымдары түрлі іс-шараларға киімдерді тігуге тапсырыс беріп, дайын киімдер елдің көңілінен шығып келеді. Бүгінгі күні жеке кәсіпкер 8 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан субсидияланған «Күміс жас» жобасы бойынша бір қызметкер жұмыс жасауда.
Өз ісіне ыждаһаттылықпен қарайтын Маржан Есенгелдіқызының осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ол 2016 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсына қатысып, «Халық маркасы» деген үлкен компаниядан ұсыныстар алған. Бұған қоса 2017 жылы елорда төрінде өткен «ЭКСПО» көрмесіне ұлттық нақыштағы киімдерін шығарған. Одан бөлек, аудандық деңгейде өткен Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай, Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай, басқа да ауқымды іс-шараларға тапсырыстар алып, ұлттық нақышта тігілген киімдер елдің көңілінен шыққан.
Бейнетке төселген халқымыздың ұранына айналып үлгерген “Еңбек бәрін жеңбек” нақылы бұл күнде де құнын жоғалтқан емес. Тынбай еңбек еткен жанның еңсесі биік, тұрмысы берекелі болады. Қазақта «Қолы қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз бар. Расында, еңбектенгеннің еңкейіп жерге қарап қалғаны жоқ. Міне, осындай үлкен еңбек пен табандылықтың арқасында Байманасова Маржан облыстың, ауданның бірнеше марапаттарын алып, алғыс арқалап келеді. Алдағы уақытта да жеке кәсіпкердің жасаған дүниелері тек Қазақстанда ғана емес, қыр асып, шетелге де таныла берсін!
Оралхан Умаров,
Шу ауданы «Мансап орталығының» жұмыс берушілерді қолдау
секторының басшысы.